ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖАСТАРДЫҢ ДІНИ ТОЛЕРАНТТЫЛЫҚ ҰСТАНЫМЫ

Е.Шамшатов,

Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін

зерттеу орталығының қызметкері

Шет тілден енген «толеранс» термині құлаққа жат болып көрінгенімен, оның ұғымы дәстүрлі дүниетанымда бар, қазақтың қанында, бойында бар қасиет. Толеранттылық сабырлылықтың, ұстамдылықтың, төзімділіктің мағынасын береді. Бұл түсінік, яғни төзімділік, біріншіден, қазақтың ұлттық мінез-құлқындағы төл қасиет десек, екіншіден, лаңкестер мен арандатушылардың қаншама шынның өңін теріс айналдыруға тырысқандарына қарамастан, ислам дінінің рухында бар нәрсе. Қазақ халқы ықылым заманнан ислам дінін бойына сіңірген халық. Құранның сөзі, аяттар мен хадистер салт-санаға еніп кеткен. Мақал-мәтелдің көбі хадистердің мағынасымен бірдей. Кеңпейілділігі, қонақжайлылығы, тіпті тойқұмарлығы да толеранттылықтың жан-жақты қырын ашып көрсетеді.

Бүгінгі таңда экстремизм мен терроризмге байланысты сөз қозғасақ болғаны дін сөзін бірге тіркестіреміз. Ол қалыпты жағдайға айналып бара жатқан сияқты. Шындығында, олар қаншалықты байланысты мұны нақты дөп басып айту қиын. Десе де, еліміздегі діни ахуал ерекше бақылауға алуды талап етеді. Бүгінгі таңда экстремизм мен терроризмнің алдын алудың маңызды шарттарының бірі-жастардың толерантты санасын қалыптастыру болып табылады. Толеранттылық азаматтық қоғамның маңызды рухани бөлшегі болып табылады. Әр адамның толеранттылық деңгейі көбінесе оның жеке қасиеттерінен, моральдық жетілуін, мәдениеттің көрсеткішін  және оның басқа адамдармен қарым-қатынасын анықтайды. Қазіргі уақытта толеранттылық мәселесі өткір болып келеді. Бұл бірқатар себептерге байланысты: әлемдік діни экстремизмнің өсуі, ұлтаралық қатынастардың шиеленісуі. Сонымен қатар, қазіргі жастардың діни толеранттылығына әсерін тигізетін интернет жүйесінің қызметін ерекше айта кеткен жөн. Қазіргі таңдағы интернет жүйесіндегі әлеуметтік желілердің, сайттар мен интернет қауымдастықтардың қазіргі жастардың қызығушылықтарын арттырып, жастар арасында маңызы арта түсуде. Сондықтан интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілерді дұрыс жағынан қолдана білу керек. Бұндай жағдайлар жастарымызды теріс жолға салынып кетуіне себеп болуы мүмкін. Бұдан діни сауаттылықтың таяздығы деген тікелей қорытынды шығаруға болады.  Бұл мәселенің негізі білім беру жүйесінде жастарды діни толеранттылыққа тәрбиелеу. Себебі жастар Қазақстан болашағының басты резерві болып табылады. Шынында да, төзбеушіліктің себебі көбінесе білімнің таяздылығынан болып табылады. Басқа ұлттардың құндылықтары мен идеяларын білмей, адам оларға немқұрайлы,  жақтырмай қарауы мүмкін, бұл төзбеушілікке алып келеді.

Қазіргі таңдағы еліміздегі жастардың діни дүниетанымына, діни толеранттылықтың қалыптасуына негіз болатын ол ең алдымен отбасының ықпалы болып табылады,  яғни кез келген жас буын өкілі отбасының діни ұстанымын негізге алады. Тәрбиенің  іргетасы отбасында, мектеп қабырғасында ұлттық тәрбие беру арқылы қалыптасады. Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасында «Жастардың төл мәдениеттен нәр алуы, еліміздің тарихи өткенін оқып-үйренуі, қоғамымыздағы достық ахуал мен бейбітшілікті, рухани келісімді нығайту жас ұрпақ бойында біздің ортақ Отанымызға –  Қазақстан Республикасына деген мақтаныш сезімін қалыптастыруы тиіс» – деп көрсетілген.

Жастардың діни санасы мен діни білімін қалыптастыру бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылады. Қазіргі таңдағы жастардың діни толеранттылықтың құрамдас бөлігі болып саналатын діни білімі, ең алдымен өзі ұстанған діні жөніндегі білім деңгейін анықтауды көздеген дұрыс. Жастарға дінмен қатар мемлекеттік саясатты түсінуде дінтанулық білім керек.  «Баланы жастан...» деген қазақ халқы тәрбиеге көңіл бөлген. Осындай қарбалас заманда жас жүректе имандылық пен адами құндылықтар ұяласа, жақсы мен жаманды айырып, оңы мен солын таныса, онда алға қойған мақсаттың орындалғаны. Баланың ой-өрісі мен ойлау қабілетін жетілдіру мектеп тәрбиесінде ғана мықты қалыптасатынын ескеретін болсақ, онда осы айтылғандарды ой таразысына салып, аса үлкен жауапкершілікпен қарап, немқұрайдылық танытпау қажет. Әр баланың тәртібі мен тәрбиесі ең алдымен отбасынан басталады. Әр бір ата-ана баласының бойында ұлттық рухани құндылықтарға негізделген сыртқы жағымсыз ықпалдарға төтеп беретін иммунитет қалыптастыру керек. Себебі болашақ жастардан басталады, ал мемлекетіміздің болашағы жастарда.