«Бұл іске Бурабайдың көлі куә...»

«Бұл іске Бурабайдың көлі куә,

Қасымның қалған жұрты, көңі куә,

Бураша шөгіп жатқан мұнар тау мен

ЬІзыңдап таудың соққан желі куә...», - деп Сәкен Сейфуллин жырлағандай Бурабайда Діндерді зерттеу орталығының ұйымдастыруымен жамағатқа арналған «Толибуль Ильм» атты семинар өтті.

«Діндегі мақсаттардың бірі – адам баласын бақытты ету». Осылай деп «Дүниежүзілік ислам лигасының» мүшесі, теолог Ибрахим Мохамед Абдисамад мұсылман жамағатына діннің бір миссиясын атап өтті. Екі күнге жалғасқан іс-шараға елордадан 50-ден аса қатысушы келіп, дін саласындағы ең үздік мамандардан дәріс алды. Алматы қаласынан семинар үшін арнайы шақыртумен келген елімізге белгілі теолог Асқар Сабдин, ҚР Республикалық психологтар мен психотерапевтер қауымдастығының сарапшы-психологы, «риск» тобын бейімдеу мәселелері бойынша БҰҰ (Орталық Азия өңірі) халықаралық сарапшысы  Лола Шакимова, «Дүниежүзілік ислам лигасының» мүшесі, теолог Ибрахим Мохамед Абдисамад сынды мамандар екі күн жамағатқа дәрістер мен тренингтер жүргізді.

Семинардың бірінші күні дәріс жүргізген белгілі теолог А.Сабдин дұрыс діни білім алудағы ерекшеліктермен, Қасиетті Құран аяттарын түсіну кезіндегі интерпретация мәселесін ашықтап айтты. Сонымен қатар, сүннет, фикх және хадистер аясында жамағаттың көкейінде жүрген сұрақтарына толымды, жан-жақты жауап берді.

Екі күн бойы таңғы 08:00 –де басталған іс-шара кешкі 20:00 –ге дейін жалғасты. Ер және әйел жамағатына дәрістер мен экскурсиялар жеке бағдарламалар бойынша өткізілді. Елордадан арнайы автобустармен Бурабайға келген дін өкілдері, кербез Көкшенің табиғатын тамашалап, тау басына шығып, қаланың күйбең тіршілігінен демалып, уағыз тыңдап, әрі діни сауаттылықтарын арттырып қайтты.

«Маған бұл семинар өте керемет әсер қалдырды. Осы сынды іс-шаралар жиі өтіп тұрса деген ниетім бар. Қатысушы ретінде өзімнің тек оң әсерде қалғанымды айта аламын. Әсіресе психологпен сөйлескеннен кейін керемет сезімде тұрмын. Айтарым - діни ақпаратты тек ресми жерлерден алыңыздар.  Қоғамдағы кейбір деструктивті діни ағымдарға қатысты орын алған құқықбұзушылық жағдайлар дінге басұрушыларға да сабақ болса екен деймін. Интернеттен жалған діни парақшаларды қарап, оларға сеніп, етегіне еріп кетпеңіздер және авторы белгісіз діни кітаптарды оқымауларыңызға да кеңес беремін», - деді Мадина есімді (есімі өзгертілген) елорда тұрғыны.

Іс-шара аясында жамағатқа психологиялық ойындар ұйымдастырылып, ұжымдық рухты арттыратын экскурсия жүргізілді. Қазақстандық психолог Л. Шакимова «Қарым-қатыныс психологиясы» тақырыбында тренинг өткізді. Қатысушылар осы тренингтен алған білімдерін күнделікті өмірде, бала тәрбиесінде, қоғаммен қарым-қатынас кезінде және бөтен адамдардың теріс ықпалынан сақтану үшін пайдалана алады. Адам табиғатқа шыққанда өзін ерекше күйде сезінетінін бәріміз білеміз. Ал тау басына шыққандағы қатысушылардың көңіл-күйі, алған әсерлері ерекше болды. Табиғат аясында айтылған уағыздар мен дәрістер жамағатқа өтімдірек болғаны сөзсіз.

«Дүниежүзілік ислам лигасының» мүшесі, теолог Ибрахим Мохамед Абдисамад: «Біз, ең бірінші адам болған соң, бір-бірімізді сыйлауымыз керек. Кім қандай дін ұстанбасын, оның көзқарасын өзгертуге күш салудың қажеті жоқ. Демократиялық қоғамда өмір сүріп жатқан соң, адамдардың құқығы бірдей және оларды ұстанымына қарай агрессивті бөлуге болмайды. Діннен ілік іздеудің қажеті жоқ. Дін – ол адамзатты бақытты ету үшін жіберілген», -деп діннің адам өмірінде алатын орны, сонымен қатар, әйел адам мен ер адамның қоғам алдындағы міндеттерін атап өтті. Теологтың айтуынша, өмірде әр тұлғаның рөлі бар және сол рөлдерін біліп, жаратушысымен байланысын түзесе, бақытты болады.

Діндарлар арасында осындай семинарлар арқылы түсіндіру, сақтандыру жұмыстарын ұйымдастыру маңызды саналады. Бұл тұрғыдағы жұмыстар алдағы уақытта кешенді жүргізіле береді. Іс-шаралар Орталық тарапынан жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан  алғыс білдірілді. Ал мұндай бағыттағы оқытулар Қазақстанның інжу маржаны саналатын сұлу да, көрікті, суы күміс Бурабай өлкесінде ұйымдастырылуы санаға оң серпін берері сөзсіз.

Нұр-Сұлтан қ. Діндерді зерттеу орталығы

Айгерім Бейсембі