ҚАТЕЛІК

Тарих сахнасында қазақ елі алпауыт мемлекеттермен қатар тұрып, дала заңының көшін бастап, көшпелі мәдениеттің озық үлгісін көрсетіп, ғылым мен білімнің, сөз өнерінің өшпес негізін қалыптастырғанын ғылым жоққа шығара алмайды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бастап, ата-бабаларымыздың аманаты мен салып кеткен жолын бастамаға алып дәстүрлі құндылықтарымыз бен рухани мұрамызды жаңғыртауға талай мемлекет тарапынан бағдарламар мен ел мұрасын сақтап қалуға арналған бірегей бағдарламалар іске асырылды және жалғасуда. Халқымыздың сан ғасыр бойы ұстанып келе жатқан, дәстүрімізбен, елімізбен біте қайнасқан, рухани іргетасымызға айналған сонау Қарахан хандығы тұсында мемлекеттік дәрежеде ресми дін болып танылып, Қазақ хандығы тұсында толығымен жерімізде таралған, ұлтымыздың ұлы ойшылдары Абай, Шәкәрім, М.Көпейұлдарының ұстанымына айналған ислам дінін қоғамымызда болып жатқан діни білімсіздікпен, дін атын жамылған теріс пиғылды діни топтардың іс-әрекетімен күресуге және олардың алдын алу бойынша насихаттау қолға алынды. Осы орайда дәстүрлі сеніміміз Қазақстан Республикасының діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында діни экстремизм мен терроризм құрбандарына айналған отандастырымызды рухани негізбен, ділімізбен қайта бейімделуіне бағдар, жол көрсетуші болып тағайындалды.

Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мен оның жетегінде кеткен азаматтарымызды қайта бейімдеу мен оларға рухани негіз қалыптастыру жұмыстарымен Дін істер басқармасына қарасты Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығының білікті психолог және теолог мамандары айналысып келе жатыр. Орталықта өткізіп жатқан іс-шаралар, семинарлар мен сабақтар деструктивті дін ағымдары өкілдерінің көзқарасының өзгеріп, бейімделуіне өз әсерін тигізіп жатқандығы және басынан өткен оқиғалар туралы өткізілген интервью-сұхбаттың шағын көлемдегі нұсқасын ұсынып отырмыз.

 

Кенбаев Ержан есімді респондентпен сұхбат

(аты-жөні өзгертілген)

- Ержан мырза, өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз, жасыңыз, біліміңіз, туып-өскен жеріңіз, отбасылық жағдайыңыз?

- Мен Кенбаев Ержан 39 жастамын, Қызылорда облысының тумасымын. Үйленіп, ажырасқанмын. Анам ғана бар,әкем қайтыс болған. Сол өзім туысып өскен ауылда анам тұрады.

- Қай уақыттан бері жазаңызды өтеудесіз және қандай баптар бойынша жазаға тартылғаныңыз туралы айта кетсеңіз?

-2004 жылдан бері түзету мекемелерінде жазамды өтеудемін. Екінші реттік қылмыстық іс бойынша 17 жылға бас бостандығымнан айырылдым және жаза мерзімім 2021 жылы толық аяқталады деген үміттемін. 2002-2004 жылдар аралығында мемлекетке опасыздық жасау бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікте болдым. Кейін тағы теріс қателесіп, аяғымды дұрыс баспай билікке қарсы келу, елімізде рұқсат етілмеген насихаттармен айналысу және оны ашық түрде жария ету, мемлекетке қарсы келу сияқты баптар бойынша баптары бойынша жазаға тартылдым. Қазір екінші рет істі болып, түзету мекемесінде жазамды өтеудемін. Осы уақытқа дейін 3 рет мерзімімнен ерте босату бойынша арыз бергеніммен сот тарапынан қанағаттандырылмады.

- Ажырастым деп отырсыз, қалай үйленгеніңіз туралы айтып бере аласыз ба?

- Негізі мен 2004 жылдан бері жазамды өтеуші болғандықтан, осы түзету мекемесінде Алланың қалауымен некемді қидырдым. Кейін отбасылық және діни себептерге байланысты ажырасып кеттік, арамызда бала болмады. Отбасы болу үшін әйелі мен күйеуі бір жерде тұру керек қой, ал менің жағдайымда бұл мүмкін емес. Ажырасуымыздың да себебі осы деп ойлаймын.

- Намазды қай жылдан бастап оқи бастадыңыз?

- Намазды шамамен 2003-2004 жылдары оқи бастадым. 2013 жылдарға дейін жазамды өтеу барысында намазды арасында оқып бастадым. Шынымды айтсам, кейде оқып, кейде намаз оқымаймын. Неге екенін өзім де білмеймін.  

- Қазіргі діни сауатыңыз қандай деңгейде деп ойлайсыз?

- 2013 жылдан бері намаз оқып жүрген жоқпын, ораза да ұстамаймын. Бостандыққа шыққан соң намаз оқуға ниетім бар. Діни сауатым төмен десем де болады. Діни бағытта сауат ашпадым. Құраннан қысқа, бар болғаны 10-ға жуық сүрелерді арабшасынан емес, былай кириллицада жазылған нұсқада жатқа білемін.

- Түзету мекемесінде отырған өзіңіз секілді жазасын өтеушілермен ара-қатынастарыңыз қалай?

- Түзету мекемесіндегі жазасын өтеуші кейбір агрессивті діндарлар менің намаз оқымай жүргеніме байланысты маған «муртад болды», «кафир болды» деген пікірлерін айтады. Олардың пікірімен қосылмаймын, олармен тығыз араласуға ниетім жоқ. Дәл қазір діннен бөлек санамды мазалайтын сансыз сұрақтар бар. Өзімнің өмірде алдыма қойған мақсаттарым бар. Түзету мекемесіндегі жаза мерзімім аяқталғанша бойымда дінге қатысты бір өзгерістің болуы екіталай. Сондықтан, қазіргі қалпыма да, жағдайыма да санам үйреніп алған. Алдағы уақыттарда бостандыққа шыққан кезінде дінге бет бұруым немесе алшақтауым да мүмкін. Бірақ, бойымда дінге ғылыми негізде зерттеуге немесе беріліп кетуге ниетім де жоқ. Керісінше алаңсыз, өз бетіммен өмір сүргім келеді.

- Қандай да бір тілегіңіз бар болса...

- Түзету мекемесіндегі діни мазмұндағы кітап қорына араб тіліндегі Құран кітабын, сонымен қоса, қазақ, орыс тілдерінде діни мазмұндағы кітаптармен толықтырылса деген ұсынысым бар.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

Жусупбеков Батыр есімді респондентпен сұхбат

(Аты-жөні өзгертілген)

- Батыр мырза, өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз, жасыңыз, біліміңіз, туып-өскен жеріңіз, отбасылық жағдайыңыз?

- Мен Жусупбеков Батыр 1985 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келдім. Қарапайым отбасынанмын. Білімім – орта.

- Қай уақыттан бері жазаңызды өтеудесіз және қандай айыптаулар бойынша жазаға тартылғаныңыз туралы айта кетсеңіз?

- Мен негізі қазіргі уақытта қылмыстық екі бап бойынша жазамды өтеудемін, яғни терроризмді ашық түрде насихаттау және оған шақыру, келесі діни алауыздықты қоздыру баптары негізінде сот шешімімен 6 жылға сотталдым. Шыны керек, бұрын да кісі өліміне қатысым болып, 7 жылға сотталып, жазамды өтеп шыққан болатынмын.

- Қысқаша өзіңіздің отбасыңыз туралы айта кетсеңіз...

- Үйленгенмін, екі балам бар. Үлкені 8 жаста, кішісі 4 жаста. Ағайындарым мен анам Атырау қаласында тұрады.

- Намаз оқуға деген ниетіңіз қашан пайда болды деп ойлайсыз?

- Намазды мен 2006 жылы түзету мекемесінде жүрген кезімде бастадым. Сол жердегі басқа намаз оқитын бауырлардың ықпалы болды ма, сол кісілерден үйрендім ғой.

- Мерзімінен бұрын бостандыққа шығу туралы арыз жазып көрмедіңіз бе?

- Иә, жазған болатынмын. Осы уақытқа дейін 3 рет бас бостандығымнан айыруды шектеуге алмастыру бойынша арыз бергенмін, бірақ себептерге арымызды қабылдамады.

- Діни білімді қайдан және кімнен алдыңыз?

- Бастапқы кезде Ринат Абу Марьямды, кейін Ділмұрат Махаматовтың уағыздарын жиі тыңдадым. Құраннан 30-шы бөлімін, яғни парасын жаттағанмын. «Тәжуид» қағидаларын меңгергенмін, өз бетіммен. Негізі мақсатым- араб тілін үйрену.

- Өзіңіздің бастан кешкен оқиғаңыздан қандай сабақ алдыңыз? Айтар ақыл-кеңестеріңіз бен өзіңіздің жеке қалауыңыз болса...

- Бастапқыда бәрі дұрыс, бәрі керемет болып көрінгенімен, уақыт өте өзіңнің адам танымастай болып өзгергеніңді білмей қаласың. Соқыр сенімнің зардабы осы деп ойлаймын. Бәрін жоққа шығару, бәрін жек көріп, ішің ашу мен ызаға толып кетеді. Нағыз ислам олай емес қой негізі. Жастарға айтарым, діни білімді арнайы мекемелерден, мешіттерден, муфтияттың ғалымдарының уағыздарынан, дәрістерінен алса деймін. Түзету мекемесінің кітапхана қорын араб тілі грамматикасына қатысты мединалық тәсілмен үйрететін кітаппен толықтырса деймін. Сонымен қатар, бас бостандығын айыру жазасының қалған бөлігін шектеуге алмастыру туралы қалауым бар.

- Сұхбат бергеніңізге ризашылығымды білдіре отырып, сізге ескертпе насихат айтуға бейне таспаға түсуге келісім бере аласыз ба?

- Иә, қарсылығым жоқ, келісемін. Сізге де рахмет!

 

Воронцов Николай есімді респондентпен сұхбат

(Аты-жөні өзгертілген)

- Николай мырза, өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз, жасыңыз, біліміңіз, туып-өскен жеріңіз, отбасылық жағдайыңыз?

- Мен Воронцов Николай 1987 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданында дүниеге келгенмін. Орта білімдімін. Үйленгенмін.

- Жаза өтеу бойынша сізге қандай айыптар тағылып отыр?

- Маған жалпы төрт бап негізінде терроризмді насихаттау және оған шақыру, діни алауыздық тудыру және қоздыру, негізгілері – осылар. Сот шешімімен 6 жылға бас бостандығымнан айырылдым. Осыған дейін де кісі өлімі бойынша істі болып 2005-2009 жылдар аралығында жазамды өтеп шыққан болатынмын. Қазіргі кезде айтып кеткенімдей Қазақстан аумағында тыйым салынған «ДАИШ» халықаралық террористік ұйымының идеологиясын насихаттаумен және т.б. айыптаулар бойынша жазамды өтеудемін.

- Сот шешімімен бостандыққа шығатын уақытыңыз қай уақыт деп белгіленді?

- Жазамды өтеу туралы сот үкімі 2016 жылдың ортасында тағайындалды. Ал, жазамның аяқталу мерзімі 2022 жылы бітеді деген үміттемін. Өзім осы түзету мекемесіндегі «Шанс» цехында жұмыс жасаймын.

- Ислам діні туралы, исламға қатысты уағыз-насихаттар туралы ақпараттарды қайдан алдыңыз?

- Жүйелі діни сауатым жоқ, осы уақытқа дейінгі жинаған ақпараттардың басым бөлігі интернет арқылы тыңдағанмын. Кезінде интернеттен, әр түрлі әлеуметтік желілердегі Надир абу Халид, Сулейман ибн Насыр ибн Абдуллах аль Ульван, Абу Умар Саситлинский, Абу Амин ат-Тиваки, Ахмед Мединский сынды насихатшылардың дәрістерін тыңдағанымды жасырмаймын.

- Біраз уағызшыларды тыңдаған екенсіз, осы уағыздардан кейін сіздің діни күйіңіз қалай өзгерді? Құраннан қанша сүре жатқа білесіз?

- Бар болғаны өкінішке орай тек 9 ғана сүрені жатқа білемін. Діни насихаттардың барлығын және солардың айтқандары ғана дұрыс екен деп қабылдап, санамды әр түрлі негізсіз дін туралы мәліметтермен улап тастағанымды, әрине кейін біле бастадым. Менің түсінігімде діни мәселелер, діни үкімдер шектен тыс қаттылықпен өлшенеді деген сенім қалыптасқан. Солардың қалыптастырған уағыздары санамда діни сенім деген ұғымға өзімше мағына беріп және тура мағынасында амал қылдым.

- Сіз жоғарыда атаған уағызшылардың барлығы теріс діни ағым өкілдерінің уағызшылары екенін түсіндіңіз ғой?

- Иә, әрине. Кеш болса да түсіндім. Оларлы түсініуіме, осы жазамды өтеуде бізбен жұмыс істеп жүрген теолог мамандардың ықпалы тиді деп ойлаймын.

- Теолог тарапынан қандай діни мәселелер негізінде кеңес алғыңыз келеді?

- Мені мазалаған діни сұрақтар көп, оларға «Хиджра жасау дегеніміз не?»,  «Кәпірлікпен адамдарға үкім беру», «Қылмыс жасаған адамды неге шариғат заңымен жазаламайды?» және т.б. адасушылыққа апарған діндегі нәзік мәселелерді туралы білгім келеді және кейбір мазалаған сұрақтар бойынша жауап та алып жатырмын.

- Николай мырза, қойылған сұрақтарға жауап бергеніңізге рахмет!

 

Бектаев Мұрат есімді респондентпен сұхбат

(Аты-жөні өзгертілген)

- Мұрат мырза, өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз, жасыңыз, біліміңіз, туып-өскен жеріңіз, отбасылық жағдайыңыз?

- Мен Бектаев Мұрат 1983 жылы Өзбекстан Республикасында, Бұхара облысында дүниеге келдім.

- Жаза өтеу бойынша сізге қандай айыптаулар негізінде жаза тағайындалып отыр?

- Маған шамамен 8-ге жуық баптар бойынша: кісі өлімі, террористік іс-әрекеттер ұйымдастыру және оған күшпен адамдарды мәжбүрлеу және т.б. қылмыстық баптар негізінде айып тағылды. Осыдан 15 жылдай бұрын 2005 жылы билікке қарсы келу туралы бап бойынша сотталғаным бар, бірақ 2006 жылдың басында амнистиямен бостандыққа шықтым. Тағы сол баппен екінші мәрте істі болдым. Үшінші рет 2008 жылы басында айтып кеткен баптар бойынша бас бостандығымнан айырылып, барлық айыптар ескеріле отырып, толық жаза мерзімім 20 жыл болып бекітілді.

- Түзету мекемесінде отырған өзіңіз секілді жазасын өтеушілермен ара-қатынастарыңыз қалай?

- Түзету мекемесіндегі бауырлар, яғни намаз оқитындар арасында туындайтын алауыздық немесе келіспеушілік жоқ. Өзім осы жерде жүргендіктен олар арасындағы жайттармен таныспын және олардың іс-әрекетін жақсы білемін.

- Негізгі қазіргі кездегі діни жай-күйіңіз қалай?

- Шыны керек, басында соқыр сенім жетегінде кеткенімді мойындаймын, қазір бәрін түсіндім дегенменен, қателіктерімді түсінуге діни сауатым жетіспейді. сол қателіктерімді түсінуге теологтармен тығыз жұмыс жасап жатырмын. Кітапхандан біраз діни ақпараты бар кітаптар оқыдым.

- Жақсы, ал түзету мекемесінің діни кітап қорлары туралы не айтар едіңіз..?

-Түзету мекемесіндегі кітапханадағы діни мазмұндағы кітаптардың басым көпшілігін оқып, жақсы әсер алып жатырмын. Ең күшті әсер берген кітап ретінде, Смайыл Сейтбектің «Иман негіздері» кітабын айтқым келеді. Біраз сұрақтарым бойынша жауап алдым және діни түсінігіме оң әсерін тигізді.

- Діни радикалдар туралы не айтасыз?

- Олар әрине дінде қателескендер және діни мәтіндерді тура мағынасында түсініп, өз бетінше амал еткендер. Олар тура жолды тапса екен деймін. Қазір өзімнің санамда радикалды діни ұстаным жоқ деп ойлаймын. Оған көмектескен себептердің бірі дәстүрлі діни бағыттағы мәліметтерді қамтитын діни кітаптарды оқып шыққандығымнан және теологтармен болған сұхбаттардың әсері деп ойлаймын.

- Сөз соңында, сұхбаттасуға келісіп, сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін алғысымды білдіргім келеді.

 

Омаров Даурен есімді респондентпен сұхбат

(Аты-жөні өзгертілген)

- Даурен мырза, өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз, жасыңыз, біліміңіз, туып-өскен жеріңіз, отбасылық жағдайыңыз?

- Мен Омаров Даурен 1984 жылы наурыз Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келгенмін, ал негізгі тұрғылықты жерім Павлодар облысы болып саналады.

- Жазасын өтеу бойынша қандай баптар бойынша айып тағылып отыр?

- Билікке күшпен қарсы келу, терроризмдi насихаттау немесе террористік әрекеттер жасауға жария түрде шақыру баптары бойынша жазаға тартылдым. Бұған дейін де сотты болғаным бар. Осыдан 18 жылдай бұрын жазамды өтеп шыққан болатынмын. Кейін 2009 жылы босап шыққасын көп ұзамай қайтадан 2010 жылы аталған бап бойынша тағы да істі болып, сотталдым. 2019 жылы жазамды өтеу кезінде түзету мекемесінде істі болып терроризмді насихаттау бабы бойынша жаза мерзіміне тағы да мерзім қосылып 15 жылға жуық мерзім берілді. Ал, жаза мерзімімнің аяқталу уақыты 2026 жылдың басына белгіленіп отыр.

- Отбасыңыз, бала-шағаңыз бар ма?

- Иә, 2014 жылы жазамды өтеу кезінде неке қидырып отбасылы болдым. Бірақ, себептерге байланысты 2 айдан кейін әйеліме талақ беріп, ажырастық. Екеуміздің арамызда бала болмады.

- Жалпы намаз оқып, дінге бет бұруыңыз туралы айта кетсеңіз..

- Намазды 2010 жылы осы түзету мекемесінде намаз оқи бастадым, осы жердегі намаз оқитын бауырлардан үйреніп, уағыз насихаттарынан әсерленіп бастап кеттім. Алғашқы уақытта өзімнің такфирлік ұстанымында болғанымды, кейін ол сенімімнен қайтқанымды айтқым келеді. Яғни менің түсінігімде намаз оқымайтындардың барлығына кәпір деп айып тақтық. Негізінде, менің діни сауатым жоқ, тәджуид оқымадым, яғни Құранды түпнұсқада, арабшасын оқи алмаймын. Намазда оқылатын Құранның қысқа сүрелерінен 10-ға жуығын жаттағанмын. Бұрын осындағы кейбір «діни білімі бар» деген сотталушыдан діни сенімге байланысты ақпарат алғаным бар.

- Дін экстремизм және терроризм туралы ойыңыз?

- Шынымды айтсам бұл тақырыпта көп әңгімелескім келмейді. Өйткені осы тақырыпқа байланысты басымнан өткізгендерім көп. Сондықтан маған осы тақырыптарда сөйлесу қиынға соғады.

- Діни мәселелер бойынша өзіңіз қызығып жүрген тақырыптар бар ма?

- Соңғы кездері мұсылманның сипаты, мінезі қандай болу керек т.б. осы бағыттағы тақырыптарға қызығамын. Мұсылман адамның келбеті, мінезі жайлы білгім келеді. Оны исламда Ахлақ деп айтып жатады.

- Айтар ескертпелеріңіз болса....

- Адам баласы қателіктен алыс жүрмейтін сияқты. Қателіктен, баз кешуден, мен сияқты түзету мекемесінде отырудан сақтанудың жалғыз жолы - кез-келген ақпаратты, ол мейлі діни болсын, не болмаса басқа да тақырыптағы ақпараттарды арнайы жерлерден алу керек. Осыған көзім жетті. Айтарым арнайы мекемелерден, муфтият, мешіт сияқты мемлекеттің рұқсаты бар жерлерге барса деймін.

- Даурен мырза, сізге сұхбат бергеніңізге ризашылығымды білдіргім келеді!

 

Самойлов Валентин есімді респондентпен сұхбат.

(Аты-жөні өзгертілген)

- Валентин мырза, өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз, жасыңыз, біліміңіз, туып-өскен жеріңіз, отбасылық жағдайыңыз?

- Мен Самойлов Валентин 1979 жылы Қарағанды облысында дүниеге келгенмін. Ал, тұрғылықты мекен-жайым бойынша Көкшетау қаласында тұрамын. Бойдақпын, білімім - орта.

- Жаза өтеу бойынша сізге қандай баптар негізінде айып тағылып отыр??

- Терроризмдi насихаттау немесе террористік әрекеттер жасауға жария түрде шақыру, осы әрекеттерге адамдарды азғыру немесе мәжбүрлеу және діни алауыздық тудыру баптары бойынша жазаға тартылып, жазамды өтеудемін. Жазамды өтеу бойынша айып 2011жылы тағылды. Кейін 2018 жылы жазамды өтеп жүрген кезінде жоғарыда атап кеткен баптардың бірі бойынша айып тағылып жаза мерзімім 4,5 жылға ұзарды. Жаза мерзімінің аяқталу уақытын 2027 жылы болып сот шешіп шығарды.

- Отбасыңыз туралы айсаңыз....

- Үйленбедім, яғни бала-шағам, әйелім жоқ. Менің денсеулығыма байланысты ІІ-топтағы мүгедектігім бар. Осы түзету мекемесінде мүгедектерге арналған жасақта жазамды өтеудемін.

- Сіздің ислам дінін қабылдап, намаз оқуыңыз қай уақытта басталды?

- 2012 жылы түзету мекемесінде жазамды өтеп жүрген кезінде христиан дінінен бөлек ислам дініне деген қызығушылығым оянып, намаз оқи бастадым. Бастапқыда теріс ағымның идеологиясымен жүргенімді өзім де білмедім, бәрін кейін түсіндім. Ал қазір өзімді радикалды ұстанымда емеспін деп айта аламын. Түзету мекемесіндегі діни әдебиеттер бөліміндегі орыс тілді кітаптардың барлығын бірнеше рет оқып шықтым. Соның да әсері діни түсінігімнің өзгеруіне септігін тигізген болар деп ойлаймын.

- Ислам дінін қабылдағаннан кейін есіміңізді өзгеткен боларсыз?

- Иә, ислам дініне келгеннен кейін есімімді Хаттаб деп өзгерттім. Исламға келген кезде бәрін жаңадан бастап, басқа адам болғың келеді ғой және исламды үйренткен бауырларым да атымды өзгертуге болатынын айтты.

- Теріс ағымдар, радикалды топтар туралы ойыңызды айта кетсеңіз?

- Теріс ағымдар мен радикалды топтардың іс-әрекетін қолдамаймын. Жамағатқа бөлінуге, сондай-ақ, діни тұрғыда адамдарды айыптау істерімен араласқым келмейді. Бастапқыда мен де намаз оқымаса айыптап, оларды іштей жек көретінмін.

-Айтар ұсынысыңыз бен өзіңіздің ойыңызды айтсаңыз..

- Алдағы уақытта кітапхана қорына орыс тілді кітаптармен толықтырса деп ұсыныс тастағым келеді.  Қазіргі негізгі мазалап жүрген ойым - бостандыққа шыққаннан кейін үйленіп, анама қызмет ету. Ойыма келсек, діни ақпараттарды, діни білімді танымайтын, білмейтін, бұрын соңды естіп көрмеген адамдардан алуға болмайтынына көзім жетті. Діни сұрақтар мазаласа, мешітке бар, имамнан сұра, базардағы саудагерден не болмаса такси жүргізушісінен емес.

- Сұхбет бергеніңізге рахмет! Сау болыңыз!

 

Нурманов Тұрсын есімді респондентпен сұхбат

(Аты-жөні өзгертілген)

- Тұрсын мырза, өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз, жасыңыз, біліміңіз, туып-өскен жеріңіз, отбасылық жағдайыңыз?

-Мен Нурманов Тұрсын 1988 жылы шілде айының 26 күні дүниеге келгенмін. Тұрғылықты мекен-жайым - Көкшетау қаласы. Үйленгенмін, 3 балам бар.

- Жаза өтеу бойынша сізге қандай баптар негізінде айып тағылып отыр?

- Маған тек жалғыз бап негізінде, яғни діни алауыздықты тудыру бойынша айып тағылды. Аталған бап бойынша маған осы жылдың жаз кезінде сот болып, сот шешімімен 4 жылға бас бостандығымнан айырылдым.  

- Сізге бірден, сіздің діни білімді қайдан және кімдерден алғандығыңыз туралы сұрақ қойсам?

- Иә, әрине жауап беруге дайынмын және сұхбат беруге келісіп отырмын ғой. Осыдан он жылдай бұрын 2010-2012 жылдар аралығында Йемен Араб Республикасына діни бағытта «Джамиатуль Иаман» университетінің «араб тілі» факультетінде білім алдым. Саудияда жүрген кезімде салафилік бағыттағы белсенді қазақстандықтармен байланыста болғанмын. Соның ішінде, Ділмұрат Махаматов, Абдураһим Башпаев, Нариман және Сәтімжан есімді белсенділермен таныстығым бар. 2012 жылдардан бастап араб тілін терең меңгергеніме байланысты сол кезеңдерден бастап «шейхтардың» тарапынан тікелей сабақтарға қатысқанмын. Саудияда жүрген кезінде тікелей шейх Абдуль Мухсин әл-Аббаттың, шейх Фаузанның және өзге де шейхтардың сабақтарына қатыстым. Сонымен қоса, Дубайда жүргенде Мухаммад Ғолиб есімді шейхтан сабақ алғанмын

- Жауабыңызға қарағанда, діни білімді тек шетелден алған көрінесіз, неге шетелден алғаныңыз туралы айа аласыз ба?

- Менің ойымша, осы жерде Қазақстанда дін білім алудың маңыздылығы жоқ деп ойлаймын. Осылай ғана жауап берейін, басқа қосарым жоқ.

- Сонымен, елге қай жылдары оралдыңыз және жұмысыңыз туралы айтып берсеңіз...

- Шамамен 2012-2016 жылдар аралығында Қазақстанға қайтып келдім. Қазақстанда жүрген кезімде интернет арқылы араб тілінен сабақтар беріп жүрдім. Бірақ, кейін 2017 жылдары аралығында отбасыммен бірге Саудияға қоныс аудардып, сол жақта өмір сүрдік. Кейін 2019 жылы Біріккен Араб Әмірлігіндегі Дубай қаласына келіп, университетке оқуға өтініш бердім. Университетке түсе алмағаннан кейін Дубайда сол жылдың соңына дейін сонда отбасыммен қалдым. Жалданып қызмет ете жүріп, «марказда» (орталық) қосымша сабақтар алдым. Сонымен қатар, Саудияда жүрген кезімде қажылыққа келуші қазақтарға қызмет көрсетіп, гид болып жасап жүрдім. Жамағат арасында мені Абдулла деп біледі.

- Алдағы уақытқа қандай жоспарларыңыз бар?

- Алдағы уақытта мерзімімнен ерте шығу үшін бас бостандығынан шектеуге ауыстыру бойынша арыз беруге ниетім бар.

- Жақсы, Тұрсын мырза, уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

  

Бибігүлова Жанар есімді респондентпен сұхбат

(Аты-жөні өзгертілген)

- Жанар ханым, өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз, жасыңыз, біліміңіз, туып-өскен жеріңіз, отбасылық жағдайыңыз?

-Мен Бибігүлова Жанар. Солтүстік Қазақстан облысының тумасымын. Тұрғылықты мекен-жайым бойынша Петропавл қаласында тұрамын. Тұрмыстамын, 3 балам бар.

-Кім болып және қайда жұмыс жасайсыз?

- Мен жұмыс істемеймін. Үй шаруасында, балалардың жағдайын жасап үйде отырмын.

-Дінге қалай келдіңіз? Не себеп болды?

- Мен 2013 жылдан бастап намаз оқи бастадым. Түсімде ақырзаман жақындап келе жатыр, ал сен намаз оқымай жүрсін деген дауысты естідім. Шошып оянып, денемді үрей байлап, қорқа бастадым. Осы түстен кейін өмірім өзгерді, Тозақтың құтылудың жалғыз жолы - намаз оқу, ораза ұстау керек деген сияқты уағыз-насихаттарды тыңдап ақырзаман, тозақ туралы ізденіп, сұрап, намаз оқуға ниеттеніп, кейін намазға жығылдым.

- Отбасыңызда өзіңізден басқа кімдер намаз оқиды?

- Отбасымызда, меннен басқа күйеуім оқиды. Бірінші намаз оқуды мен бастадым, сосын кейін біраз уақыт өткен соң ол бастады.

-Діни білімді қай жерден алдыңыз?

- Мешітте сауат ашу курстарынан, медреселерден алуға болатынын естігенім болмаса, арнайы барып, діни мекемелерден білім алмадым. Бірақ, салафилік бағыттағы адамдардан діни ақпараттарды көп алдым.

-Ендеше қалай, діни ақпараттарды қайдан және кімнен үйрендіңіз?

-Негізі арнайы діни әдебиеттер оқымағанмын. Бірақ көбінесе діни аудио-видео лекцияларды көп тыңдағанымнан болар діни білім солай қалыптасты. Негізінде діни ақпараттар мен білімді интернет желісінен алатынымды жасырмайын. Тексермей, соңын ойламай интернеттен белгісіз біреулерден діни ілім алғанның зияны мен салдарын көріп жатырмын.

-Сол жайлы толық айта аласыз ба?

-Қазіргі таңда бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн, ҚР аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату бабы бойынша іс жүргізіліп жатыр, яғни тыйым салынған салафиттік уағызшылардың діни дәрістерін интернет желісіненалып, сақтағаным үшін. Шыны керек, соңы осылай боларын білмедім. Негізі қазір өкініп отырмын, негізі өзіміздің елдегі уағызшыларды тыңдасам да болар еді, бірақ бастапқы араласатын ортам мен өзімнің түсінігім де псевдосалафилік түсінік екенін енді біліп жатырмын. Сол себепті де, айтарым кез-келген жерден діни ақпарат, әсіресе діни мазмұнды мағлұматтардан аулақ болу керек екенін және бұл айып тағылмас үшін ғана емес, кейін санаң да өзгегеретінін айтқым келеді.

- Жанар ханым, сізге сұрақтарға жауап беруге келісіп, сұхбат бергеніңізге рахметімды айтқым келеді. Рахмет!

 

Сабитова Самал есімді респондентпен сұхбат

(Аты-жөні өзгертілген)

-Самал ханым, өзіңіз жайлы қысқаша мәлімет бере кетсеңіз...

- Мен Сабитова Самал 1993 жылы дүниеге келгем, негізі отбасысымызбен Өзбекстан елінен көшіп келген оралманбыз. Қазір тұрмыстамын, 3 балам бар,үй шаруасындамын.

-Сізге қандай негізде айып тағылып отыр?

- Маған ҚР аймағында тыйым салынған діни дәрістерді интернет желісінен жүктеп, сақтағаным үшін, яғни бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн, ҚР аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату бабы бойынша әкімшілік іс жүргізіліп жатыр.

- Түсінікті, қай жылдан бастап дінге бет бұрдыңыз?

- Мен 2009 жылдан бастап намаз оқып бастадым және кезінде қалалық мешіттердің бірінде Құран оқып үйренуді, араб тілінің алғашқы сабақтарына қатысқаным бар. Сол кезде Назратулланың, Ділмұраттың уағыздарын тыңдаған едім. Ал қазір көп уағыз тыңдай бермеймін және діни білімді ары қарай жалғастыруыма да уақыт болмайды.

- Қазіргі таңда «діни бауырларыңызбен» араласып тұрасыз ба?

- Иә, сестралармен банда-санда. Бұрынғыдай көп адамдармен араласа бермеймін. Өзімнің жақын араласатын 5 балалы, бір баласы мүгедек Жанар деген әйелмен жақын араласып тұрамыз.

- Күйеуіңіздің, яғни жалпы отбасыңызбен дінмен байланысы қалай?

- Отбасымызбен намаз оқитынымыз болмаса, діни кітаптар оқу, діни сауат ашатын курстарға бару жоқ. Үлкен балам мектепте, өзім екі баламен үйдемін, күйеуім таңертеңтен кешке дейін жұмыста болғандықтан ондай нәрселерге уақыт болмай жатады. Жалпы алған діни білімім жеткелікті деп ойлаймын.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет, алдағы сіздің бізге айтарыңыз болса....

- Сіздерге рахмет, алдағы болатын кездесулерге, болатын іс-шараларға қатысуға ниеттімін және сіздер тараптан әлеуметтік көмектер болса жақсы болар еді отбасымызға да.

Ұсынылып отырған сұхбат жастайынан өмірдің ирелең жолдарын көрген, тағдырдың кермек дәмін татқан білімсіздік пен аңқаулықтың себебінен теріс ағым жетегіне кеткен азаматтарымыздың бастан кешкен оқиғалары ұсынылды. Теріс ағым арбауының жетегінде кеткенін өздері білмей ата-анасының ақылын тыңдамай, туған-туыстарына, жақынадарына қарсы шығып өз дегенін дұрысқа шығарған кездерін айтып, жазаға тартылған сәттен бастап өзінің қандай жолда екенін, кімнің сойылын сойып жүргенін білгеннен кейінгі өкінішін, жазасын өтеп болғаннан кейінгі жоспарларын айтып, осындай білімсіздік пен фанатизмнің әсерінен болған оқиғаларын айтып берді.

Бастан кешкен оқиғалары басқаларға сабақ болсын, теріс ағымның алдап-арбауының салдары кейін тек өкініш пен қайғы алып келетінін ескертті және жаман пиғылдағы дін өкілдерінің алдын алуға өздерінің оқиғасы септігін тигізер деген үмітте сұхбатқа келіскендіктерін айтты.

Орталықтың бастамасымен ұйымдастырылған сұхбат қоғамда теріс ағымның жетегінде жүрген азаматтарды бейімдеу мен алдын алу мақсатында іске асып отыр.  Осы тұрғыда дінге қызығушылық танытып жүрген азаматтар мен қарапайым оқырмандарға  діндер жайлы ақпарат бергуге және дін саласында туындаған мәселелерге жауап беруге Нұр-Сұлтан қаласының Дін мәселелерін зерттеу орталығы әрқашанда дайын!