Неке мәселелерінің заңмен реттелуі және әлемдік практика

Әлімқұлова С.Б.

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ оқытушысы,

гуманитардық ғылымдар магистрі,

қалалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі

Неке мәселелерінің заңмен реттелуі және әлемдік практика

Қазіргі күні көпшілік қауымның қалыптасқан өмір-салтына еріксіз ықпал етіп отырған үдерістер орын алуда. Айталық, жаһандану салдары, көші-қонның артуы, әскери-саяси үрдістердің серпіні, геосаяси ойындар ауқымды өзгерістерге әкеп соғуда.

Қазіргі кезде деструктивті діни ағымдар мен идеологиялардың қарқынды дамуы, лаңкестік әрекеттердің артуы әлем қоғамдастығына және мемлекеттеріне орасан ықпал етуде.

Сондай-ақ, теріс пиғылды, діни ұрандарды жамылған мүдделі топтар заманауи ақпараттық және коммуникациялық технологияларды адамзатқа қарсы белсенді қолдануда. Ұлттық және діни дәстүрлерге жаңа жат элементтер енгізуде. Олар қоғамның рухани-ізгі құндылықтарын, халықтың қалыптасқан өмір салтын, мемлекеттің конституциялық негіздерін бұзуға бағытталған іс-әрекеттер қолдануда.

Біз өз қоғамымызда осы дін саласында орын алуы ықтимал барлық мәселелерді болжамдай ауымыз және өзекті сұрақтарға дер кезінде жауап бере алуымыз абзал. Олар: қазіргі қоғамдағы діннің орны қандай? Жалған радикалды идеологиялар бұқаралық және жеке адамның сана-сезіміне қалай және қандай жолмен әсер етеді? Халықаралық күн тәртібіндегі діни экстремизм мен халықаралық терроризмді ескере отырып, қандай үрдістер орын алуы мүмкін және олардың пайда болу факторларына қандай тәсіл арқылы қарсы тұруға болады?

Демек, осы және басқа да мәселелер, дінді дұрыс түсіну, оны дұрыс қолдану, дәстүр, тиісті діни мәдениет деңгейін қалыптастыру қажет екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Бұл, көпконфессиялы ортадағы барлық азаматтардың теңдігін қамтамассыз ете алатын құқықтық база қалыптасқанда ғана мүмкін.

Осы мәселелерді реттеуде әлемдік тәжірибеге сараптама жасай отырып өз елімізде орын алған барлық ерекшеліктері ескерілетін толықтырулар мен өзгертулер енгізген орынды.

Бүгінгі таңда діни құқықпен зайырлы құқықтың ортақ мәселелері ретінде некенің заңдылығын айқындау, неке шарттарын сақтау, некелесушілердің жасы, кұрамы, ажырасу шарттары, тараптардың жауапкершіліктері кең талқыға түсетін тақырыптардың бірі.

Осы орайда некенің қай жағдайда заңды деп саналауы тарихи, мәдени, әлеуметтік факторлармен қоса діни ұстанымдар мен қалыптасқан дәстүге байланысты болары белгілі. Сондықтанда, некені реттеуде әлемдік тәжірибенің алуан түрлі болып келетіні және ортақ стандарттардың жоқ екені мәлім. Алайда, Қазақстан бүгінгі таңда жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарды, әлемдік тәжірибені, БҰҰ сияқты адам құқықтарын қорғау ұйымдарының ережелерін ескере отырып «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын қолға алуы заман талабы. . Дегенмен, Қазақстан бұл мәселелерді реттеуде үлкен мән береді.

Айталық, мемлекеттік органдарда тіркелген неке ғана заңды деп мойындалады. Демек, неке шартты түрде заңды, діни, азаматтық деп жіктелгенімен мемлекет бекіткен заңдарына қайшы келмеуі шарт.

Айталық, Германияда діні ұстанымына, нәсілдік ерекшеліктеріне қарамастан АХАЖ бөлімінің тіркеуінсіз азаматтардың некесі заңды деп есептелінбейді. Осы елдің қылмыстық кодексі бойынша, неке жасына қатысты заң негіздерін бұзу бас бостандығынан айыру, айып пұл салыну арқылы реттелген. 

Ал, Канада дін қызметкерлерінің діни некеге тұрғызу құқығын алу үшін жергілікті басқару органдарының рұқсаты қажет.

Неке мәселелерін реттеуе Мысыр елінің заңнамасы бойынша некеге тұруға 21 жастан рұқсат етілсе, ал 18 жастан бастап некеге тұрушылардың ата-анасының рұқсаты қажет. Неке сотта немесе АҚАЖ болімдерінде ғана ресми тіркеуді талап етеді.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, зайырлылық және діни көзқарас тұрғысынан да діни некеге тұру үшін АХАЖ бөліміне тіркеуге отыру сынды талаптар заңмен реттеуді қажет етеді.

Неке қию адамзат тарихында, тек табиғи қажеттіліктерді өтейтін құбылыс қана емес, сонымен қоса отбасы мүшелерінің құқықтарын реттейтін институт ретінде қалыптасқанын әсте естен шығармағанымыз жөн.

Осы орайда, діннің саясилануына жол берілмеуі қажет және діни консерватизм мен діни қағидаларға көзсіз еруден сақ болуымыз керек.

Діни сенімді рухани және моральдық құндылықтардың көзі ретінде бағалай отырып, әр азамат мемлекеттің зайырлық құқықтарын қатаң ұстануы және құрметтеуі шарт.

Қазақстан Республикасының зайырлылық ұстанымына сәйкес некені реттеуде діни ұстанымы, әлеуметтік статусы, экономикалық жағдайына қарамастан азаматтардың барлығына бірдей қарайды. Демек, бұл мәселеде мемлекет те, дін өкілдері де, ата-аналар да, неке құрушылар да жауапкершілікті сезінуі, ортақ ұстанымның, заңнамалық негіздің болуы заман талабы.