Кәмелетке толмаған жасөспірімдерді діни қызметке заңсыз тартудың алдын алу

Әлімқұлова С.Б.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы,

гуманитардық ғылымдар магистрі,

қалалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі

 

Кәмелетке толмаған жасөспірімдерді діни қызметке заңсыз тартудың алдын алу

Қазақстан егемендік алған жылдардан бері мемлекеттік заңнамалық нормаларын адам құқықтарын қорғау  талаптарын ескере отырып қалыптастыруда.

Халықаралық ұйымдардың белді мүшесі ретінде мемлекетіміз Бала құқықтары туралы Конвенция пактілерінде жария еткен принциптеріне сәйкес Қазақстан Республикасындағы 2002 жылғы 8 тамыздағы N 345 «Баланың құқықтары туралы заңы» балалардың білім алуына, жанжақты дамуына көңіл бөледі. Қазақстан бала тәрбиесі мен білім беруде, заманауи зайырлы, құқықтық, демократиялық құндылықтарға негізделген.

Алайда,  бүгінгі таңда теріс ағымдағы радикалды діни ұйымдар түрлі айла әдістерді қолдану арқылы өз қатарларына жастарды тарту фактілері кездеседі. Әсіресе, экстремистік топтардың қатарында отандастарымыздың болуы  өкінішті жағдай әрине.

Ал, біздің қоғамда кәмелетке толмаған жасөспірімдердің діни қызметке заңсыз тартылу жайттарын болдырмауда  аса сақ болуымызды қажет етеді.

Қазақстан Республикасы бала тәрбиесінде ата аналар мен заңды уәкілдерінің сенім мәселесінде өз діни ұстанымдарына, дін өрісіне  мүмкіндік беретін мемлекет ретінде тұжырымдалады.

Алайда, мемлекет бала өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда бейжай қала алмайды.

 Елімізде, тіл үйрету, білім беру орталықтары немесе, спорт клубтарының атын жамылып кәмелетке толмаған жасөспірімдерге діни уағыз жүргізу деректері орын алып отыр.

Мысалға, Павлодар қаласында «Престиж» спорттық би клубының жетекшісі балаларға ата аналарының келісімінсіз діни уағыз жүргізіп діни бірлестігінің қатарына тартуға тырысқан. Бұл өз кезегінде бірнеше жасөспірімнің психологиялық жарақат алуына әкеп соқты. Діни уағыздың ықпалынан балалары туған туыстарын тыңдамай, бала өзіне тұйыла бастағанын ата-аналардың бірі өкінішпен жеткізді.

Тағы бір келеңсіз жағдай Костанай обаласының сотының мәлімдемесіне сәйкес Лисаковск қаласында орын алған.  «Церковь Жатвы» шіркеуі ата-аналарының келісімінсіз балаларды діни қызметке кіргізгені үшін әкімшілік шараға тартылды. Бұдан бөлек ислам дінін жамылып, жастарды адастырып өз қатарына  тартып жатқан бөтен пиғылды топтарда жоқ емес.  

Біздің елде орын алып отырған бұл жағдайлар мемлекет ұстанып отырған зайырлылақ принципіне қайшы келуде.

Бүгінгі жаһандану үрдісі жағдайында діни экстремизм мен терроризмге жол бермеу мақсатында және осы мәселердің орын алмауы үшін  заңнамалық талаптардың болуы аса маңызды, өйткені  бала тәрбиесі мемлекет үшін де, қоғам үшін де, ата-аналар үшін де өзекті.

Осы орайда, кәмелетке толмаған жасөспірімдерді діни қызметке заңсыз тартуға жол бермеу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерту енгізу қажеттілігі туындап отыр.

Өйткені, бүгінгі балалар болашақ мемлекетіміздің азаматтары, жарқын келешекті жасаушылар.  Ішкі тұрақтылық пен ауызбіршілікті сақтау жағдайында ғана еліміз болашақта көздеп отырған мақсаттарына қол жеткізе алады.