Жандәулет СҮЛЕЙМЕНОВ: Діни радикализммен күресте «жаңаша» форматқа көшетін уақыт келді

Қазіргі таңда деструктивті діни ағымдарғы қарсы жұмыстар маңызды мәселелердің біріне айналды. Мәселен, ел басқарып отырған тұлғалар осы бағытта жаңа жоба қабылдау қажет деген ұсыныстарын айтуда. Осыған байланысы KAZISLAM ақпараттық-танымдық порталының тілшісі елордадағы «Діндерді зерттеу орталығы» директорының орынбасары Жандәулет Сүлейменовтен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде сұрап білді.

– Жандәулет мырза, сіздердің орталықтарыңызда деструктивті діни ағымдарға қарсы қандай жұмыстар жасалынып жатқаны жайында айтып берсеңіз?

– Жылдың басында елімізде орын алған жағдай діни ахуалдың өзекті екендігін тағы бір мәрте көрсетті. Соған байланысты халықаралық деңгейде жұмыстар ұйымдастыру маңызды. Қазіргі кезде өңірлік деңгейдегі тәжірибелерді қолданудамыз. Енді шетелдік ұйымдармен бірлескен іс-шараларды жасауды жоспарлағымыз келеді. Бұл орталығымыздың ғылыми және практикалық потенциалын көтеруге мүмкіндік береді деген сенімдеміз.

Деструктивті ағымдарға қарсы ақпараттық, алдын алу жұмыстары біздің мекемеде кеңінен қарастырылған. Діни экстремизмге қарсы бағытталған 2018-2022 жылдарға арналған бағдарлама аясында жұмыс істейміз. Яғни, қала тұрғындарымен, жастармен, мешітке баратын жамағатпен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп тұрамыз. Экстремизм және терроризм баптары бойынша сотталғандармен діни оңалту жұмыстарын өткіземіз. Сондай-ақ әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тарату алдыңғы орында тұр.

Біздің орталықта деструктивті ағымдарға қарсы жұмыс «қаңтар қасіретіне» дейін де жоғары қарқынмен орындалған. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстың маңыздылығы жоғарыламаса, азаймайтыны анық. Қазіргі кезде күшейтілген не болмаса тың бағыттағы өзгертулер жоқ. Себебі, тергеу аяқталып, нақты шешім қабылданғанша пікір білдіру мүмкін болмай отыр.

– Сонда елімізде болған қаңтар оқиғасынан кейін радикализмге қарсы жұмыстарға ешқандай өзгеріс еңгізілмеді ме?

– Бұл «қаңтар оқиғасы» тек діни мотивке негізделген дегенмен келіспеймін. Сол себепті толық тергеу жұмыстарының аяқталғанын күтеміз. Әрине, біз өзіміздің мекеме құзыреті шегінде ғана шешім қабылдаймыз. Ал дін істері бойынша құзырлы органдардан жаңашылдықты күтеміз.

Президенттің «Жаңа Қазақстан» құру бастамасы технология дамыған заманда «дәстүрлі» форматтан «жаңаша» форматқа ауысу дегенге бағыттайды. Шыны керек, 2016 жылдан бері қалыптасып қалған бір жоспармен жұмыс істеп келе жатырмыз. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы жұмыстарды күшейтетін,  жан-жақты келісілген шешім шығару керек деп ойлаймын.

Деструктивті ағымдарға қарсы жұмыс тәжірибе жүзінде ғана іске асырылып келе жатыр. Енді ғылыми негіздерге сүйенген теориялық мәліметтер іздегенде жерден тары терген құстай болып қаламыз. Жат ағымдарға қарсы инновациялық бағдарламалар мен стратегиялық бағыттарды дамыту қажет. Яғни, алдын ала зерттеу жұмыстары арқылы жүзеге асырсақ, бізге әлдеқайда жеңіл болатын еді.

Діни экстремизмдегі күресте тек салдармен толық күресіп, күшті сол жаққа ғана жұмсау қате. Негізгі факторларды, себептерді де ұмытпаған жөн. Аталған жұмыстар бойынша, діндерді зерттеумен айналысатын арнайы институттар мамандарға дұрыс, оңтайлы бағыт-бағдар беріп отыруы да аса маңызды екендігін айтқым келеді.

– Жандәулет Отарбайұлы, осы бағытта заңнамаға қандай да бір түзетулер енгізу қажет деп ойлайсыз ба?

– Қазақстан зайырлы, құқықтық мемлекет болғандықтан, кез келген мәселені заңнаманың аясында қарастырады. Ал құқықтық заңнамада «деструктивті діни ағым» деген термин қарастырылмаған. Бұған қатысты өзге де терминдер жоқтың қасы. Қазіргі таңда экстремизм мен терроризм бағыттары бойынша істер көтеріліп жатыр. Бәрін айналдырып келіп, бір бапқа салып жатырмыз. Сондықтан маңызды деп танылған әр мәселеге жеке заң шығару дұрыс деп санаймын.

– Түсіндіру жұмыстарын көбіне қандай жас аралығындағы азаматтарға өткізген дұрыс?

– Деструктивті діни ағымдарға көбіне 16-29 жас аралығындағы жастар түсіп кетіп жатыр. «Қаңтар оқиғасында» да осы жас аралығындағы жастар тұзаққа түсті ғой. Тергеу жұмыстары кезінде діни сауаттылықтың жетіспеушілігі байқалған. Бұл әлемдік тәжірибеде де көрініс тауып отыр. Сондықтан жастарға, тіпті, мектеп қабырғасындағы оқушыларға діни білімнің негіздерін үйрету қажет. Иә, мектеп бағдарламасында «Дінтану» факультативті пәні оқытылады. Бірақ ол қаншалықты қонымды үйретіліп жатыр, соны назарға алу қажет.

– Рақмет!