Ислам дініндегі ғалым мен ғылымның орны

Шынында да, ең жақсы сөздер мен құралдар Алланың кітабы Құран Кәрімде жазылған, ал ең жақсы өсиеттер мен нұсқаулықтар пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде айтылған. Осы қасиетті құндылықтар мен мәртебелер ғалымдардың ілімімен зерттеліп, ғылыми зерттеулердің нәтижесінде қара халыққа ұсынылған. Осыдан ғалымдар жергілікті қоғамды тәрбиелеу мақсатында нұсқаулықтар, яғни мақал-мәтелдер және «Қазақ даналығы» сынды сөздер қалыптастырған.

Осылайша қоғамды саналы тәрбиеге шақырып отырған. Міне осындай саналы ұрпақ тәрбиесінде «Білімді ұрпақ – кемел келешектің кепілі» деп жиі айтамыз. Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің бірі – саналы білім. Ал асыл дінімізде білім жайында Құран Кәрімнің алғашқы сөзі де «Білім» сөзімен басталған.

Алла тағала Құран Кәрімнің «Алақ» сүресінің 1-5 аятында былай деп баян етеді: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді білгізді».

Пенделердің дәрежесі Алланың алдында тақуалықпен өлшенсе, пенденің пенделер алдындағы дәрсежесі біліммен, біліктілікпен, тәжірибемен өлшенеді. Осы себептен де Алла тағалла «Нахл» сүресінің 43-аятында былай деп бұйырады: «Егер өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұраңдар».

Ал Алла елшісі Мұхаммедтің (с.ғ.с.): «Білімің жетпесе, ғалымдарға жүгін», «Білмегендер білгендерден сұрасын» деген сынды хадистері өте көп. Ендеше білім иелері немесе ғалымдар, білімділір дегеніміз кімдер деген сауалға жауапты Хәкім абай атамыздың мынадай сипаттамалық сөздеріне негіздесек болады:

«Бұл ғаделет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, сол – ғақыл» деп түйіндесе, Шәкәрім бабамыз: «Ар түзейтін бір ғылым табылмаса, зұлымдықты жалғанда әділ жеңбес», – деп ғұламалардың қоғам үшін қандай маңызды екенін нақты қорыта айтқан.

Бұлай деуінің астарында Ислам дінінің 14 ғасыр бойы бұзылмауы және бұл Ислам дінінің ақырет күніне дейін толық сақталуы мен қорғалуында ғалымдардың ролі жатыр.

Сөзімізді Құран Кәрімнің мына бір аятымен қорытындылауды жөн көрдік. «Бақара» сүресінің 164-аятында адамдарды ойлануға шықыра келе әлемнің тұнып тұрған бір білім екенін ұқтырып: «Ақиқатында аспандардың және жердің жаратылуында, түн мен күндіздің алмасуында адамдар үшін пайдалы нәрселер мен теңізде жүретін кемеде және Алланың аспаннан су түсіріп, онымен жер тіршіліксіз қалғаннан кейін оны тірілтуінде әрі онда түрлі жануарларды таратуында және желдердің алмасуында, аспан мен жер арасындағы бағынышты бұлттарды басқаруында ақыл иелері үшін (Жаратушының жалғыз екенін дәлелдейтін) даусыз дәлелдер бар», – дейді.

Исатай БЕРДАЛИЕВ,
Ислам құқығы PhD Доктор