КОНФЕССИЯЛЫҚ КЕЛІСІМ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ

Қ.Бейсенғазин

Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығы

Ақпараттық ілгерілету бөлімінің қызметкері

Қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты басты қағидат ретінде ұстанған Қазақстан әлемге этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделін ұсынды.

Барша қазақстандықтардың діни және этномәдени тиесілігіне қарамастан, қалыптасқан жалпыұлттық бірлік пен келісімнің бірегей үлгісі - бұл Қазақстанның түрлі конфессиялардың өзара қарым-қатынасының жалпы әлемдік процесіне қосқан қомақты үлесі болып табылатыны сөзсіз.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының 2-тармағына сәйкес біздің елімізде тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге жол берілмейді.

Осындай берік саяси ұстанымның нәтижесінде қазіргі уақытта Қазақстанда 130-дан асатын этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр және 18 конфессияны құрайтын 3738 діни бірлестіктер емін-еркін қызмет етуде.

Аталған діни бірлестіктерге өз қызметтері аясында мемлекет тарапынан қандай да бір қысым көрсетуге жол берілмейді. Тек басты талап ресми тіркеуден өткен діни бірлестіктердің іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңнамаларының аясында болуы шарт.

Қазақстан Республикасы азаматтарды ар-ождан бостандығымен қамтамасыз ете отырып, кез келген саяси тұрақтылықты бұзатын, этносаралық және конфессияаралық келісімге нұқсан келтіретін, сондай-ақ, қалыптасқан дәстүр мен бекітілген заңдарға қайшы келетін әлдебір қоғамдық нормаларды орнатуға талпынған кез-келген әрекеттерге қатаң түрде қарсы тұрады.

Осы орайда, Қазақстан Республикасында қалыптасқан саяси ұстаным бойынша ел ішіндегі қандай да бір дінге басымдық берілмейтінін айта кеткен жөн. Өзiн демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтыратын еліміз үшін дін саласындағы саясаттың ең басты мақсаты – конфессияаралық келісім болып табылады.

Конфессиялық келісімді негізгі қағидаларының бірі ретінде ұстанған Қазақстан әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің халықаралық диалог алаңына айналып отыр.

Діни өзекті мәселелерді шешудің ұлтаралық, конфессияаралық және мәдениетаралық келісім алаңы ретінде Елордада 2003 жылдан бері әр үш жыл сайын ұдайы өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі екенін атап өткен жөн. Съездің мақсаты өркениет құндылықтарын сақтау және орнықтыру, дінаралық серіктестікті нығайту, конфессияаралық қатынасты дамыту болып табылады.

Осы шара барысында әлемдегі барлық негізгі діни конфессиялардың басшылары мен өкілдері қауіпсіз және тұрақты әлем құру мақсатымен мәдениеттер мен діндер арасында ашық қарым-қатынас жүргізу және өз пікірлерімен бөлісі үшін еліміздің бас қаласына ат басын тіреп, бір дөңгелек үстелдің басына жиналады.

Бұл жағдай конфессияаралық балансты табысты түрде сақтай білген Қазақстанның әлем елдеріне үлгі болғанын көсетеді. Қазақстан өзінің халқының көп ұлттылығы және конфессиялығымен ішкі саяси тұрақтылықты, бейбітшілік пен келісімді сақтаудың бірегей мүмкіндіктерін паш етеді. Себебі, біздің еліміз әлемдегі санаулы мемлекеттердің қатарына жататын конфессиялық алуан түрлілігімен ерекшеленеді.

Сонымен қатар, мемлекет дін саласында тұрақтылықты сақтау, қоғамда конфессияаралық келісім мен толеранттылықты нығайту, кез келген түрдегі және көріністердегі діни экстремизм мен радикализм идеологиясына халықтың иммунитетін қалыптастыру бойынша нақты шаралар қабылдауда.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы    20 маусымдағы № 500 Жарлығымен «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 - 2020 жылдарға арналған арнайы тұжырымдамасы» бекітілді.

Аталған Тұжырымдама мемлекеттік-конфессиялық саясатын және конфессияаралық қатынастарды жетілдіруге, мемлекеттің зайырлы қағидаларын нығайту және дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу бойынша ресми көзқарастар жүйесі болып табылады.

Қазақстан ел ішінде тұрақтылық пен келісімді сақтауда, әмбебап жалпы адамзаттық құндылықтардың жалпыұлттық бірлігін нығайтуда діннің маңызды рөл атқаратынын, түрлі діндер мен конфессиялардың бірге өмір сүре алатынын және толық өзара түсіністік пен сыйластық негізінде үйлесімді дами алатынын әлемге айқын танытып келеді.

Осыған орай, ел ішінің саяси тұрақтылығын, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту үшін түрлі жағымсыз элементтерге қарсы қоғам болып атсалысу бәріміздің негізгі міндеттеріміз екені анық.