Ел боламын десең, заңнамаңды түзе

Еліміз  егемендігін  егеленіп, тәуелсіздігін тұғырлаған шақта зайырлылық жолын таңдаған жас мемлекетке шартараптан түрлі діни ұйымдар мен ағымдардың ағылғаны жасырын емес. Сөздері сыпайы, жүздері жайдары, жазбалары жылулыққа толы болғанымен, ішкі ұстанымдары белгісіз түрлі дінтаратушыларды да кездестірген кездер болды. Діни ортаны қалыптастырудағы тәжірибеміздің терең еместігін пайдаланып кеткен жат пиғылды ( әрекеттеріне қарап дін өкілдері деп атауға ауыз бармайды) дінсіздердің әрекеттері де көзге көрінбей қоймады. Мемлекеттіміздің кейбір аймақтарында әлеуметті алаңдататын, жұртымызға жат жайттардың орын алуы дін саласында нақты қадамдар қажеттілігін айқындап берді.

Діни ортада қалыптасқан мәселелерді «күшпен емес, іспен шешу» қағидатын ұстанған еліміз дін саласындағы уәкілетті органды және оның өңірлердегі бөлімдерін құрумен бастап, заңнаманы жетілдіру жұмыстарына кірісті. Бастапқыда кеткен кемшіліктер, орын алған олқылықтар жан-жақты талқыланып, себеп пен салдары сараланды. Күтілетін нәтиже нақты, өзгерістер орынды болуы он күннің жұмысы емес. Ол үшін жоспарлы, кезең-кезеңімен атқарылатын ауқымды жұмыстар жүргізулі қажет.

Бұл ретте ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі тарапынан «Қазақстанның дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» әзірленіп, оның Елбасы жарлығымен бекітілуі  жоғарыда баяндалған іс-әрекеттердің нақты нәтижесі деп айта аламыз. Тұжырымдаманың қабылдануымен еліміздегі діни саланы реттеуге бағытталған заңнамалық-басқарушылық және әлеуметтік-экономикалық  шараларды, сондай-ақ ғылыми-теориялық негізді айқындауға мүмкіндік береді. Мемлекетіміздегі  зайырлылық қағидатын нығайтуды мақсат ететін Тұжырымдама діни сенім бостандығын, дінді ұстану немесе ұстанбау құқығын қамтамасыз етеді.

         Қазіргі таңда, жоғарыда тоқталған Тұжырымдамадан туындайтын негізі міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Қазақстан Республикасының  кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестік мәселесі бойынша өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» заң жобасының әзірленіп, қоғам назарына ұсынылуы уақыт талабы.

         Әлемде түрлі трендтер толқынысы толастамай, биік руханияттар кені игерілмей, дәстүрлі мәдениеттерден жаңашыл бағыттағы мәдениеттер мен субмәдениеттердің озық болуға деген ниеті аспандап тұрған тайғанақ кезеңде заңнамаларға қайта қарап, сараптап, жетілдіріп және толықтырып алу, оңды өзгерістерді енгізуге ұмтылу көрегендік қадам екені сөзсіз.

         Еліміз үшін ағымдағы кезеңде «Ел боламын десең, бесігіңді түзе..» деген қанатты сөзді «Ел боламын десең, заңнамаңды түзе» деген мағыналы мазмұнда өзгертсек артық айтпаған болар едік.

         Жаңа заң жобасында көзделіп отырған өзгерістердің ішінде шет елдерде рухани (діни) білім алуына қатысты кеңінен тоқталып өтсем деймін. Бұл жерде тек рухани (діни) жоғары білімді Қазақстан Республикасында алған азаматтарға ғана шет елдерде білім алуға рұқсат беріледі деп көрсетілген. Яғни,  рухани (діни) білімнің негізін елімізде жоғары оқу орнында  алып,  мемлекеттік құндылықтарымыз бен ұлттық болмысымызға сәйкес рухани иммунитеті қалыптасқан азаматтарымыз шет елдерде білімдерін жетілдіргенде, теріс ағымдардың түсініктеріне толыққанды тойтарыс бере алатынын айқын.

         Сонымен бірге, «некені қию немесе тоқтату  бойынша діни жоралар мен рәсімдерді ғибадат ғимараттарынан тыс жерлерде өткізуге жол берілмейді.» деген ұсыныстың заң жобасында орын алуы діннің атын жамылып бейберекет некеге тұрудың алдын алуға, ерлі-зайыптылық жауапкершілікті арттыруға өз ықпалын тигізеді деп пайымдаймын.  Немесе неке нығметіне бөленудің орнына, нәпсінің құрығынан шыға алмай, адами қасиеттерге жат жағдаяттардың орын алуына тоқтау салу қиын болады.

         Менің бүгінгі тоқталып отырғаным заң жобасында қарастырылған қадамдардың бір бөлігі ғана. Заң жобасында бұдан басқа да азаматтық қоғамдағы діни қатынастарды реттейтін өзгерістер бар. Оңды өзгерістер алдағы уақытта өз орнын табады деген сенімім мол.

         Қазір заң жобасы қоғамда қызу талқылануда. Бұқаралық ақпарат құралдарының да бұл тақырыпты қамтуда ерекше қызығушылығын байқап жүрміз. Осы орайда, ендігі біздің мақсат өзімізді саналы қоғам ретінде айшықтап, орынды ұсыныстарымыз бен парасатты пікірлеріміздің ортаға салып, сапалы заң жобасын қалыптастыру болып табылады.

         Заң жобасының тиімді де әрекетті болып шығуына тек Дін істері мен азаматтық қоғам министрлігі ғана мүдделі емес, бүкіл қоғам мүдделі екенін ұғына білгеніміз абзал.

Осындай маңызды құжатты талқылаудан шет қалмай, ертеңі жарқын еліміз үшін үйлесімді үлес қосуға шақырамын.

      

 

                                                                                         Жапал Долы

Астана қалалық

АТТ мүшесі, әлеуметтанушы