Толеранттылық дәстүрлі діндерге тән ұстаным

Толеранттылық дәстүрлі діндерге тән ұстаным

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз керек» деген.

Барлық адам баласының өмірінде діннің алар орны ерекше. Сол себепті де, дін адамзатты сыйластық пен татулыққа біріктіретін құндылық. Әрине, бір діннен екінші бір дінді бөлектеп, жоғары қоюға болмас. Алайда, хақиқи дін адалдықты ту етумен адамзатты өзінің соңына ерте алады. Біз тарихтан ғана қазақ халқының қиын күндерді бастан кешкенін, аштықтан бұратылып, әр қияға көшкенін білеміз. Тәуелсіздіктің бізге тамаша тартуы ол – тыныш өмір.  Арба сүйретсе де, күректеп ақша тапса да, әркім еңбегіне қарай жемісін жеп, нәпақасын тауып жүр.

Қанағатсыздық деген нәрсе адамда бұрыннан болған. Осындай азат күнде туып, тірі адамдар тіршілігін жалғастырып, барлық бала біліммен сусындап, ішер ас, киер киімнің болғанының өзі бақыт. Қашан төбемізден бомба түсіп, жермен-жексен етеді деген үрей жоқ. Бұл – тыныштықтың берекесі.

Қазақстан – көпэтносты және көпконфессиялы, әртүрлі мәдениеттер тоғысқан ел. Дәл қазіргі таңда Қазақстанның кең әрі тыныштықтың туын желбіреткен қара шаңырағының астында 130-дан астам ұлт өкілдері Елбасымыздың ұлттар арасындағы достықты, діндер арасындағы түсіністікті жүзеге асыруының нәтижесінде тыныш та бейбіт таңымыз атуда.

 ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Адамдарды ашындырмайық, оларға сөзбен және іспен көмектесейік. Мемлекет қазір нақ осыны жасап отыр. Елде тыныштық пен келісімді сақтау маңызды міндет болып қалады», - деген болатын.

Қазақ халқында  даналық пен парасаттылыққа толы сөздер аз емес. Соның бірі: «Бірлік болмай, тірлік болмас» - деп келеді. Олай болса, аталмыш түсіністік пен тұрақтылықты нығайтуға тек дін адамдары күш жұмсауы тиіс деген құрғақ ойдан арылғанымыз жақсы.

Береке, бірлік – Отаны бір адамзат баласына шаңырағының түтіні түзу ұшпағы үшін ауадай қажет. Ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, Қазақстан қоғамындағы өзге діндер мен ұлт өкілдерінің салт-дәстүр және мәдениеттеріндегі байланыс әсте назардан тыс қалмақ емес.

Еліміз үшін ең қымбат байлық – этносаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен құрмет сезімін ала келді. Бұл жолда жарасымдылықты қастерлеу мен асыл құндылықты бағалаудың ашық бір дәлелі ел еркіндігі бар еді.

Мемлекеттің стратегиялық мақсаттарында ұлтаралық татулықты, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен келісімді нығайту бағыты айрықша орын алуда. Бүгінгі таңдағы қоғамдағы ауызбіршілік, тұрақтылық пен туысқандық қарым-қатынастың берген жемісі деп айта аламыз. Этносаралық ынтымақ, конфессияаралық татулықтың нәтижесінде елімізде саяси ахуал тұрақты.

Елімізде өмір сүретін ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дамытуға, олардың өз діндерін ұстануларына да жағдай жасалған. 

Алла Тағала адамдарды ұлт пен ұлысқа бөлініп, ішінара алауыз болуға емес, әр тілділігіне қарамай, тату тірлікпен ғұмыр кешу үшін жаратқандығын ұғынуымыз керек. Асылында, көреалмаушылық пен арсыздық, зұлымдық сынды әрекеттер бізге жат. Ең бастысы – Қазақстан халқы ынтымақ пен бірліктің зор үлгісін танытып отыр.

Ислам діні өзге діндегілермен төрт түрлі жолды негізге ала отырып тығыз байланыс жасауды назарға ұстайды: жақсы қарым-қатынаста болу, бір-біріне жәрдемдесу, жақсылық жасау және қашанда әділ болу. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Шынайы мұсылман басқаларға тілімен де, қолымен де зиян келтірмейді», - деген. Бұл – басқыншылық пен экстремизмді, лаңкестік пен қантөгісті діннен іздеудің бұрыстығын көрсетеді. Татулық, толеранттылық, рухани келісім қағидаттары әлемдік және дәстүрлі діндердің барлығына тән.

Тарихшы Диктор Кузин: «Барлық нәрсе дін айналасында дін үшін дінмен құрылған»-деген пікір білдірген. Демек, адамзат баласы әрқашан өзінен жоғары күштің барлығын сөзсіз сезінеді. Адамның немесе қоғамның діннен айырылуы мүмкін емес. Қазіргі жат ағымдардың жетегіне кеткен бауырларымыз адасушылықта. Олардың дені бүгінгісін ғана ойлап, ақиқаттан шеттегендер.

Мельников Печерский, психолог: «Әртүрлі діни ағымдарға кіретіндер олар: жүйкесі тозған, сезімтал, өмірлік қайғы қасіретті көп көрген адамдар. Сонымен қатар, жұбайлары тастап кеткен әйелдер. Алданып қалған, оң жақта отырып қалған үмітсіз қыздар. Дәл сондай адамдарға, өзінше бір әруақтар дауыстары естілгіш, көздеріне тылсым бейнелер көрінгіш, әртүрлі пұттар оларға материалдық жағынан көмектескіш болып келеді. Осындай адамдар түрлі секталарға кіруге бейім болады», - дейді.

Олай болса, жағаны кеңге сала бермей, бірлікке қауіп төндіргісі келетін кез келген жат ағыммен белсене күресу қажет. Бізге ең бастысы – татулық және келісім керек.

Тұрар ӘБУОВ,

дінтанушы-сарапшы