Жат ағым жарға жығады

Қазақ халқы тағдыр тәлкегімен ел аумағына келген этностарды діни көзқарасына, наным-сеніміне, салт-дәстүрі мен ұстанымына қарай бөле-жармаған. Нәубет жылдары жаны қиналғандарға қонақжайлығын көрсеткен. Ел егемендігін алып, еңсе тіктей бастаған тұста да ресми тіркелген дәстүрлі дінді ұстанғандардың құқығы мен бостандығы заңмен қорғалып отыр.

Тәуелсіздік жылдарында дінаралық келісім саласындағы міндеттерді іске асыру мақсатында түрлі ведомство құ­рылды. Алды­мен республикалық деңгейде Дін істері жө­ніндегі агенттік құрылды, кейінірек бұл Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің жанындағы Дін істері комитеті болды. Жер­гілікті атқа­рушы органдар деңгейінде дін істері басқармалары мен діндерді зерттеу орта­лықтары құрылды. 2011 жылы «Діни қы­змет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заң қабылданды. Ізінше көп ұза­май діни бірлестіктер қайта тіркелді. Нә­тижесінде, заң шеңберінде ресми тір­келген 18 конфессия ғана қалды. Жаңа заң қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізді. Атап айтқанда, тіркеу, мис­сионерлік, әдебиеттерді тарату сынды басқа да сауалдарға қатысты туындаған мә­селелерді жүйеледі.

Астана қаласы Діндерді зерттеу орталы­ғының мәліметіне сүйенсек, елордада 14 діни конфессия қызмет атқарады. 55 діни бірлестік тіркелген. Оның ішінде 14 ислам, 6 орыс православ шіркеуі, рим-католик шіркеуі, протестанттық діни бірлестіктер, Иегова куәгерлері, Иса Мәсіхтің соңғы заман­дағы әулиелер шіркеуі (мормондар), Жаңа апостолдық шіркеу, Иудаизм, Бахаи, Кришна сана қоғамы бар. Елордада жүргізілген социологиялық зерттеулерге сүйенсек, сауал­дамаға қатысқандардың 88,3 пайызы өздерін мұсылманмын десе, 8,6 пайыз православ дінін, 0,4 пайыз католицизм және шамамен 3 пайызы  өзге дінді ұстанатынын көрсеткен. Қазір Астанада 32 діни ғимарат болса, оның ішінде исламдық – 14, православтық – 4, католиктік – 3, протестанттық – 10 және яһудилік бір ғи­марат бар.

Елордадағы діндерді зерттеу ор­талығы қала тұрғындары арасында дін та­қырыбында ақпараттық-түсіндіру жұ­мыс­тарына араласады. Деструктивті діни ағымның жетегіне ергендерді және жат сенімнің қыспағында зардап шек­кендерді оңалту жұмыстарына тартып, жәрдемдеседі. Сол үшін де дін­дерді зерттеу орталығы елордадағы әйел жамағатымен байланыс орнатып, интернет-мониторинг жүргізуден қол үзбейді.

Елордадағы діни ахуал жайында тар­қатып айтар болсақ, қалыпты деңгейде деп сипаттауға болады. Бірақ белгілі бір фрагменттік қауіп факторлары жоқ емес. Мысалы, интернет пен медиа индустрияның дамуына байланыс­ты онлайн кеңістікте деструктивті діни ағым­дардың, сондай-ақ заңсыз миссионерлік қыз­метпен айналысатын ұйымдардың әре­кеті байқалады. Бұл ретте тұрғындарға дін са­ласындағы мемлекеттік саясаттың басым­дықтарын түсіндіріп, деструктивті діни ағымдардың қауіптілігін ескеруге жұмыл­дырылған дін мәселелері жөніндегі ақпа­раттық-тү­сіндіру топтары нәтижелі жұмыс іс­теп жатқанын қаперге алғанымыз жөн. Негізі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы қабылданғаннан кейін бас­талды. Осы заңның ережелеріне сәйкес дін саласында ақпараттық-түсіндіру жұ­мыстарын жүргізу уәкілетті органның, жергілікті атқарушы органдардың, респуб­ликалық маңызы бар қалалардың және елорданың құзыретіне енді. Сонымен қатар ақпараттық-түсіндіру жұмыстары Қазақ­стан Республикасы Конституциясының ере­желерімен, «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңымен, дін саласындағы 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік саясат тұжырымдамасымен, діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасымен реттеледі.

– Есепті кезеңде елордада 561 алдын алуға қатысты кездесу ұйымдастырылып, оған барлығы 26 мың тұрғын қатысты. Яғни бұл бағытта нәтижелі жұмыстар іске асты. Өйткені ақпараттық-түсіндіру жұмыстары халықтың діни сауаттылығын арттыруға ықпал етеді әрі радикалды діни идеологияға қарсы иммунитет қалып­тастырады. In­sta­gram және Facebook плат­формаларында, орталықтың ресми парақ­­шаларында 35 тікелей эфир ұйым­дастырылып, оны 16 мыңнан астам әлеуметтік желі қолданушысы көрді. Тіке­лей эфирде өткен онлайн дәрісте көрер­мендер дін саласындағы көкейдегі түрлі сұрағын қойып, сауалына нақты әрі тұшымды жауап алды. Айта кетерлігі, осыдан кейін қала тұрғындарының қатысуымен онлайн форматта дәріс өткізудің тиімділігі байқалды. Сәйкесінше, биыл орталықтың ресми аккаунттарында тікелей эфирде 28 онлайн-дәріс өтті, – дейді Астана қаласы Діндерді зерттеу орталығы ақпараттық-түсіндіру жұмысы бөлімінің басшысы Алмас Ерназаров.

Ақпараттық-түсіндіру жұмысының не­гізгі бағыты ел арасындағы нақты атау­лы топ­тармен жұмыс істеу. Бұл міндетті бірнеше тармаққа бөліп қарастыруға бо­лады. Бірінші бағыт – «тәуекел топтарын» анықтауға негізделген. Тәуекел топ­­тарында әдетте жастар, әлеуметтік әлеуеті жағынан осал санаттағы отбасылар, өзін өзі жұмыспен қамтығандар болады. Атаулы топтарда профилактика жүр­­гізудің ерекшелігі сол, әрбір «тәуекел то­бына» ақпараттық-түсіндірудің белгілі бір әдіс-тәсілдері қолданылады. Мұндай әдістер, әрине, аудиторияның ерекшелігіне негізделген. Астана қаласындағы Дін­дерді зерттеу орталығы жастармен ұдайы профилактикалық кездесу өткізіп ке­леді.  Танымдық бағыттағы кездесулерді дін мәселелері бойынша ақпараттық-тү­сіндіру топтары ұйымдастырады. Бұл топ­тар деструктивті ағымдардың әрекеті туралы халықты ақпараттандырып, дін сала­сындағы заңнаманы түсіндіруге мықтап кіріскен. Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері мектеп оқушыларымен, жоғары оқу орындарының студенттерімен тұрақты кездесу ұйымдастырудан басқа, дін саласында жастар қозғалысын үйлестіріп отыр. Мәселен, биыл жыл басында Діндерді зерттеу орталығы дін саласындағы жас­тар қозғалысының құрамын бекіткен. Бұл топқа 33 азамат еніп, олар 7 мыңнан астам тұрғынды қамтыған 220 кездесу өткізді. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының екінші бағыты – интернет кеңістігіндегі деструктивті діни ағымдардың жолын кесу. Бұл ретте Діндерді зерттеу ор­талығы ай сайын тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға бағытталған бей­нематериал, мақала жариялаумен шектелмей, әлеуметтік желіде деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы насихат жүргізеді. Мәселен, орталықтың ықпалымен биыл жыл басынан бері ақпарат көздеріне және әлеуметтік желіге 2,5 мыңнан астам материал жарияланған. Орталықтағы қыруар жұмыстың үшінші бағыты – террористік іс-қимыл өршіп тұрған елдерден оралған балалармен тілдесіп, көмек көрсетуге негізделген. Атамекенге «Жусан» арнайы операциясымен оралған балалармен орталықтағы теолог, психолог мамандар сөйлеседі. Одан әрі түрлі ұлттық, мәдени-спорттық іс-шараларға тарта отырып, оңалту шараларын қазақ қоғамының дәстүрлі құн­дылықтарымен байланыстырып үйлесімді ұйымдастырады.

Діни экстремизм мен терроризм идея­сын насихаттайтын радикалды материал­дарды анықтау мақсатында интернет-ке­ңістік пен әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізіледі. Сонымен қатар маусым айының басында орталықтың You Tube-каналында «Жұмақ: жаза және кешірім» фильмінің премьерасы ұйымдастырылды. Бұл фильм экстремизм мен терроризмге қарсы үгіт-насихат жұмыстары аясын­да дайындалды. Былтыр Аста­на қаласы Дін істері басқармасының бас­та­­ма­сымен «Жұмақ» қысқаметражды көркем фильмі жарыққа шыққан еді. Бұл туындыны әлеуметтік желілерде (Facebook, Instagram, Tik-Tok) 5 млн-нан аса қолданушы тамашалаған.

Діндерді зерттеу орталығы елордада дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топ мүшелерінің біліктілігін арттыруға барынша көңіл бөлуде. Мұндай семинарға мемлекеттік қызметшілер мен дін саласында жұмыс істейтін құқық қорғау органдарының қызметкерлері де қатысады.

Елорда тұрғындарының діни сауат­тылығын арттырып, ақпараттандыруға көңіл бөліп отырған Діндерді зерттеу орталығының мамандары тұрғындардың дін тұрғысындағы сауалына кез келген уақытта жауап беруге дайын екенін айтады. Өйткені орталықтағы білікті теолог, дінтанушы, психолог пен заңгерлер өз ісін жақсы біледі.

Сәндібек Асанәлі