Ауғанстандағы жағдайдың Орталық Азияға әсері, босқын мәселесі – сарапшылармен сұхбат

Ауғанстандағы азаматтық соғыс ресми билік басына тәліптердің келуімен аяқталды. Елдің экс-президенті Ашраф Ғаниден бастап, үкімет басшылары, қарапайым халық тәліптерден бас сауғалап, жан-жаққа қашып жатыр. Аталған жағдай Орта Азия елдері үшін алаңдауға негіз. Кешелі бері ресми билік қанша жоққа шығарса да, қазақстандықтар «босқындарды біздің елге әкеп орналастыруы мүмкін екен» деген ақпараттан үрейленіп жүр.

Қазақстан ауған босқындарын орналастыруы мүмкін бе, тәлібтердің билікке келуі кімдер үшін тиімді, АҚШ әскері неге елден жылдам кетіп жатыр, Қазақстандағы діни ұйымдарға бұл жеңістің әсері қандай болады деген мәселелерді Azattyq Rýhy тілшісі бірқатар сарапшыдан сұрап көрді.

 

ҚАЗАҚСТАН АУҒАНСТАНҒА КӨМЕКТЕСУІ МҮМКІН БЕ?

Жанбота Қарашолақов, Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының сарапшысы:

«Қазақстан моральдық тұрғыда ауған халқының алдында өз борышын жылдар бойы өтеп келеді. Мысалы, студенттерді оқытты, гуманитарлық көмек ретінде құрылыс материалдарын жіберді. Босқындардың проблемасын батыс мемлекеттері туғызды. Енді олардың міндеті сол босқындарды өз елдерінде жайғастыру. Ауған үкіметі немесе жаңа билік ешқандай уәж айтқан жоқ. Қазақстан билігі ол мәселе бойынша нақты шешім қабылдамады, себебі, халық толығымен қарсы болатыны айдан анық. Біз халықаралық келісімдерге қол қойғанымызбен, өзіміздің ішкі саяси, әлеуметтік, мәдени мәселелерімізді де ескеруіміз керек. Сырттай көмек көрсетуіміз мүмкін, бірақ тобыр босқындарды қабылдау өте қауіпті.

Енді қазір ол жақта діни-ұлттық қозғалыс билік етуде. Республика енді жоқ, тек Ауғанстан Ислам Әмірлігі және шариғат заңдары орнайды. Америкалықтар оған жол бермеуге тырысқанымен, қолдарынан келмеді. Әлемдік қауымдастық ең алдымен «Ауғанстан Ислам Әмірлігі экстремистік және террористік ұйымдарды қолдай ма және ол қозғалыс Орталық Азияда кеңінен дами ма?» деген екі нәрседен қорқады. Аталған сұраққа әзірге ешкім жауап бере алмайды. Сарапшылар қазір ойланып, болашаққа болжам жасайды. Ешкімге тура қасында әскери қақтығыс жүріп, саяси режимнің осыншалықты жылдамдықпен өзгеруі ұнамайтыны тағы бар. Мәселен, еуропалықтар Еуропа территориясындағы украиналық қақтығысты ауыр қабылайды. Қоғамда кейбіреулер «елден кету керек, құрыдық» деп байбалам салып жатыр. Ешқайда қашудың қажеті жоқ. Алдағы 3-5 жыл тәліптердің бізге қарайтын уақыты болмайды.

ТӘЛІПТЕРДІҢ ҚАУПІ

– Біріншіден, олар ел басқаруды, өздерінің ұлттық-теократиялық мемлекетін өз түсініктеріне сәйкес құруды үйренеді. Басты мақсат – жаңа ауған үкіметін әлемдік қауымдастықтың мойындауы. Егер олардың билігі кезінде елде әлеуметтік жағдай өзгермесе, қозғалыстың өз ішінде, оңшылдар мен солшылдардың қақтығысы болуы мүмкін. Өйткені, олар басқыншылар мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұрандарымен Ауғанстан кедейлерінің назарын өздеріне аудартып алды.

Екіншіден, Орталық Азия мемлекеттерінің тұрақты күштеріне шабуыл көптеген ресурстарды қажет етеді. Және олар мұны тікелей жасамайды, тек қана сезінеді. Өзбекстан ислам қозғалысы арқылы тексеріп көреді. Бірақ біздің елдегі деструктивті діни ағымдарға идеологиялық жағынан әсер ету факторы бар, ол да зерттелініп, қажетті шараларды қабылдауды қажет етеді. Кешегі елдің батысында қауіпсіздік күштерінің біздің имамдарды өлтіруді жоспарлаған адамдарды ұстауы соның айқын дәлелі.

ТӘЛІПТЕРДІҢ ЖЕҢІСІ КІМДЕРГЕ ТИІМДІ?

Асхат Қасенғали, саясаттанушы:

– «Талибанның» жеңісі бір қырынан Қытайға өте тиімді. Неге десеңіз, картаны ашып қарасақ, Ауғанстан мен Иран шекаралас. Бұған дейін НАТО әскері тұрғандықтан, Бейжің Ауғанстан арқылы Тегеранмен қатынас жасауға сескенетін. Ендігі таңда Қытай елдегі бір ғана күшпен, яғни, тәліптермен келіссөз жүргізіп-ақ, Ауғанстан арқылы Иранға бару мүмкіндігіне ие. Иранға соңғы үш жылда 25 млрд доллар инвестиция құйған Бейжің үшін – бұл қажет маршрут. Ауғанстандағы қауіпсіздікті тәліптер толық қамтамасыз етеді, есесіне Қытай оларға да тиын-тебенін береді.

Екіншіден, Қытайдың бас ауруына айналған Ауғанстандағы ұйғыр қарулы топтарының мәселесін шешіп алмақ. Оны реттеуді тәліптер өз мойынына алып отыр.

Үшіншіден,Қытайдың тура бүйірінде АҚШ-тың да, НАТО-ның да құжынаған әскері болмайтын болды. Барлығы дерлік Ауғанстаннан шығып кетті.

Төртіншіден, Ауғанстанда билікке келген тәліптер арқылы Орталық Азияға деген ықпалын да арттыруға мүмкіндік алады. Ауғанстанның түркімен-өзбек-тәжікпен шекараласатынын ескерсек, бұл Бейжің үшін мүмкіндік.

Қытай тәліптермен Пәкістан арқылы қатынас орнатуы мүмкін. Себебі тәліптерді жасап шыққан – Исламабад. Пәкістан үшін Қытай басты одақтас екенін ескерсек, логикаға келіп тұр. Егер бұл қорқынышты болжам іске асса, онда Таяу Шығыс пен Орталық Азияның бүйірінде Қытай мықты коалиция құра алды деген сөз. Иранмен энергетика арқылы, Пәкістанмен әскери негізде (екеуінің ортақ жауы Үндістан), Ауғанстанмен логистика бойынша әрекет етеді. Бұл бір болжам ғана. Бірақ Қытайдың сыртқы істер министрінің тәліптерді Бейжіңде құрметті қонақ етуі жай емес.

Ауғанстандағы жағдайды пайдаланып, Ресей де Орталық Азиядағы ықпалын арттыра түсетін болады. Тәжікстанда әскери потенциалын қазірдің өзінде арттырды. Өзбекстанға ОДКБ-ға кір деп отыр. Кремль осы аймақта саяси-әскери ықпалын арттырмақ. «Біз болмасақ, тәліптер Ауғанстанды қалай жылдам алса, сендерді де солай жылдам басып алады» деген ақпараттық шабуыл басталып та кетті.

ҚАЗАҚСТАН «ТАЛИБАНДАРДЫ» ЭКСТРЕМИСТІК ҰЙЫМ ТІЗІМІНЕН ШЫҒАРА МА?

– 2005 жылы «Талибан» Жоғарғы Соттың шешімі бойынша бізде лаңкестік ұйым деп табылып, тыйым салынған. Билік тәліптердің жеңіске жеткеніне қарамастан, оларды бұл тізімнен алады деп ойламаймын. Бұл елдегі радикалдық көзқарастың артуына әкеп соғатын қадам болар еді. Алайда Ауғанстандағы билік солардың қолында болғандықтан, сөзсіз қандай да бір келіссөздерді жабық форматта болса да өткізуге тура келеді. Талибанды тізімнен алып тастау Қытай, Ресей, АҚШ сынды елдердің шешімінен кейін ұсақ елдерде жүзеге асуы мүмкін.

Тәліптердің жеңіске жетуі жалпы әлемдегі радикалдық топтардың серпін алуына сеп болады. «Олардың қолынан келді, біздің де қолымыздан келеді» дегендей ойдың туындайтыны анық. Ауғанстанның бізге тиіп тұрғанын ескерсек, онда бұл тіпті қауіпті. «Талибанның» біздің аймаққа тікелей шабуыл жасауы екіталай, алайда идеологиялық көзқарасын ары жылжыту қадамдары болары сөзсіз. Сондықтан қазір ҰҚК қырағы, әсіресе әлеуметтік желіні сүзіп шығып, қауіпті элементтерді анықтау, мониторингті күшейтуді іске асырып жатыр деп ойлаймын. Лаңкестік ең алдымен миды жаулайтынын ескерсек, идеологиялық бағытта жұмысты күшейту керек. Әрине, арнайы жасақтардың саны мен сапасын арттыру да маңызды.

Жазып алған: Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан