Қазіргі таңдағы тәңіршілдік құбылысы

Жақиянов Талғат Жардемкулович

Әлеуметтану ғылымдарының докторы

Тәңіршілдік пен мұсылмандықты бір-біріне қарсы қойып жатқан әрекеттер жөнінде мынаны айтқым келеді:

1) Қанша тырысса да, бұл топ Қазақстанда тәңіршілдікті дін деңгейіне көтере алмайды.

Қазақтың наным-сенімінің эволюциясында орны болса да, қазіргі даму кезеңінде Тәңіршілдік дін ретінде қалыптаса алмайды. Дін болуы үшін оның жүйеленген Ілімі, бірегей ритуалдары, ең бастысы, сенушілері мен оларды біріктіретін ұйымы болуы керек. Бұл аталғандардың бірі де жоқ.

Тәңіршілдіктен қол үзбеген басқа халықтарда бар болса да, ол қазаққа дін ретінде қайтып келмейді.

Әзірге Қазақстанда тәңіршілдіктің діни бағыт ретінде қалыптасуына негіз көріп тұрған жоқпын. Бұл жерде анық байқалатын құбылыс - Исламға қарсы көңіл-күйді қоғамдық қозғалысқа айналдырғысы келетін қасақана топтың бар екендігі анық. Олардың, тіпті, тәңіршілдікке еш қатысы да болмауы мүмкін. Мақсаты тек елдің ішінде іріткі тудыру. Сондықтан әлеуметтік желіде жай елігіп отырған ағайын, арандап қалмаңыздар!

Қазақстан- зайырлы мемлекет. Ендеше "тәңіршілмін" деп айқайлап жүргендерге айтқым келетіні: сендердің сенімдеріңе ешкім кедергі жасап отырған жоқ (заңдық шеңберден аспаса болды), ал сендердің өзге діндерге қарсы әрекет жасауға құқықтарың жоқ!

2) Тәңіршілдік құбылысы да толық жойылып кетпейді. Оның элементтері халықтың мәдениетінде, менталитетінде, дүниетанымында сақталады.

Қазақтың тәңірлік танымы фольклор деңгейіне ауысқалы қашан. Бүгінде оның көріністерін халық ауыз әдебиетінен кездестіруге болады.

Музыка мен көркем суретте де тәңіршілдік стилі қалыптасып, дамып келеді. Мұның барлығы мәдениетімізді байытып, тарихы терең екендігін көрсетеді.

Алайда бұған қарап Тәңіршілдікті дін ретінде қалыптастырамын деген әрекеттер бос әурешілік және мағынасыз тірлік.

Мұсылман қауымдастығының кейбір өкілдері де тәңіршілдіктің мәдени, әдеби көріністерін рационалды қабылдай білуге бейімделуі керек.

3) Қазақтың өзінің қалыптасқан мұсылмандық жолы бар.

Мәзһаб деген исламның таралған аумағындағы соны ұстанған халықтың мәдениетіне, тұрмыс-тіршілігіне, шаруашылығына, салт-дәстүріне, өмір сүріп жатқан ортасына, табиғатына, климатына, табиғи-ландшафтық жағдайына бейімделген формасы.

Әбу Ханифа мәзһабы қазақтың мұсылмандықты ұстау ерекшелігін айқындайды. Бұл қазақтың дәстүрлі мұсылмандық жолы. Ендеше оны арабтың көшірмесі деп айыптауға негіз жоқ.

Бүгінде қазақтың басым бөлігі осы дәстүрлі мұсылмандық жолды ұстанып отырғандар. Сол арқылы қазақтың діни ғана емес, этникалық та ауызбіршілігі сақталып отыр.

Қазақтың дәстүрлі мұсылмандық жолы қазақтың ұлттық болмысын жоққа шығарып отырған жоқ. Керісінше, ислам қазақтың мәдениетімен кірігіп, біртұтас болып кеткен. Араб мәдениетін тықпалайтын бірен-саран дүмше имамдарға қарап, мешіттер мен Мүфтияттың қазақ халқы мен мәдениеті үшін жасап жатқан орасан зор қызметін жоққа шығаруға болмайды.

Қазақтың мұсылмандық жолын терістеу - қазақтың ішіне жік салып, арандату.

Құрметті "тәңіршілмін" деп жүргендер! Егер қазаққа шынымен жандарың ашыса, халықтың ішіне жік салмаңдар!

Бүкіл дүние жүзінде қазаққа қазақ қана тірек бола алады. Бірлігімізді сақтайық!