Жандәулет Сүлейменов: Тәуелсіздік – дін саласына да серпін берді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кез келген ел мәдени, тарихи және геосаяси жағдайына байланысты өзінің діни саясатын жүргізеді. Ал, біздің елімізде діни қажеттіліктер қалай өтелуде, КСРО-дағыдай әлі де болса шектеулер мен тыйымдар бар ма? Тәуелсіздік алған отыз жылда қандай өзгерістер орын алды? Қазақстандағы діни жағдай туралы, елдегі заң нормаларының ерекшеліктері туралы теолог, сарапшы, астанадағы Діндерді зерттеу орталығы директорының орынбасары Жандәулет Сүлейменов осы төңіректегі сұрақтарға жауап берген еді.

- Жандәулет Отарбайұлы, әңгімемізді дін саласында қызмет етіп жүрген мамандар жайында бастасақ. Бәрімізге белгілі, тәуелсіздік алған жылдары елде дін саласында мамандар жеткіліксіз болды. Қазіргі таңда сол мәселе шешімін тапты ма?

- Қойып отырған сұрағыңыз дін саласында мамандарды қалыптастыру бойынша өте өзекті. Өйткені, тәуелсіздік алғаннан кейін, тіпті 2000 жылдарға дейін, еліміздің дін саласында туындаған сұрақтарына жауап беретін білікті мамандардың саны өте аз болды. Біз қазір діни радикализм проблемасын көтереміз, сол жаққа кіріп кеткен отандастарымыз туралы айтамыз. Ал осыған себеп болған факторлардың бірі кезінде білікті, білімді мамандардың болмауынан, діни сұрақтарға нақты жауаптар берілмегеннен шығып отыр. Теологиялық маңызы бар, соның ішінде «ақида», «фиқһтық» діни сұрақтарға жауап беретін адамдар жоқтың қасы болған еді. Ал, қазір, тәуелсіздік алған отыз жылдың ішінде маман қалыптастыруда жақсы нәтижеге жете алдық деп ауыз толтырып айтуға болады. Өйткені, 2000 жылдардың тұсында елімізде діни маман даярлайтын оқу-орындары қалыптаса бастады. Еліміз бойынша маман дайындауда елеулі үлес қосып келе жатқан «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университеті ашылған болатын. Аталған білім ордасы 2001 жылы ашылып, күні бүгінге дейін 2000-нан астам маман (бакалавр, магистратура және докторантура) дайындап шығарды. Олардың басым көпшілігі дін саласында қызмет етіп жүр. Мәселен, өзім де сол аталған оқу орнының магистратурасын тәмамдаған болатынмын.

Тағы ескерте кететін жәйт, елімізде ҚМДБ тарапынан құрылған медреселерді де айта кету керек. Қазақстанда қазіргі кезде 9 медресе жұмыс жасап тұр. Кейбірі заманауаи колледждік мәртебесін де алып жатыр. Бұрынғы ата-бабаларымыз ішінара Хиуа, Бұқара, Қазан асып, сол жақтағы медреселерде оқып, елге оралатын болса, қазіргі еліміздегі медреселер де осы деңгейде шәкірттер дайындап жатыр. Бұл қуантарлық жағдай!

Қорыта келе, қазіргі таңда елімізде дін саласында сауатты және білікті мамандар қалыптасуда. Олар қоғамда туындаған діни мәселелерге жауап беретін деңгейге жетіп отыр. Енді алдағы уақытта практикалық тұрғыдан қарағанда, ғылыми тұрғыда зерттеулер жүргізуге баса мән беру керек деп ойлаймын.

-Тәуелсіздік алған тұста «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданған болатын. 2011 жылы аталған заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы болып өзгерді. Сіздің ойыңызша, қабылданған заңнаманың дін саласына оң әсері болды ма?

- Мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтауда діннің алар орны ерекше. Сол себепті де, оны реттейтін заңнама қажет болады. Аталған заң қабылдағаннан кейін елдегі діни қызмет, уағыз-насихат, миссионерлерлік қызмет барысында туындайтын кейбір проблемалар өз шешімін тапты. Елдегі діни қатынастарды заң құқықтық тұрғыда реттеп беруде. Заңның өзектілігі де осында. Мәселен айтар болсақ, біздің мемлекетіміз зайырлы, құқықтық мемлекет болып табылады. Бір дінге басымдық берілмейді бұл мемлекетте. Енді қоғамда, тұрғындар арасында діни қажеттілік, мұқтаждық болатыны сөзсіз. Ал осы қажеттілікті өтеу барысында зайырлылық принциптері бұзылмауы тиіс. Шындығында да солай, зайырлылық принциптері мен діни құндылықтар шынтуайтында бір-біріне қарсы келмейді. Екі құндылықта да бір-біріне үйлесуде гармония орын алады. Ал кімде-кім осыны сауатты түсіне алмаса, арадағы гармонияның бұзылуына әкеледі. Бұл енді өз алдына бөлек мәселе.

Діни қатынас туралы заңнама тек қана белгілі діннің құқықтық еркін реттеумен ғана емес, сонымен қатар, елдегі діндер аралық татулық пен төзімдікті қалыптастыруға қабілетті болуда. Сондай-ақ, жат радикалды діни идеялардың ортаға шықпауына бұл заң оң әсер беріп отыр.

- Тәуелсіздіктен бергі жылдары мемлекет халықаралық деңгейде діни ахуалды тұрақтандыру мақсатында қандай айтулы іс-шаралар қабылдады? Жалпы Қазақстанның бұл тұрғыдағы әлем елдері алдындағы беделі қандай?

- Иә, қазір қарап отырсаңыз сыртқы шаруа тұрмақ, ішкі шаруаны шешудің өзі үлкен еңбек.Әсіресе дін саласында да солай.Дегенмен еліміз сыртқы саясат, соның ішінде діни салаға қатынасты болған мәселені шешуде өзіндік орны бар іс-шаралар қабылдай білді. Бұл да көргенді саясат. Мәселені шешуді халықаралық деңгейде көтере отыра, оған жетекшілік ету - сенімділік пен тәжірибені керек етеді. Иә, бірақ мұны Қазақстан жасай алды.

Тәуелсіздік алған кейін жасаған кешенді іс-шаралардың бастыларын айтатын болсам - «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін» айта аламыз. 2003 жылдан бері бұл съезд халықаралық деңгейде елорда төрінде ұйымдастырылып келе жатыр. Бұл іс-шара дәстүрлі түрде 3 жыл сайын жүйелі өткізіліп тұрады. Әр съезде дін саласына қатысты халықаралық деңгейде тың, өзекті мәселелер талқыланады, шешімін табады. Келесі жылы да елордада VII съезд өткізілуі жоспарланып отыр. Аталған съезді халықаралық деңгейдегі теңдесі жоқ іс-шара деп ауыз толтырып айтуға болады. Таяу Шығыстағы Сирия соғысы уақытында да халықаралық келіссөздер жүргізу үшін Қазақстан бейтарапты түрде алаңқай ұсына білген еді. Сонымен қоса, соғыс жүріп жатқан Сирия, Ирак аймақтарынан Отандастырымызды оралту мақсатында ұйымдастырылған «Жусан», «Русафа» операцияларының жүргізілуі де халықаралық терроризмнің алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстардың бірі болды. Бұл туралы БҰҰ-ның отырысында да оң пікір білдірілді.

- Тәуелсіздік алған жылдары елге әлемнің түкпір-түкпірінен миссионерлер еш кедергісіз келді. Қазір де миссионерлер елімізде қызмет жасауда. Осы фактор Қазақстанда діни экстремизмнің таралуына әсер етті дегенге келісесіз бе?

- Ішінара келісемін.Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары діни радикалды идеологиялар елде көптеп таралып үлгерді, бұған шетелден келген заңсыз миссионерлердің де үлесі жоқ деп айта алмаймын. Сол уақытта бейресми уағызшылардың көбеюі халық арасында проблема туғызды. Осындай мәселелерден кейін заңның талабы күшейтіліп, мемлекет тиісті шаралар қабылдап, бұл мәселе де шешімін тапты.

Жоғарыда айтқан заң миссионерлік қызметті де заң толық реттеді. Оларға қойылатын талаптар қайта қаралып, күшейтілді. Сол себепті де, елдегі ресми миссионерлік қызметпен айналысатындар қызметі бір жолға қойылды. Миссонерлік қызметтен келетін діни экстремистік идеология қазір тоқтатылды деп айтуға болады.

-Сөз соңында сарапшы ретінде қазіргі елдегі діни жағдайға қандай баға берер едіңіз?

- Елдегі діни жағдайға мән беріп, сараптап отырамыз. Қазір діни ахуал қоғамда тұрақты. Үлкен проблема жоқ. Әрине, жекелеген, ішінара проблемалардың туындап отыруы бұл – заңдылық.

Діни қызметті реттеп отыру, сенім бостандығына еркіндік беру, сондай-ақ, сеніміне қарамастан барлық азаматтың заң алдында тең құқыққа иелік етуі - бұл мемлекеттің дін саласында жасап отырған саясатының маңызды бөлігі деп есептеймін.

Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/zhandaulet-suleymenov-tauelsizdik-din-salasyna-da-serpin-berdi_a3865391