Елорда дін өкілдері қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтады

1 наурызда Қазақстанда Алғыс айту күні атап өтіледі. Бұл күн қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді одан әрі қолдау және нығайту үшін ұлты мен діни сеніміне қарамастан қазақстандықтарды бірлікке шақыруға арналған. Елорданың діни бірлестіктерінің басшылары жұртты осындай маңызы зор мерекемен құттықтады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

«Көктемнің алғашқы мерекесі – Алғыс айту күнімен барша қазақстандықты құттықтаймын! Алла Тағала елімізді қауіп-қатерден қорғап, бейбітшілік пен тыныштықты сақтасын! Ұлтаралық және халықаралық достық мәңгі болсын!» - деп құттықтады елордадағы Әбу Насыр әл-Фараби атындағы мешіттің бас имамы Нұрлан Рамазанов.

Ол конфессияаралық келісім – Қазақстан халқы бірлігінің кепілі екенін атап өтті.

Астаналық шіркеу округінің қызметкері Архимандрит Сергиус өзінің құттықтауында данагөй Сүлейменнің «Қайырымсыз адам – қауіпті адам» деген сөзін келтірді.

«Өзге адамдардың бізге жасаған жақсылықтарын есте ұстамасақ, біз өзімізге де, айналамызға да қауіпті боламыз. Бұл күні мен жақсылықтарды, игіліктерді есте сақтауға және жақсылықты жақсылықпен қайтаруға шақырғым келеді. Мереке құтты болсын!» - деді архимандрит Сергиус.

Нұр-Сұлтан қаласының Бас раввині Шмуэль Карнаух қазақстандықтарға бақ-береке тіледі.

«Құрметті қазақстандықтар, сіздерді бүгінгі маңызы зор мерекемен құттықтаймын! Сіздердің ата-аналарыңызға, ата-бабаларыңызға өткен ғасырдың қиын-қыстау кезеңінде келген жұртты қабыл алғанына, көрсеткен қамқорлығына алғыс айтқым келеді», - деді ол.

Әулие Мария Архиепархиясының епископы Атаназиус Шнайдер қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен құттықтай отырып, Қазақстан халқының қуғын-сүргін кезінде қазақ жеріне жер аударылған барлық ұлт өкілдеріне көрсеткен қамқорлығы мен мейірімін атап өтті.

«Бүгінгі Алғыс айту күні қазақ халқына алғысымды білдіргім келеді. Қазақ халқы өткен ғасырда жер аударылып, қуғын-сүргінге ұшыраған заманда барша ұлт өкіліне мейірімділік танытып, бауырына басқанын жақсы білеміз. Бұл тарихымызда өшпестей болып қалады. Қазақстан халқына үлкен абырой мен жақсылық тілеймін!» - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 1 наурызда Қазақстанда Алғыс айту күні аталып өтеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күніне орайластырылған мереке көпұлтты және көпконфессиялы ел бірлігінің символына айналды.