Ұлттық ұстанымыздағы жүрек ілімі

Жарас Ахан,

Тарихшы-дінтанушы

 

Ұлттық ұстанымыздағы жүрек ілімі

Қасиетті құранда мынадай аят бар: «Оо дүниеге аттанған адам Аллатағаладан уа Аллам, мені бұл дүниеге бір күнге жіберші, "қайырымдылық пен жақсылық" жасап келейінші деп, жалынады екен». Бұл исламның сыртқы формаға емес, ішкі мәнге түскенінің айғағы.

Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойыңа жұқпас сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз,
Бар тамырды қуалар!, - дейді хакім Абай.

Қазақ исламның сыртқы қалыпқа емес, ішкі мәнге түскенін түсінген. Қазақ руханиятының жалғастырушысы данышпан Шәкәрім: «сырт тазасы не керек, тазарт әуелі ішіңді» деген ұстанымды негіздеді. Түрік перзенті Мәуләнә Руми: «ішіңді сыртыңа қарағанда көп көркейт. Себебі, сыртың-халықтың, ал ішің – Хақтың назарында тұр», дейді. Мұнымен жандүниенің тазалығы әрдайым маңызды екенін ұғамыз.

Ата-бабаларымыз тоймас нәпсіні уақытша жүрек тоқтады дейді екен. Бұл тұрғыда өз-өзімізді тану үшін хакім Абай мен данышпан Шәкәрімнің, тағы басқа ата-бабаларымыздың сөздері өзегіміз болуы қажет. Себебі «ескі-жақсының азығы, жақсы-жаманның азығы»,- дейді қазақ. Пенденің ең осал тұсы үнемі нәпсісінің жетегінен ажырауы қиын.

Мұса пайғамбар мен Ібілістің арасындағы мына оқиға көп нәрсені аңғартады.

Күндердің күнінде Мұса (а.с.) пайғамбарға Ібіліс келіп:
— Менің жағдайым Алланың алдында белгілі. Мен өз ісіме тәубе етіп Алланың рахымына бөленгім келеді. Сен – Алланың таңдаулы елшісісің. Маған дұға жасап көмегіңді бере гөр!-дейді. Мұса (а.с.) дәрет алып, Раббысына жалбарынып, Ібіліске жәрдем сұрайды. Сонда Алла Тағала оған:
— Мен Ібілісті кешіремін, егер ол Адам атаның жатқан жеріне барып, оған сәжде ететін болса. Мұны естіген Ібіліс Мұсаға:
— Мен Адамға тірісінде сәжде етпеген енді өлгенде сәжде етейін бе? – деп бас тартады. Кейін сөзін жалғастырып:
— Ей, Мұса! Сен мен үшін Алладан дұға сұрадың. Енді мен саған қарыздармын. Саған сол үшін кеңес берейін, құлақ сал!-дейді.
     «Сен қатты ашуланғанда мені есіңе ал. Себебі, адам ашуланғанда оның қаны басына шабады, ал, мен жүрегіне шабамын да, айтқанымды істетемін», деген екен.

Ислам философы Жалаладдин Румидың айтуы бойынша «Адам тек тән мен жанның ғана құйындысы емес. Тәннің, жанның, сана-сезімнің және жиі-жиі оған Құдайдың сәулесі түсіп тұратын «нәзік рухтан» жаратылған құбылыс. Бастапқы үшеуі адам баласының бәрінің де бойында бар қасиет болғанымен, соңғысы тек пайғамбарлар мен «Құдайдың назары түскендердің» ғана еншісіне бұйырған құзірет. Демек, пендеге Алланың назары түскен әулие-әнбиелеріміздің даналықтарымен сусындатып, үнемі бағыт-бағдарды қажет ететіндігін көрсетеді.

Данышпан Шәкәрім атамыз былай деген екен: «Ақыл – жанға,  жан - тәнге  матаулы тұр».  Хакім Абай: «Әуелде бір суық мұз ақыл-зерек, жылытқан тұла бойды ыстық жүрек», дейді. Яғни, данышпандардың жол сілтеуі бойынша, ақылға жанның, ал жанға тәннің көмегі керек. Тән жанның бұл дүниедегі қорғанышы. Ал, суық ақыл мен жүрек матаулы тұр (Жүректің көзі ашылса, адамның хикмет кеудесі, Абай). Адамның бойына Аллатағала о бастан жүрегіне сезім нәрін құйып қойған. Сезім үні. Ал мейірім адамның жанын жұмсартады. Жүрекке барлық тіршілік атауларына деген мейірім ұялағаннан кейін, табиғи түрде адамның өзгені кінәлау агрессиясы басылып қалады. «Қаттылықты – адамның жүрегін мейірімге үйрету арқылы күшін жоюға болады екен (Ғазали)».

Расында да адам жаратылысы әртүрлі, олардың кейбірі ықпалға тез берілсе, басқалары оны жай қабылдайды. Мұның екі себебі бар екен: біріншісі-тума табиғи сезім қуаты. Адам жаратылыс табиғатының негізінде осы күштің ықпалында тұрады. Осындай бойұсындыруы мен басқаруы ең қиынға соғатын табиғи жаратылыс күштерінің бірі- құмарлық күші. Себебі құмарлық әу бастан ең бірінші қатарда тұрған күш, яғни, адам сәби кезінен осы күшке ие.  Екінші себеп- адам бір амалды жақсы санап, оны жиі орындауының арқасында оның бойында соған мінез қалыптаса бастайды. 

"Адамды сүй, Алланың хикметін сез. Не қызық бар өмірде мұнан басқа (Абай). Өлмес бұрын өлген, қайтыс болмас бұрын оянған пенде үшін, адамды сүюден, Алланың хикметін сезінуден басқа қызық болмайды. Себебі Аллатағала үшін адам, ең сүйіп жаратылған жаратылыс.

Бір күні Пайғамбарымыз мешітте отырған болатын. Сол кезде Бәдір соғысында қолға түскен тұтқындарды алып келеді. Алла Елшісі тұтқындардың ішінде бір әйелдің аласұрып біреуді іздеп жүргенін көреді. Әйел алдынан шыққан әр баланы көкірегіне басып, иісін иіс-кеп, сосын қоя береді. Сөйтіп жүргенде өз баласын тауып алып, құшағына қысты. Үсті-басының бәрін сүйіп, иіскеп, қайта-қайта құшағына басады. Алла Елшісі бұл көріністі сырттай бақылып тұрып, ерекше толқыды. Көзінен аққан жасқа ие бола алмай, қасындағы сахабаларына әлгі әйелді көрсетіп:
– Анау әйелді көріп тұрсыңдар ма? – деді.

Сахабалары:
– Иә, Расулалла, көріп тұрмыз, – дегенде, Алла Елшісі қайтадан:
– Бұл әйел құшағындағы баласын отқа тастай ма? – деп сұрады.
– Жоқ, отқа тастауы мүмкін емес!

Сол кезде Екідүниенің сардарынан мына хикметті сөздер төгіліпті: «Алла әлгі әйелден де мейірімді. Құлдарын тозаққа тастамайды».

Ислам философы имам Ғазали: «Таныған адам сүйе бастайды, сүйген адам сүйгеніне ұқсай бастайды», дейді. Қазақ ислам дегеніміз ар ілімі деп ұққан. Өйткені отбасының қамқоры, отаншылдықтың жүрекке бекуі ар-намыстан. Демек қазақ түсінігінде отаншылдық құдайын қастерлегеннен басталған.

Қазіргі қиянатты заманда дін арқылы да белгілігі бір отанның шеңберінде өмір сүріп жатырған халықтың арасына іріткі салу белең алған. Ал, осылай дін арқылы да адамдарды сырттан басқару туындаған кезде, оған жүрек пен иман, ар мен сезім ғана кедергі жасайды екен.

Ата-бабаларымыз «әрбір пенде осы әлемді, өзін тану үшін келеді, өзгелерге ұнау үшін емес» деген ұстанымда болды. Сонымен қатар халқының, отанының махаббатына бөлену батырларымыздың, билеріміздің, хандарымыздың арманы болды. Қазақ батырларының елін жаудан қорғау жолында шейіт болғысы келуі, билеріміздің дауды әділ шешіп халықтың сеніміне ие болу, хандарымыздың елді адал билеп, тіпті таққа отырғанда бар байлығын халыққа теберікке бөліп беруі, бұлардың барлығына біз қазақ қайраткерлерінің тарихта ар-намыс үшін ғана өмір сүргенін ддәлелдейді. Ұлттық тарихымыздан алар өнегеміз осы. Біз тарихтан осалдық танытқан істер мен тозығын емес, озығы мен өнегелі ісін ғана алуымыз қажет. Ескі жақсының азығы, жақсы жаманның қазығы. Назар салсақ бабаларымыз тәрбиеде ең басты танымға аса мән берген.  Жағдайлар мен адамдардан қашып кеткенімізбен, ар мен сезім, туған жеріңе деген түсініктен қалай қашып кетуге болады.

Құран кәрімде екі сүре ғана "өлім болғай" - деген қарғыспенен бастау алады: 
1- Мутоффифин суресі! 
2- Хумаза сүресі! 
        Біріншісінде: Алла Тағала адамдардың мал-мүлкіне қол сұққандарды (өлім болсын) - деп қарғайды! 
        Екіншісінде: Адамдардың ар-намысына қол сұққандарды қарғайды! 
        Қазақтың өлең жырларын талдасақ, ар-сезім дүниелері осы екі қарғыстан халықты аулақ болуға шақырады.

Табиғаттағы заңдылықтардың өздеріне тән формулалары болады. Сол сияқты өмірдің де өз формулалары бар. Өмір қатал емес, оны қатал қылатын адамның өзі. Яғни, ол осы өмір формулаларын дұрыс қолданбай, жамандыққа ұрынады. Ал керісінше формулаларды дұрыс қолданса, жақсылыққа жетеді. Ол туралы Мәшһүр Жүсіп; "Құдай ешкімді зорлықпен кедей қылмайды, Ешкімді зорлықпен жаман қылмайды, Ешкімді зорлықпен надан қылмайды"-деп айтады. Адам өмірде тепе-теңдікті, орта жолды ұстау керек, яғни, Шәкәрім айтқандай; "Адамда екі мақсат болады, біріншісі тән мақсаты, екіншісі жан мақсаты". Материалдық байлықты алға қойсақ, өмірінің соңында жан мақсатының қадір қасиетін түсінуге кеш қаларымыз анық. Сократтың да; "Сендер өз денелеріңді я болмаса байлықты, басқа керек заттарды бірінші ретте ойламаңдар, ең алдымен өз жанүниелеріңді тәрбиелеп өсіріп, тазалаңдар, өйткені ізгілік байлықтан емес, байлық пен басқаның бәрі ізгіліктен шығады" -деп айтқаны осы. Сол себепті адам өмірдің басты құндылығын түсініп, өмір қағидаларын дұрыс қолданып тепе-теңдікті (өзі, кәсібі, отбасы, отаны) сақтап отырса, онда адамның өмірі қызықты әрі өмірінің мәні болмақ.

Адам бірінші өзінің ішкі жан дүниесінің қожайыны болуы керек, сонда оның рухы биік болар. Яғни, Абайдың; "Ақыл мен жан -мен өзім, Тән менікі"-дегендегі ақыл, тізгінді өз қолына алып, көкірек көзінің ашылуына себепкер болуы керек. Яғни, ақыл қалауын арттырып, нәпсі қалауынан тежеп, түншығып жатқан жүрек қалауына жол ашуы керек. Рух өліп қалмайды, ол кірленген жүректе жатыр. Абай ол туралы былай деп толғайды; "Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі". Адам өз жүрегін осы кірлерден тазартса, тұншығып жатқан рух атойлап атып шығады екен. Қалау еркін Алла Тағала адамға бекер бермеді. Жақсылық пен жамандық тартысы, осы нәпсі мен ақылдың арасында жүреді. Кім басымдылыққа ие болса, жүрек соның өнімін шығармақ. Не рухыңды өшіреді, немесе рухыңды оятады. Рухы оянған бір адам, мың адамнан қорықпайды. Себебі оның жүрегінде Аллаға деген махаббат болады. Ал, Алласына деген махаббат танымы дұрыс болса отанға деген махаббатқа ұласады. Ол үшін мақсат үшін пенденің рухы үнемі ояу болуы қажет екен. Данышпандардың «Егер жан ауруын сезінсең: онда сен тірісің! Егер өзгенің жан ауруын сезінсең: онда сен адамсың!» деуі осы. Әлем үшін жәй ғана - бір адам болуың мүмкін!  Бірақ отан үшін - сен бар әлемсің. Өйткені отан үшін әр баласы қымбат. Ақыретте айналаң, қоғамың үшін де, яғни, отаныңа еткен еңбегің үшінде сұралмақсың.

Төле би  мынадай өсиет қалдырды: "Үш нәрсе, үш жерде ғана білінеді! 
Батырлық (жүрек батырлығы) – соғыста (ішкі нәпсіңмен күресте)! 
Сабырлылық - ашуландырғанда! 
Дос - оған мұқтаж болғаныңда!".

Біз өмірдің аз ғана қиындығына сынып, оны жүрегімізге ауыр алып, адамдық болмысымызды жоғалтып жатамыз. Біріміз  ащы суға берілсек, біріміз көше кезіп, бомжға айналамыз. Біріміз армандарымыздан бас тартып, өмірден түңіліп кетеміз. Ал, Аллатағала құранда бұның адамзат баласына берілетін сынақ екенін секертіп тұр. «Қалаған нәрсең болып жатса, астарынан бір қайыр ізде. Болмай жатса, мың қайыр ізде» деген қазақтың сөзін ұмытып кетеміз. Ислам философы Мәуләнә Руми былай дейді: "Кілемді сабалаушының мақсаты - ұру емес, шаңын қағып тазалау.  Тура сол сияқты, басқа түскен қиындық арқылы да Аллатағала бойға біткен шаң-тозаңды қағып, тазалайды.  Ендеше, неге сонша қайғыланасың?!"  Ақыл еиелері айтады: "Бидайды масақ болсын деп, топыраққа көмеді. Ұн болсын деп, диірменде езеді. Нан болсын деп отқа күйдіреді. Асқазанға түсу үшін, тісімен шайналады". Ал, біз қуатты адам болам, шыңдалам десек, ағайын-ел сүйген ер болам десек, сен де езіліп, жаншылуың керек. 

Қазақтың бізге жеткен ақыл былай дейді: «Көзіміз бен назарымыз жүректің бағытымен бағыттас болады. Көңіл қаласа, көз жыланға қарайды, яғни, уға қарайды. Көңіл қаласа, көз ғибрат алатын, дәріс алатын пайдалыға қарайды екен. Көңіл қаласа, көз дүниеге және нәпсі қалаған дүние нығметтеріне көз сүзеді. Көңіл қаласа, көз мағыналыға назар салып, хикметтер ақтарады және иляһи (құдайлық) сырларға ынтық болады. Көңіл қаласа, саусақтармен мал санаудан басқаны білмейді. Қаласа, ол саусақтар өнер меңгеріп, кітаптар мен туынды қалдырады. 
Абай болыңдар! Бұл істердің бәрін істеп жатқан өнерлі қол негізінде іштегі жасырын қолдың яғни жүректің қалауы бойынша әрекет жасайды. Сол жасырын қол тәніміздің мына қолын құрал ретінде қолданып, түрлі істер атқарта алады".

Адамның болмысы – ішінде әр түрлі аңдар мекендейтін орманға ұқсас екен. Біздің бойымызда таза-лас, жаман-жақсы, имани-хайуани сияқты мыңдаған қасиеттер бар екен. Егер ішкі жан шаһарында қасқыр үстемдік ете бастаса, адамның қасқырға айналғаны дейді. Жақсылықтар мен жамандықтар да жасырын жолдармен жүрекке келіп, құйылып тұрмақ. Сәт сайын адамның жүрегінде бір нәрсе бас көтереді. Сол себепті адам кейде жақсы сипатқа, кейде жаман сипатқа айналып отырады екен.