Елордада діни бірлестіктермен дөңгелек үстел өткізілді

А.ж. 29 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес аясында Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығы мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара іс-қимылы: жетістіктері мен келешегі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Іс-шараға Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары А.Р. Оралов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Е.Б. Нүкежанов, дін істері басқармасының басшысы Н.И. Әлмұханов, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Ғ.Қ. Есім, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Дінтану кафедрасының профессоры Ю.В. Шаповал және елорданың діни бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелді ашылуында сөз сөйлеген Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Раздықұлы Қазақстан Республикасы этностарының үндестігі мен өзара ынтымақтастығы қоғамда демократияны, құқықтық және әлеуметтік әділеттілікті, мәдени дәстүрлер мен салттарды, діни құндылықтарды, адамгершілікті, ғылым жетістіктерін қалыптастыруға және ілгерілетуге мүмкіндік беретіндігін атап өтті. Қазақстан әлемдік діндер – ислам, христиан және буддизм шоғырланған орын болып табылатынан  және олардың еліміздің өркендеуіне ықпал етіп жатқанын айтты.

Дөңгелек үстелдің мақсаты мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы өзара іс-қимыл жүйесін жетілдіру, елдің дін саласындағы жетістіктері мен даму үдерісін талқылау болып табылады.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Е.Б. Нүкежанов: «Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасындағы мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы өзара ынтымақтастық орын алған. Осындай жақсы қарым-қатынастың арқасында діни бірлестіктер қоғам өмірінің түрлі салаларына өз үлестерін қосып, сол арқылы зайырлылық пен діни принциптер үйлесімді қолданылуда. Тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік органдар діни бірлестіктермен бірлесіп түрлі форматтағы іс-шаралар өткізді, жас ұрпақты патриотизм, өз Отанына деген сүйіспеншілік рухында тәрбиелеуге бағытталған диалог алаңдары, семинарлар, қайырымдылық акциялары ұйымдастырылды», -деді.

Шара барысында қатысушылар мемлекеттің дін саласындағы оң жетістіктерін, ҚР-дағы діни ахуалдың тұрақтылығын, елдегі конфессияаралық және ұлтаралық келісімді, халықтың мемлекет жүргізіп жатқан саясатқа көрсетіп жатқан қолдауы атап өтті, сондай-ақ, еліміздің дін саласындағы келешегін талқылады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей: «Азаматтық бейбітшілік пен ұлтаралық келісім – біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі татулық пен келісім, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған».