ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚОҒАМДАҒЫ ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ МАҢЫЗЫ

А.Айтенова,

Нұр-Сұлтан қаласы

Дін мәселелерін зерттеу

орталығының қызметкері

Әрбір жеке адам өмірінің маңызды бастауы, рухани өзегі ол – отбасы. Отан отбасынан басталады – деген қарапайым қағидат қай дәуірде болсын өзгерген емес. Басты құндылықтарымыз ол – ұлт болашағы мен отбасы.

Елімізді алып бәйтерекке теңеуіміз тегін емес. Қанша дауыл тұрып бұтағы сынып, жапырағы ұшса да, діңгегі құламай дін аман қалады. Себебі оның тамыры тереңге бойлаған. Тамыр дегеніміз – ол біздің өткен тарихымыз, ұлттық құндылықтарды бойына дарытатын, бұтағын көгертіп, жапырағын жайқалтатын жалғыз күш.

Отбасылық құндылықтар әрқашан маңызды. Баланың отанына деген сүйіспеншілігі алдымен ата-ананың ықпалы мен қалыптасады. «Дәулет есіктен, ақыл бесіктен кіреді» демекші білім бесігі мектептен, тәрбие бесігі отбасынан бастау алады. Отбасының екі тірегі – әлпештеген әке мен аялаған ана. Әр отбасының өзіндік отбасылық үрдістері, ұстанымы және дәстүрлі құндылықтары бар. Баланың қалыптасуы да, ұрпақтың өсіп өркендеуі де отбасынан басталады. Отбасының рөлі төмендеген кезде бала сыртқы ортаның әсеріне бейім болады. Дала мен өзге орта ережелері басымдық алғанда ата-ананың тәлімі азайып, абырой мен беделі кеми бастайтыны шындық. Десек те отбасында қайшылықтарға ұрынған ерлі-зайыптылар психолог мамандардың көмегіне жүгіне бермейді. Баланы өсіріп тәрбиелеу – әйел ананың тікелей міндеті.

Отбасының тәрбиелеушілік міндетіне тікелей байланысты оның тағы бір қызметі бар. Оны дамытушы міндет деп атауға болады. Ата-аналар балалардың жеке ерекшеліктерін неғұрлым ертерек байқауы керек. Сонда ғана балалар өздерінің ішкі қабілеті мен дарынын тез дамытады. Жас күнінен бастап олардың қабілетін байқап, соған сәйкес түрлі үйірмелерге беру қажет.

Балаларды үздіксіз дамытып, шығармашылық қабілетін іске асыру керек. Әке-шеше балаларына жақсы тәрбие беруге қоғам алдында жауапты.

Отбасы – өмірдің ұйытқысы болғандықтан жиірек отбасы тәлімінің мәні туралы өзара бала кезінен бастап санасына сіңдіртуіміз қажет. Тәрбие отбасынан басталады. Ата-ана – отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Бала әкеден ақыл, анадан мейірім алады. Әке туралы айтсақ, әке отбасының асыраушысы, қамқоршысы ал ана – отбасының ұйтқысы, жылуы мен шуағы.

Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады. Отбасы тәрбиесінің мән-маңызын ашып, ұлттық салт-дәстүрлерімізді түсініп, құрметтеуге баулу, алдағы өмірге қадамын нық етіп даярлап барлығын жастайынан бойына сіңірту. Баланың тәрбиелі жан-жақты болып өсуіне берекелі, өнегелі, ынтымақты отбасының ықпалы мол.

Отбасын құрғанда адам өмірге ұрпақ әкеліп қана қоймай, сонымен бірге оған жалпы адами және ұлттық құндылықтарды, ата-бабасының салт-дәстүрін баланың бойына сіңіпуі керек. Балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – ата-ананың ең маңызды міндеті.

Барлық өнеге отбасынан басталады. Балаларымыздың бойына сіңген ізеттілік – дөрекілікке, қайрымдылық – қатігездікке, адалдық – арамдыққа ауыспасын деген тілегімізді орындау – ұрпақ алдындағы ұлы міндет деп түсінейік!