Шетелде теологиялык білім алуды реттеу

Білім беру процесі жастардың дүниетанымын қалыптастырудағы маңызды кезең. Сондықтанда мемлекетіміз қашанда білім алу жүйесіне ерекше мән беріп келеді.

Ал, діни білім берудің, қоғамның рухани қауіпсіздігіне ықпалын ескерсек, осы саладағы мәселелерді реттеу өзекті мәнге ие болары анық.

Қоғам бір орнында тұрмайтыны белгілі. Саяси, экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, танымдық өзгерістермен қатар, ғылыми технологиялық жаңалықтарға және заман талабына сай қоғам да, білім беру жүйесі де үздіксіз дамуды, жетілдіруді қажет етіп отырады.

Қазіргі кезде жоғарыда аталған үрдістерден бөлек, радикалдық идеалдарды кеңінен тарата отырып діни ұстаныммен діни түсініктерде жасанды қайшылықтар туындату арқылы өз мақсаттарына жетуді көздейтін теріс пиғылдағы топтар пайда болуда. Бұдан да басқа қалыптасқан жаһандық жағдайларды күрделендіре түсетін факторларда аз емес.

Олар қоғамның діни сауатының төмендігінен, толассыз ақпараттардың сараланып, ой елегінен өтіп үлгерместен ғалам тор арқылы жедел тарауынан, құқықтық базаның заман талабына сай келмеуінен туындайтын келеңсіздіктер орын алуда.

Діни ұрандарды жамылып әрекет ететін экстремистік идеологияларға қарсы тұруға және деструктивті әрекеттерге тосқауыл қоя білетін, отандық мықты теологиялық білім беру жүйесін қалыптастыру өз септігін тигізері анық.

Осы орайда, Қазақстан азаматтарының шетелдерде білім алуын, олардың елімізге қажет мамандықтарды игеруін және басқа елдерден оң тәжірибе жинауға деген құштарлықтарын мемлекет тарапынан құпталып, барлық жағдайлар жасалып келеді. Оған «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасын мысал бола алады.

Алайда, соңғы уақытта жастарымыздың шетелдерде оқып жүріп әртүрлі келеңсіз оқиғаларға тап болу жайттары орын ала бастағаны жасырын емес. Ал мемлекет өз тарапынан өз азаматтарының қауіпсіздігіне, жапа шекпеуіне және басқа елдердің заңдарына қатысты мәселелер туындамауына мүдделі. Өйткені кейбір шет мемлекеттерде, Таяу Шығыс сынды елдерінде соңғы жылдардағы әртүрлі діни ағымдардың белсенділігінің артуымен, дінаралық қақтығыстардың белең алуымен және экстремистік, террористік ұйымдардың ашық наразылыққа шығуымен қоғамдық-саяси және діни ахуал күрт күрделенуде.

Сондықтан, еліміздің азаматтары өздерінің болашақ білім алатын елі мен оқу орнын таңдау барысында сол мемлекеттің қоғамдық-саяси және діни ахуалы туралы ой түйіп, оның тарихын, мәдениетін, діні мен ділін біліп алып, демек «оңы мен солын» танығанан кейін ғана шешкені жөн.

Халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, Малайзия мен Түркия елдерінің азаматтары шет мемлекеттерде діни білім алу үшін ең алдымен өз отандарында жоғары білім алуы шарт болып келеді.  

Осы орайда, Қазақстан азаматтарының шетелдерде діни білім алуын халықаралық қауымдастықтың озық тәжірибелеріне сүйене отырып реттейтін жаңа тетіктер қалыптастыруды талап етеді.

Соңғы ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде 15 Діни білім беру мекемесі қызмет етуде.  

Ислам бағытында – 13:

 1 – Нұр-Мүбарак Ислам мәдениеті университеті,

 1 – ҚМДБ жанындағы Имамдардың біліктілігін арттыру ислам институты,

 9 – медресе, олардың 5-і медресе-колледж,

 2 – Қарилар дайындау орталығы.

Христиандық бағытта – 2:

 1 – Алматы Православтық Рухани семинария,

 1 – Қарағандыдағы Католиктік Жоғарғы Епархияаралық «Мария – Шіркеу Анасы» Рухани Семинариясы бар.

Отандық сарапшылық қауымдастық, діни қызметкерлерді өз елімізде дайындаудағы әлеуеті жеткілікті екенін алға тартып келеді.

Демек, мемлекетіміздің ішкі және сыртқы қауіпсіздікті яғни, экстремистік идеялармен лаңкестік іс-әрекеттерге қарсы тұрудағы әл-ауқатын арттыруға аса мән берген абзал.

Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұралары, дәстүрлі моральдық құндылықтары ескерілген, жаңа үрдістерге бейімделген, отандық діни білім берудің озық үлгісі ғана жаһандық кеңістікте ұлт ретінде өз бет бейнемізді сақтап қалуға кепілдік бере алады.

 

Әлімқұлова С.Б.