Өзін ең көп алдайтын адам кім?

Ислам әлеміне танымал ғұлама Ибн Жәузи «Сайду л-Хатыр» еңбегінің 38-бетінде бұл жайында былай деп жазады:

«Өзін-өзі ең көп алдаған адам – Алла ұнатпайтын істерді істесе де, Алладан өзіне ұнайтын нәрсені сұраған адам. Раббымыз бізге, кітабы Құран Кәрімде және елшісі пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) арқылы жақсы көретін амалдарын және бізден нені қалайтынын білдірген.

https://kazislam.kz/ozin-eng-kop-aldajtyn-adam-kim/

Ең маңыздысы, Раббымыз жақсы көретін амалдардың барлығы да адамдарға пайдалы әрі адамдардың игілігі үшін. Өйткені, Алла Тағала еш нәрсеге мұқтаж емес, барлық нәрсе оған мұқтаж. Бізден бір амалды орындауымызды қаласа, оны дүниеде немесе ақыретте пайдасы болғаны үшін ғана бұйырған. Жағдай осындай бола тұра адам баласы Раббысының қалағанын орындамай, құлықсыз, жалқау, сараңдық жасайды.

Алайда, адам өз жанының қалауы мен арзуына келгенде Раббысына дұға етіп, қажеттілерінінің барлығын тізбектей жөнеледі: «Құдай, мен сенен мынаны сұраймын, мен мұны қалаймын, маған мынаны бер гөр…», – деп. Алайда Алладан қалаған нәрселерінің кейбірі немесе көпшілігі оның дүниесі мен ақыретіне пайдасы жоқ, тіпті зияны да болуы мүмкін.

Біз дұға жасағанда Раббымыздың қабыл етуін қалаймыз, бірақ неге біз Раббымыздың сұрағына жауап бермейміз? Раббымыз бізге не айтты?

«Әй, иман келтіргендер! Алла мен Оның Елшісі сендерді өмір беретін нәрселерге шақырған кезде жауап беріңдер. Сондай-ақ Адам мен оның жүрегінің арасын Алланың бөліп тұратынын және оған жиналатындарыңды біліңдер». («Әнфал» сүресі, 24 аят.)

Бұл аяттан алатын өмірлік сабағымыз: Кімде-кім Аллаға мойынсұнудан тыйылып, Оған қарсы күнә жасауды жалғастырса, өз қалаулары бойынша Алладан талап қойып, оны Алла тағала оған берсе, бұл жағдай ол адам үшін тиімді болуы мүмкін. Алайда бұл тиімділігі бірте-бірте адамды құрдымға сүйрейді. Өйткені, мұндай адам Алланың өзіне берген нығметтерін өз нәпсісінің қалауымен пайдаланғаны үшін Алланың сүйішпеншілігінен алыстайды.

Сонымен қатар, Раббымыз кейде кәпірлерге дүниелік мүмкіндіктерді үйіп-төгіп береді, бірақ мұны жақсы көргені үшін емес, оларды құрдымға апару үшін ғана. Бұл жайында Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді: «Олар солай ойлай ма, оларға берген байлықпен және ұлдарымызбен оларға пайда әкелгіміз келеді ме? Жоқ, олар мұны түсінбейді». (Мүминун сүресі, 55-56 аят.)

«Олардың мал-мүлкі мен бала-шағаларына сендер таңданбаңдар. Өйткені Алла оларға берген мал-мүлікпен дүниеде азаптарын арттырып, кәпір болып өлулерін ғана қалайды». («Тәубе» сүресі, 55-аят)

Бұл шындықтың алдында, біздің міндетіміз, Раббымыз жақсы көретін және разы болатын амалдарды жасау және Аллаға алақан жайып дұға тілек жасағанда, нәпсіміздің құмарлығына емес, екі дүниемізге пайдалы нәрсені сұрауымыз керек. Раббымыз разы болған пенделерінен болуды және дұға тілектеріміз Раббымыздың разылығына қарай талап ететін пенделерінен етсін. 

Исатай БЕРДАЛИЕВ,

Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының теологы,

PhD Доктор