Халықаралық терроризмнің Қазақстанға қауіп төндіру жолдары  

Тулебаева Меруерт Кенжебайқызы

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, «Саясаттану»  кафедарсының доценті, саяси ғылымдар кандидаты

 

Халықаралық терроризмнің Қазақстанға қауіп төндіру жолдары

Әлемдік қауымдастықтың белді мүшесіне айналған Қазақстан әлемдік қайшылықтарды қауіптерді планетарлық мәселелерді әлем халықтарымен бөліседі. Көптеген елдерге қауіп төндіріп отырған терроризм құбылысы да Қазақстанға қауіп әкеледі. Қазақстанда сектантизм құбылысының күшейе түсуінің түрлі себептері бар. Біріншіден, елдегі басым көпшілік ұстанатын мұсылман діні де, христиандық проваславие діні де өзіне халықты қарату мақсатында аса белсенді үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, елдің арасына шығып түрлі шаралар өткізбейді. Бұл жағынан дәстүрлі діндер белсенді емес. Осының себебі туралы Астана және Алматы епархиясының протоиерейі Александр Иевлев былай дейді: «Тоталитарлық секталар мен дәстүрлі діндер арасындағы айырмашылық осыған байланысты. Сектанттарға қарағанда біз жеке тұлғаны өзімізге алуға мүдделі емеспіз. Адамға сырттай әсер ету керек емес. Адам рухани құндылыққа өз санасымен келуі қажет. Түбінде адам құдайды табады. Ал сектанттарға құдай емес адам керек. Әрбір жаңа мүше оларға қосымша күш, қаржылық пайда немесе басқа да құрал. Айырмашылық принципте. Бұл ретте дәстүрлі діндер сектанттармен бәсекелесе де алмайды және бәсекелесуге тиісті де емес».

Екіншіден, қазақстандық дін басшылары сектанттық ұйымдардың түпкілікті мақсаты кең байтақ қазақ жерін әлемдік басым державалардың билігіне көшіру немесе трансұлттық корпорациялардың меншігіне айналдыру екендігін жоққа шығармайды. Дін тек бет перде ғана. Сектантизм мен терроризмнің арасы тым жақын екендігін әлемдік саяси тәжірибе үнемі дәлелдеп келеді. Діни сарапшылар Қазақстанда жұмыс жасап жатқан діни секталардың мормондардың, иеговистердің және елуіншілердің артында ірі қаржылық -олигархиялық топтар тұрғандарын айтады. Ал сайентологтар тіптен зор қаржылық империя. Мақсаттары қазақстандық азаматтарды өздеріне тарта отыра оларды дәстүрлі діннен және қазақстандық патриотизмнен  безіндіру. Діні мен Отанынан безінген, санасы уланған адам қарсы қандай да болмасын әрекеттерден тайынбайтыны белгілі.

Үшіншіден, сектанттыққа қарсы мемлекеттік заң мен күресудің кешенді бағдарламасы қажет-ақ. Теледидардың коммерциялық каналдары ақша табу мақсатында эфирді тиым салынған сектанттық топтарға, тіптен дәстүрлі діндерді мойындамайтын топтардың қайсысына болмасын беруін тоқтату қажет. Мұсылман дінін, православие дінін насхаттауға көмек жасау жолдарын белгілеу маңызды. Балабақшаларда, мектептерде, колледждерде дәстүрлі діндер бойынша сабақтар берудің де мезгілі жетті. Оларды кестеден тыс консультативтік сабақтар ретінде ұйымдастырудың мүмкіндіктері бар. Осындай дәріс сабақтарында сектантизмнің қаупі туралы, олардан терроризм қаупі туатындықтары жайында жастарға түсіндіруге болады. Кришнаиттар, ваххабистер, хизбутшылар, мормондар, иеговистер, сайентологтар Қазақстан халқы үшін ешқандай жақсылық жасаған жоқ. Олар зор қаржылық қоры бола тұра елде бірде-бір әлеуметтік мекеме аурухана, балабақша, монша, дүкен т.б. салмаған. Тек діни кітаптар мен уағыз айтатын ғимараттарды ғана көркейтеді. Осы ісінен ғана олардың түпкілікті мақсаты Қазақстан халқын гүлдендіру емес бағындырып, тобырға айналдыру екені көрініп тұр.

Төртіншіден, сектантизм діни экстремизммен туыстас. Қазақстан сияқты атеизм кең жайлаған халықты  дәстүрлі діндерден алшақтатып секталарға енгізу оңай. Поликонфессиялық және полиэтникалық Қазақстан халқы ұлттық идеялар мен қазақстандық патриотизм идеологиясы төңірегінде де әлі толық топтасып болған жоқ. Сондықтан діни экстремистік топтар Қазақстан  халқын оңай бөлшектенетін тобыр ретінде қарастырады. Әлемдік терроризм мен діни экстремизмнің тірегіне айналдыруды мақсат тұтады.

Бесіншіден, Қазақстандағы дәстүрлі діндердің сектантизм мен діни экстремизмге қарсы шараларын ұйымдастыратын арнаулы бейресми ұйым қажет. Оның ролін Қазақстан халықтары Ассамблеясы ойдағыдай атқарар еді. Ассамблея тек мәдени, ұлттық - этникалық шаралармен шектелмей дәстүрлі діндердің елдегі позициясын нығайту шараларымен де айналысқаны абзал. Ассамблея шеңберін де діни экстремизммен, сепаратизммен, терроризммен күрес шараларының мемлекеттік шараларға қосымша бейресми шараларын жасаудың мүмкіндіктері бар. Ол үшін Ассамблея басшылығының және дін басшыларының бірлескен әрекеттерге деген ниеті ғана керек.

Қытайдан тікелей діни қауіп болмағанымен миграциялық және демографиялық қауіп күшейе түсуде. Әсіресе ШҰАО тұрғындарының арасынан келген мигранттардың кейбірінің террористік топтармен байланыстары бар деген қауіп күшті. Шыңжаң - ұйғыр автономиялық окургінен шыққан «Шығыс Түркістанды азат ету халықаралық комитеті» және «Ұйғырстан азат ету ұйымы» мүшелерінің террористік әрекеттерге  дайындау шаралары Қазақстан жерінде де байқалуына Президент Н.Ә. Назарбаев алаңдаушылық білдіреді.

АҚШ-тың діни миссионерлері, Ресей мен Қытайдың өсе түскен мигранттары және Өзбекстан мен Қырғызстаннан Қазақстанға қаптап жұмыс іздеуге келгендер елдегі терроризм қаупін күшейтетін негізгі фактор деп есептейміз.

Қазақстанның негізгі төрт аймағының өзінше қауіптілік деңгейі бар. Шығыс өңіріне Қытай мен Ресей қаупі бірдей. Бұл екі ел тікелей әскери агрессия жасамаса да экономикалық блокада, сауда блокадасын жасауы, терроризмді қоздыруы мүмкін, Солтүстік өңір де, тек Ресей қаупі ғана бар. Егер Ресей қазіргі достық саясаттан тікелей империялық, отаршылдық пиғылдағы саясатқа көшсе Солтүстік Қазақстан өңіріндегі славян халықтарының сепаратистік көңіл күйі террористік әрекеттерге ұласуы қаупі жоқ емес. Батыс өңір мұнай мен газдың бай қоры арқылы ерекшеленеді. Бұл өңірде шетелдік компаниялар мен фирмалардың үлес салмағы басым. Қазақстанға қарсы саяси күштер осындай шетелдік кәсіпорындарда диверсиялар ұйымдастыруы, немесе әлеуметтік қақтығыстарды қоздыруы мүмкін. Ондай әрекеттер Қазақстан мен Батыс елдерінің ара қатынастарын нашарлататыны сөзсіз. Қазақстандағы ішкі қауіптер иерархиясында ең қауіптісі Оңтүстік аймақ. Оңтүстікте бірнеше диаспоралар жинақы отыр. Олар өзбектер, дүнгендар, күрдтер, ұйғырлар, түріктер. Кейінгі кезеңде аталған диаспоралар өкілдері елдің билік құрылымдарына бару ниетін, өздерінің мүдделерін жергілікті қазақ халқымен нақты шараларда теңестіру мақсаттарын ашық айта бастады. Қазақстандағы ислам дінін ұстанатын диаспоралар өкілдерін исламдық террористік топтар пайдалана алады. Сонымен бірге ел Оңтүстігіне көршілес Қырғызстандағы саяси күрес ұзақ уақыт перманентті түрде қайталануда. Өзбекстандағы террористік топтар билік өкілдеріне қарсы әрекеттерінен бас тартып отырған жоқ. Ахуал жылдам өзгереді. Бүгінгі саяси тыныштық пен этникалық татулықты  келешекте сақтау маңызды.