Зайырлы мемлекет - атеизмді колдайтын мемлекет пе?

Қоғамда зайырлылық ұғымын атеизммен шатастыру үрдісі қалыптасқан.  Ал бұл ұғымның діндарлыққа да, дінсіздікке те жатпайтынын, мемлекеттің бейтарап позициясын білдіретін ұғым екенін көбі түсіне бермейді. Сондықтан, осы тақырып аясында қоғамның санасында жүрген сауалдарына дінтанушы Қарлығаш Жұмаділ жауап берді.

-Қарлығаш ханым, бірінші көпке түсінікті болу үшін зайырлылық туралы түсіндіріп өтсеңіз.

-Зайырлылық ұғымы – ол әмбебап ұғым деп қарастыра аламыз. Әлеуметтік салада, саясатта, заманауи гуманитарлық салаларда осы ұғым кеңінен таралған. Ал дін саласындағы зайырлылық ұғымына келетін болсақ, мемлекеттің, яғни атқарушы биліктің дінге деген нейтралды көзқараста болуын айтамыз. Барлық дінге, наным-сенімге тең қарауы. Сондай-ақ, мемлекет пен дінді араластырмай қараймыз, яғни, дін саясатқа араласпайды, ал саясат діннің мәселелеріне араласпайды. Зайырлылықтың көптеген формалары бар және әр елде қолданылу формасы әртүрлі. Мысалы, Еуропа елдері мен Азияда бұл ұғым бір-біріне мүлдем ұқсамайды.

-Осы жерде адамдарда қате түсінік бар, зайырлы мемлекет-ол атеизмді қолдайтын мемлекет, дінсіздіктің көрінісі деген ұғым пайда болады. Атеизм мен зайырлылықтың ара жігін ажыратып берсеңіз.

-Атеизм – ол құдайды жоққа шығару. Жаратылыстың барына сенбеу. Бізде әлеуметтік зерттеулер жүргізіліп тұрады, соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, елімізде бір жарым пайыз атеисттер бар. Ол сан өсіп келе жатыр. Біздің қоғамда стреотип қалыптасқан, зайырлылықты атеизммен шатастырады немесе агностикалық көзқараспен бір ұғым деп ойлайды. Ол, әрине, қате түсінік. Зайырлылық - ол құдайды жоққа шығару деген ұстаным емес, ол кез келген дінге немесе метафизикалық құбылысқа мемлекет тарапынан көрсетілетін бейтарап көзқарас. Ол көзқарастың негізгі мақсаты адамдар арасында діни алауыздықтың болмауы үшін жасалады. Атап айтқанда, діни бірлестіктер мемлекеттен тәуелсіз, сондай-ақ, оларға мемлекет тәуелді емес, ресми философияның болмауы және әркім өзінің қалаған дінін қабылдай алуы. Дін мен сенім адам құқықтарының халықаралық декларациясында бекітілген маңызды құқықтардың бірі болып табылады.

-Дінді жоққа шығармайтын, сіз жоғарыда атап өткен дін таңдауға келгенде құқық бостандығы берілген мемлекетте діни саясат қалай жүргізіледі?

-Бұл жерде, әрине, заң бар. Қоғамның жүріс-тұрысын, өмір сүруін, тұрмысын зерттейтін - ол құқық болып табылады. Мемлекет дін саласына бейтарап көзқараста болғанымен, бейберекеттіке бой бермейді. 2011 жылдың 18 мамырда дін саласындағы дербес уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі құрылды. Діни бірлестіктер мен діни сенім туралы заң бар. Аталған заң бойынша, еліміз зайырлы мемлекет. Қазақстандағы барлық діндер мен конфессиялар тең құқыққа ие. Қандай да болмасын, миссонерлік ағымдар елімізге келіп, заңды тіркеуден өткен соң, қызметін жалғастыра алады. Барлығы заң шеңбері аясында болады.

- Зайырлылық әлемдік елдерде қандай көрініс табуда? Тек бір дінге басымдық беретін мемлекеттер туралы айтып берсеңіз.

-Біз барлық философиялық ой, құқықтың құндылықтардың ошағы деп Еуропаны айтамыз. БҰҰ-ның халықаралық заңдарына да негіз болған - осы еуропалық ойлар мен құндылықтар. Мысалы , адам құқықтарын қорғау, қандай дін ұстанбасын, қандай нәсіл болмасын, ең бірінші орынға адамды қою осы Еуропа елдерінен бастау алады.  Жоғарыда атап өткенімдей, әр елде зайырлылықтың формалары әртүрлі. Соңғы кезде, террористік мәселердің белең алуына байланысты, кейбір мемлекеттер діни саясаттарын қайта қарауда. Осы жерде бір дінді ұстанатын мемлекеттер бар. Оларды теократиялы елдер деп айтамыз. Ондай мемлекеттерге Сауд Арабиясы, Катар сынды мемлекеттерді жатқыза аламыз. Яғни, конституциясы, мемлекеттің тұрмыс-тіршілігі, құқықтық нормалары шариғат үкімдеріне сәйкес жасалған. Ал Еуропада ондай елдер жоқ.

-Ал осы жерде толеранттылық жөнінде сөз қозғағым келіп тұр. Қазір қоғам арасында сәнге айналған термин десек те болады. Зайырлылық пен толеранттылықтың айырмашылығы неде?

-Толеранттылық пен зайырлылық ұқсас ұғым. Зайырлылықты біз көп жағдайда мемлекеттік тұрғыда қарастырамыз. Ал толеранттылықты жеке басқа қатысты айтамыз. Мысалы, мен толерантты адаммын. Яғни, біреудің ерекшелігін, дініне, ұлтына, нәсіліне құрметпен қарау және оны қабылдай алу. Қазақстанды басқа елдер үшін үлгі деп айта аламын. Себебі, елімізде 130-дан аса ұлт өкілдері тұрады, көптеген конфессиялар бар. Көп ұлтты мемлекетте тұрсақ та, ұлт аралық сыйластықты бәріміз көріп жүрміз.  

-Қарлығаш ханым, сұхбатыңызға рақмет!