Үйіміз берекеттенсін десеңіз!

https://kazislam.kz/ujimiz-berekettensin-desengiz/

Алла елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде лағынетті ібілістің үйімізге кіргізбеуіміз және ас беріп оларды үйімізде қонақтатпауымыз жайында былай деп бұйырады:

« إِذَا دَخَلَ الرَّجُلُ بَيْتَهُ، فَذَكَرَ اللهَ عِنْدَ دُخُولِهِ وَعِنْدَ طَعَامِهِ، قَالَ الشَّيْطَانُ: لَا مَبِيتَ لَكُمْ، وَلَا عَشَاءَ، وَإِذَا دَخَلَ، فَلَمْ يَذْكُرِ اللهَ عِنْدَ دُخُولِهِ، قَالَ الشَّيْطَانُ: أَدْرَكْتُمُ الْمَبِيتَ، وَإِذَا لَمْ يَذْكُرِ اللهَ عِنْدَ طَعَامِهِ، قَالَ: أَدْرَكْتُمُ الْمَبِيتَ وَالْعَشَاءَ »

«Кісі үйіне кіріп бара жатқанда және тамақтана бастағанда Алланың атымен (бисмиллаһи рахмани раһим деп) бастаса, Шайтан (және оның ізбасарларына былай деп айтады): «Бұл кісіден сендерге қонатын жер де, тамақ та жоқ» дейді. Кісі үйіне кірген кезде «Бисмиллаһ» демейтін болса, Шайтан [ізбасарларына: Жүріңдер]: «Қонатын жер таптыңдар», – дейді. Бұл кісі тамақ жей бастағанда  Алланың атымен бастамайтын болса, Шайтан: «Тұратын жерлеріңді де, жейтін астарыңды да таптық» дейді. (Сахих Муслим, «Ашриба» бабы, 103-хадис)

Бұл хадисті түсініп ой қорыта білуіміз үшін мынаны есте ұстауымыз керек: Адам баласының жаратылысында екі түрлі сезу қабылеті бар. Бұлардың біріншісі – сезім мүшелерімізбен біле алатын қабілет. Ал екіншісі –  сезім түйсігімізден тыс ғайып әлемі. Шариғатымызда  түйсігімізбен сезе алатын әлемге «Мулк» десе, ғайб әлеміне «Мәләкут» ілімі деп аталады. Міне, осы екі түрлі сезім әлемі барша пендемен қатар өмір сүреді. Яғни тәніміз осы дүниелік мәселелерді сезсе, рухымыз ғайыптан болған нәрселерді сезеді екен. Бұл жерде тәніміздің сезім мүшелерін білеміз, ал рухымыз жайлы Алла тағалла Құран Кәрімнің «Исра» сүресінің 85-аятында былай деп бұйырады: «Айт (Оларға Мұхаммед): Рух – Раббымның әмірінен, сендерге бұл жөнінде аз ғана мағлұмат берілді».

Кейбір дін өкілдері метафизикалық болмыстарды таза қиял деп санайды. Ал мұсылмандар Аллаға, періштелерге, жындарға, шайтандарға жәннат пен тозақ сияқты адамдардың сезім мүшесімен, ақылымен қорыта алмайтын ақиқатқа сенеді және оған иман етеді. Яғни мұсылмандар ақиқаты – адамның тек сезім мүшелерінен тыс әлемнің де бар екенін мойындайды. Өйткені, сөздері мен істеріне толықтай сай келетін мұғжизалармен расталған Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) сезім мүшелерімізбен біле алмайтын басқада әлемнің бар екенін хабарлап қана қоймай, ғайып әлеміндегі көріністер туралы айтып берген.

Ақыл шеңберінде ойлап тапқан ғылым/білім бізге осы өмірдегі іс-қимылымыздың қалай жұмыс істейтінін тек техникалық жолмен ғана көрсетіп береді. Мысалы, жаңбырдың қалай пайда болатынын және ана құрсағында жатқан ұрықтың қандай кезеңдерден өтіп, даму барысын айтады. Алайда бұдан басқа ғылым бізге бұл дүниені кім және не үшін жаратқанын, болмыстар мен оқиғалардың артында және сыртында оларды басқаратын басқа күш бар ма, жоқ па, болмыстың метафизикалық саласы бар ма, жоқ па деген сұрақтардың жауабын айта алмайды. Өйткені бұндай сұрақтарға «ғылым/білім» жауап бере алмайды. Сондықтан ғылым қанша дамыса да ол ешқашан метафизикалық әлемнің барын не болмаса жоқтығы туралы ештеңе айта алмайды.

Қасиетті кітабымыз Құран Кәрім мен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадистерінде адам баласының бұл өмірге келгеннен бастап бақилық болғанға дейін әрбір қимылы, басқан қадамы, алған тынысы, жүрген ізі, қол тигізген ісі мен көзқарасы өмірінің әрбір сәті ғайып әлемнен әсер ететіні туралы айтылады. Адам ана құрсағына түскен сәттен бастап көзге көрінбейтін ғайып әлеммен қарым-қатынасы басталады.

Алла жер бетінде  адам баласынан бөлек жындарды жаратқан. Жындар кез келген сәтте бізді алдауға мүмкіндік іздейді. Олар біздің әр басқан қадамымызды, әр тыныс алуымызды, көзіміздің әр қимылын, қол-аяғымызды мұқият көре алады. Бұл туралы Алла қасиетті кітабымыз Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресінің 27 аятында: يَا بَنِي آدَمَ لَا يَفْتِنَنَّكُمُ الشَّيْطَانُ كَمَا أَخْرَجَ أَبَوَيْكُمْ مِنَ الْجَنَّةِ يَنْزِعُ عَنْهُمَا لِبَاسَهُمَا لِيُرِيَهُمَا سَوْآتِهِمَا إِنَّهُ يَرَاكُمْ هُوَ وَقَبِيلُهُ مِنْ حَيْثُ لَا تَرَوْنَهُمْ إِنَّا جَعَلْنَا الشَّيَاطِينَ أَوْلِيَاءَ لِلَّذِينَ لَا يُؤْمِنُونَ

«Ей, Адамның ұрпақтары! Шайтан әке-шешелеріңді жәннаттан шығарғаны секілді, сендерді де бүлікке салып азғырмасын. Ол (Адам ата мен Хауа анамыздың) ұятты жерлерін өздеріне көрсету үшін киімдерін шешкен еді. (Шайтан) және оның тектестері (жындар) сендерді, сендер оларды көре алмайтын жерден көреді. Расында, шайтандарды иман келтірмегендердің досы әрі жақтаушыларынан еттік» деп бұйырған.

Яғни, Алланы зікір етпей, Алланың атымен бастамай жасаған әрбір іс-әрекетімізге ібілістің ықпалы мен нұсқауы болады. Біз осылайша біліп не болмаса білмей ібілістің бұл әрекеттерін қолдайды екенбіз. Егер Алланың атын айтпастан үйімізге кіретін болсақ, бір топ жын-шайтанды қонақ еткен боламыз. Жын-шайтан жүгіріп жүрген үйдің берекесі бола ма? Ол үйде ерлі-зайыптылар мен балалар арасында тыныштық пен бейбітшілікмейрімділік пен бауырмалдық болуы мүмкін бе? Сонымен қатар Алланың берген ризық-несібесімен жын-шайтандарды тамақтандыру қаншалықты дұрыс деп ойлайсыз? Мұндай көзге көрінбейтін нәрселерді тыңдағанда кейбір адамдар оны қисынсыз деп мазақ етіп, «ақылынан адасқан» деп сөгеді. Алайда Алла және Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) айтқандарына бес сезім мүшелерімізбен сезінбесек те иман келтіреміз. Бұл бәрібір мұсылманның міндеті емес пе? Ал, біз бір нәрсені түйсікпен ұстай алатын болсақ, ол «сену» емес, «білу» деп аталады.

Қорытындылай келе, біздің әрбір іс-әрекетіміз ішкі жан дүниемізге, рухани әлемімізге, ғайып әлеміне, періштелер әлеміне, жын-шайтандар әлеміне және Алламен байланысымызға тікелей әсері бар. Міне, осы жасаған әрбір іс-әрекетімізді Алланың атымен бастар болсақ ісімізге берекет кіреді, періштелерден көп сауап аламыз, жын-шайтандарды ренжітеміз, нәпсімізді тәрбиелейміз, Алланың разылығын аламыз. Ал егер жасаған қандай да бір ісімізде Алланың атымен бастамайтын болсақ, берекетсіз болады, жамандыққа бастау алады, шайтандарды қуантады, Алланың разылығынан махрұм қалады екен. Әрбір іс-әрекетімізде Раббымыз өзін ескеріп, зікір ету арқылы орындауды, Алланың разы болған пенделерінің дәрежесіне жетуді барша мұсылман бауырларымызға нәсіп етсін. Әмин.

Діндерді зерттеу орталығының теолог маманы,

PhD, Исатай Бердалиев