Діни экстремизм мен терроризм ерекшеліктері

Еліміздегі терроризм мен экстремизм мәселесінің ахуалы сіз бен бізге жақсы аян. Осы тақырып аясында халқымыздың көп бөлігі қажетті ақпараттармен қамтамасыз етіліп отыр. Ол БАҚ-дағы материалдардан бастап, әлеуметтік желілерде шығатын жаңалықтар мен пікірлермен аяқталады. Бұл мәселеге қатысты атқарылып жатқан іс-шаралар да аз емес. Осыған қатысты, Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Исламның гуманистік бастауларын жоққа шығаратын, бейбітшілік, діни төзімділік дәстүрлерінен бас тартатын күштер жиі алдыңғы кезекке шығады. Терроризм мен экстремизм жолында жүрген, жихадизм идеяларын насихаттайтын радикалды топтар елеулі саяси күшке айналды. Олар мұсылмандардың бұрыннан бері диалогқа мүдделі адамдармен ашық болғанын және ешкімге зиян келтірмейтінін ұмытады. Олар ислам әлемін оқшаулау және артта қалу жолына итермелейді», - деп айтқан болатын. Террористік және экстремистік актілер бірнеше мың адам өмірін қиып қана қоймай, адамдарды темір тордың ар жағына отыруына себепкер болып отырғаны мәлім. Алайда, осы қылмыстарды жасап отырған адамзаттың өзі екенін естен шығармағанымыз жөн. Адал еңбек ету, ешкімге зиян тигізбеу, мейірімді болу, жақсылыққа жарыса іс жасау және тағы да басқалары барлық діндердің негізгі догмасы болып табылады. Дегенмен, соңғы уақытта дін атын жамылған түрлі ұйымдар мен топтар шыға бастады. Олар Қасиетті кітаптарда жазылған мәтіндерді бар қалпында тікелей түсініп, адам санасында қате пікірдің пайда болуына әсер етуде. Және адамзат баласы оған еріксіз көндігіп, психологиялық түрде қалай биленіп жатқандықтарын аңғармайды.

Терроризмнің жаһандық индексі (Global Terrorism Index) белгілі бір елдің ішіндегі террористік белсенділік деңгейін төрт негізгі көрсеткіш бойынша өлшейді. Олар: террористік инциденттер саны, қаза болғандардың саны, зардап шеккендер саны және материалдық шығын деңгейі. 2019 жылы зерттеу 138 мемлекетті қамтыған. Оның ішінде 1 орында Ауғанстан (9.60), ал Қазақстан Республикасы (1.57) 85 орынды иеленіп отыр. Бұл дегеніміз, елімізде террористік және экстремистік ұйымдардың белсенділігі айтарлықтай төмен екендігін көрсетеді. Дегенмен, терроризм қаупін жіті бағаламай, оны жоққа шығаруға да болмайды. Терроризмді асыра сілтеп, қоғамда резонанс тудыртпаған жөн. Себебі, кез-келген теракт ең алдымен ақпараттың тез таралуымен өрши түседі.

Қазақстандағы терроризм мен экстремизмнің ерекшеліктеріне тоқталсақ, алдымен террористік әрекеттерге баратын қылмыскерлердің негізгі бөлігі жұмыссыздар екені мәлім болды. Оның үстіне, жас ерекшелігіне байланысты олардың басым бөлігін жастар құрап отыр. Жастар дегеніміз - елімізде 14 жастан 29 жас аралығындағы тұлғалар. Жастар ақпараттарды жылдам қабылдайтын, барлығына тез иілгіш болып келеді.

Сонымен қатар, террористік актілер жасайтындардың көпшілік бөлігі діни сауатсыз болып келеді. Рухани азық іздеп келген адамға дін атын жамылған теріс ағым ұстанушылар кедергі болады. Қоғамда шешілмей жүрген мәселелерді қозғап, өздерін қорғаныш есебінде көрсеткісі келеді. Діни сарында жазылған кітаптарды беріп, аудио мен видео материалдар арқылы оларды толықтай адасушылыққа апарады. Ұлттық құндылықтарды жоққа шығарып, өмірін тек дінмен байланыстырады. Алайда, теріс ағымдар дінді тек құрал ретінде пайдаланады.

Соңғы уақытта Қазақстан азаматтарын тек ел ішінде емес, шетел мемлекеттеріндегі террористік актілерге қатысуын жиі естіп жатамыз. Әрине, бұл қуантарлық жағдай емес. Ислам дінінде «бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен тең», - делінген. Адам өмірі - ең асыл қазына болып табылады. Оны Ата заңымыздың бірінші бабында да атап көрсетілген.     

Мемлекет діндар немесе дінсіздермен емес, радикалды топтармен күреседі. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылуда. Осы ретте, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың жұмысын атап өту қажет. Қазақстан Республикасы Терроризмге қарсы орталықтың ресми сайтында берілген соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, елімізде Терроризм және діни экстремизммен байланысты қылмыстары үшін барлығы 140 адам сотталды. Бұл тек соңғы бір жылдың көрсеткіші.

Қорытынды сөз ретінде келесідей ойға тоқталғым келеді. Бұл мәселе тек біз өмір сүріп жатқан уақытта пайда болып, шешілетін мәселе емес. Ол ғасырлар бойы жүріп, өмір сүретін болатын. Сол себепті, болашақ ұрпағымыздың саулығы мен жарқын келешегі үшін де бүгіннен бастап әрекет еткеніміз жөн. Жастарымыз өмірге келгеннен отбасы институтынан, жоғарғы оқу орнына түскенге дейінгі аралықта діни сауаттылықтан хабардар азамат болып өсуі – қазіргі таңдағы көп мәселелердің алдын алуға себепкер болады. Әрі қарай да жоғарғы оқу орындарында да діни сауаттылықты арттыруға байланысты түрлі шаралар мен істер атқарылуы қажет. Тек сондай жағдайларда ғана олқылықтардың орнын алуға болады деп санаймын. Біздер, болашақ ұрпақты отансүйгіш, діни тұрғыда сауатты, патриотты, елге адал қызмет ететін тұлға ретінде тәрбиелеуімізді – өзімізге бүгіннен бастап міндет еткеніміз абзал.

 

Нұрбек Ақнұр