ЗАМАНУИ ЕЛ БОЛМЫСЫ ЖАҢҒЫРУЫНЫҢ ЖАҢА САПАЛЫҚ БЕЛЕСТЕРІ

Мустафина Толганай Вагизовна,

дінтанушы, «Қоғамдық процесстерді зерттеу

және талдау орталығы» қоғамдық қорының

атқарушы директоры,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Философия кафедрасының PhD докторанты

ЗАМАНУИ ЕЛ БОЛМЫСЫ ЖАҢҒЫРУЫНЫҢ ЖАҢА САПАЛЫҚ БЕЛЕСТЕРІ

XXI ғасыр қоғамдық болмысқа жаңа қауіп-қатерлер туғызғаны сөзсіз. Ол қауіп-қатерлердің бірі ретінде халықтың өзіне ғана тән ұлттық болмысын жоғалтуы, мәңгіүрттенуі десек те болады. Бүгін қоғамдық ортада «бізге ғана тән ерекшелік» деген түсінікті жиі естиміз. Бірақ сондай-ақ «бұл деген қанымызда бар ғой... қазақпыз ғой» деп сілтей салу тағы бар.

Әдетте, қоғамдық ортада жүйелі қайталанып отыратын құбылыстарды, ұдерістерді дәстүр деп анықтауды білеміз. Негізінен, дәстүр дегеніміз – қоғамның әрбір мүшесі қабылдап, ұстануы тиіс идеялар мен құндылықтар жиынтығы, тәлім-тәрбие үлгісінің ұрпақтан ұрпаққа сабақтаса отырып жетуі. Дәстүр деп белгілі бір жағдайда сол қауымдастық мүшелерінің әрекеттерінің лигитимдігім анықтайтын алдыңғы ұрпақтан аманат болып қалған нұсқаулықты айта аламыз.

Бірақ мұндай анықтамаға жүгінетін болсақ, қайталанып отыратын кез келген қоғамдық құбылысты дәстүр деп атай береміз бе? Әлбетте, жоқ. Мысалы, егер адамдар қысқы күні жылы киімге оранып, жазда киім-кисін жеңілдетсе, ол дәстүр емес, табиғи құбылыстарға қарай бейімделу. Ал, қандай киім, ол киім-киісті қаншалықты жеңілдету керектігі (ұзын-қысқалығын анықтау) дәстүрге жатады.

Дәстүрді анықтап, сақтай отырып, оны келер ұрпаққа жеткізуді арнайы институттар жүзеге асырады. Дәстүр сақталғанда адам қоғамдық бақылау тарапынан ынталандырылады да, орындалмаған жағдайда санкцияларға ұшырайды. Дәстүр сабақтастығының өзі вертикалды және горизонталді жолмен жүзеге асады. Зерттеушілер вертикалды сабақтастық деп дәуірден дәуірге дәстүрдің сақталуын айтса, горизонталды сабақтастық аясында қоғамдық институттардың (ата-әже, ата-ана, жеңгелер, ақсақалдар институттары) дәстүрді тасымалдау жолын ұйғарады.

Қазіргі заманымызда біздің төл мәдениетімізідің аясында қалыптасқан, дәстүрді ғасырлар бойы келер ұрпаққа тасымалдап отырған институттардың әлсізденуін, тіпті жоғалуын білеміз. Урбанизация үдерісінде туыстар арасындағы қарым-қатынастардың өзі эпизодтық сипатта жүріп отырғаны көпшілікке мәлім. Өз кезегінде бұндай үрдістер қоғамдық сананың да атомарлық күйін, яғни, үзілді-кесілді, жүйеленбеген күйін қалыптастыруда.

 

Бүгін біздер дәстүрлі ақсақалдар, әжелер, жеңгелер, аға-бауырлар институттары бұрынғыдай емес дей отырып, олардың замануи үлгісін әлі қалыптастырдық па?

Дәстүр сабақтастығы үзілген қоғамда «біздер» деп бөлініп жүрген шағын топтардың үлесі артады. Мәдени нормаларды сақтап көбейтіп отыратын дәстүрлі институттар әлсіреп, жойылған кезде әлеуметтік-мәдени динамика инерция заңдарына бағынады. Бұл арада инерция дегенді қалай түсінеміз? Мектеп қабырғасынан белгілі: дене немесе затқа қарсы үйкеліс күші немесе өзге зат-дененің сырттан әсері болмаса, ол тыныштық күйін немесе бірқалыпты түзу қозғалысын сақтайды. Инерция заңының бұл принципі мәдени динамиканың механизімін де түсіндіреді. Яғни, көптеген әдет-ғұрыптар тарихи, саяси оқиғаларға қарамастан, олар адамдардың тарихи өзгерістерге икемделуіне тосқауыл болмағандықтан ұзақ уақыт бойы сақталып келеді. Бірақ дәстүр деген ғасырлар бойы қалыптасып келіп, қысқа ғана уақытта жойылып кете алады. Сыртқы ортадан қарсы әсерден дәстүр тезірек ұмытылады, жоғалады. Мысалы, урбанизация процесі дәстүрлі киім-киіспен тез арада мәселені шешіп тастады. Қазіргі кезде дәстүрлі киім-киісті мерекелік іс-шараларда көреміз. Дәстүрлі тұрмыс-салтына қатысты әңгіме де осолай. Бұл көптеген халықтардың бүгін бастан кешіп отырған жағдайы.

Саяси ықпалмен, күшпен белгілі бір халықтың тұтастығын бұзу, қирату мақсатында дәстүр сабақтастығын үзу арқылы сол мәдениетке ешқандай қисынға сыймайтын, бөтен түсініктер мен өлшемдердің тез еніп кетуіне барынша оңтайлы орта қалыптасады. Бұны біз өткен ғасырдағы тоталитарлық жүйенің дәстүрлі мәдениетмізге тигізген кері ықпалынан анық білеміз.  Дәстүрдің халықтардың қоғамдық санасында қандай өзгерістерге ұшырағаны, қандай дәстүрдің мүлдем жойылып, қандай дәстүрдің трансформациялануы қарапайым азаматқа байқалмауы да мүмкін, бірақ зерттеу тақырыбы ретінде бұл әлі көптеген сұрақ туғызатын мәселе екені сөзсіз.

Замануи трансформациялармен байланысты кеңмасштабтағы өзгерістер бүгінгі әлемнің бет-бейнесін қалыптастыруда. Замануи мәселелерді баяғы әдіс-тәсілдермен шешуге келмейді. Урбанизация процесінен құтылу мүмкін емес. Өз кезегінде ол өмір сүру образын, отбасы типі, демографиялық мінез-құлықтың өзгерістерін қатар алып жүреді. Қазіргі кезде әлеуметтік және саяси өмірде діни мән-мағынаның эмоционалдық сипаты басымдырақ. Дінмен байланысты сұрақтар жалпы қызығушылық пен ізденісті ғана туғызып қоймай, діни және саяси қақтығыстардың туындауына себеп болып тұр. Бұл мәселелер идеологиялық тұрғыда да, қоғамдық ортада күнделікті пікір алмасуда белгілі бір ауыр реңмен талқыланады. Олай болса, дін сияқты нәзік тақырыптың соншалықты ауыр болуы дін мен зайырлылықтың, мемлекет пен діни бірлестіктердің, дәстүрлі құндылықтар мен жаңа эпистемалардың арасында жаңа қарым-қатынас тетіктерін қалыптастыруды талап етеді.

Жаңғыру – дәстүрлі қоғамнан замануи қоғамға өтетін әлемдік-тарихи үрдіс. Біздің талдап отырған тақырыбымызға қарай діннің жаңғыру аясындағы ролін зерделесек,  мұнда бірқатар сұрақтар бар.

Дін – дәстүрлі қоғамға тән құбылыс, ал жаңғыру дегенде оның ролі қандай? Жаңа сатыға өту деген бұрынғыны түбегейлі теріске шығару дегенді білдіре ме? Жоқ. Сондықтан жаңғырудың жемісті болуы дәстүрлі және замануи элементтерді үйлесімді игеруге байланысты. Осыдан келіп, дін жаңғыруға жағымды әсер етуі мүмкін, дұрыс қолданбаса, оны тежеп тұруы да ықтимал екендігін түсінеміз.

Айналып келгенде, заман өзгерісіне қарамастан дін деген феномен әр мәдениеттің негізі де басты сипаты да болып қала бермек. Мәселен, бүгін діннің жаңа талаптарға, заман өзгерістерінде өзін қалай қалыптастыратыны маңызды сұрақ болып табылады. Заман өзгерістеріне икемделіп қана қоймай, қоғамның арман қарай дамуына қалай септігін тигізеді?

Біріншіден, діни жүйенің негізінде жатқан жеке тұлғаның дамуын, жетілуін қолдайтын, жаңашылдықтарды қабылдауда ашық әрі өзара қарым-қатынаста толеранттылықты насихаттайтын элементтердің бар болуы.

Екіншіден, мемлекеттің дін саласындағы саясаты қандай екені маңызды. Мысалы: мемлекет секулярлық саясат ұстана ма, дінаралық сұхбат орнатуға бейім бе, діни бірлестіктердің қоғамдық бастамалардағы орны қандай? Және, сәйкесінше, діни қауымдастықтың ұстанымы қатаң консервативті әлде сұхбат құруға ашық болуы маңызды.

Осындай шарттар ескерілген кезде қоғамдық сананың жаңғыруында біз діннің позитивті нәтижесін көре аламыз, игере алмаз.