Неофит синдромы, трендке айналған рухани тренингтер, тектану ілімінің дінмен байланысы

Дайындаған: Азаттық рухы сайты,

Айжан Қалиева

Сұхбат беруші:Александр Антипин, дінтанушы

 

Соңғы жылдары қазақстандық қыз-келіншектер түрлі тренингтерге қатысып, рухани дамуды трендке айналдырды. Бұл құбылыс елімізде әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Бұл ретте халықты психологиялық сауаттылыққа, рухани ілімге, тектану мен тұрмысқа шығудың түрлі құпияларына үйрететін айтыскер ақындар – Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, тележүргізуші Жанар Байсемізова, көпбалалы ана Құралай Серікқызы (Құралай ханым), жақында ғана Қазақстанда тыйым салынған салафилік ағым өкілдерімен араласқанын мәлім еткен айтыскер ақын Мұхаммеджан Тазабек және әлеуметтік желіде бірнеше мыңдаған оқырманы бар блогерлер де бар.

Соңғы кездері дін саласының сарапшылары «псевдопсихологтар ислам мен пұтқа табынушылықты өздері ара-жігін білмей насихаттап жүр» дегенді алға тартып, оларды «неофит» синдромына ұшырағандар деді. Осыған орай Azattyq Rýhy тілшісі Нұр-Сұлтан қаласы дін мәселелерін зерттеу орталығының аналитика және мониторинг бөлімінің басшысы Антипин Александрмен аталған мәселелер төңірегінде сұхбаттасты.

АФФИРМАЦИЯ, ЭЗОТЕРИКА – СИНКРЕТТІК ІЛІМ

- Александр мырза, соңғы екі жылда қазақстандық танымал бизнес-вумендер, оқырманы көп блогерлер рухани даму, эзотерика мен өмірді қалай әдемі сүру керек екені туралы тренигтер өткізіп жүр. Мұның жаппай трендке айналып кетуінің себебі неде?

- Аталған құбылыстың себебін айту үшін, адам дүниетанымының алдында тұрған базалық, діни міндеттердің бірі - жандүниесінің үйлесімде болып, тыныштық күйін табуға ұмтылуында. Себебі, жан-жақты ғылым бізді қызықтыратын: «Қайдан келдім, қайда барамын, өлгеннен соң не боламын?» және «Бұл өмірге келгендегі менің мақсатым не?» деген сұрақтардың бәріне жауап бере алмайтын әлемде өмір сүреміз.

- Сонда сіздіңше, аталған сұрақтарға жауап іздеу барысында туындаған белгісіздіктің алдындағы қобалжу және қорқыныш сезімі осындай ізденістерге әкеле ме?

- Иә, бірақ түрлі ілімдер өз тарапынан адам шеше алмайтын мәселелерде жауап береді. Және осындай сұрақтарға өз наным-сенімі арқылы жауап тапқан адам «белгісіздік» тоқырауына ұшырамайды. Сондай-ақ, бір уақытта өзі сенетін және өзгелер өмір сүріп отырған әлемде үйлесіммен тіршілік ете білетін тұлға болып қалыптасады. Кемеліне келген кезде осындай тұлғалар ақылы түрде осы әлемнің заңдарымен «рухани» қалай өмір сүрген дұрыс, өз мақсатыңа жетудің  оңтайлы жолдары туралы өзгелерге үйретеді.

- Ал мұның стандартты діни көзқарастан айырмашылығы неде және «әуесқой» ұстаздардың қайсысын ақша үшін ғана жүр деп нақты айта аласыз?

- Діннің конструктивті формасы жоғарыдағы сұрақтарға жауап берумен айналысады. Бір айта кететіні, тарихи іріктеуден өткен діни жүйеде менталитеттік және мәдени ерекшеліктерге байланысты адамның рухани тұлғалық дамуына, тұрақты психологиялық жағдайына бағытталған өзіндік қалыптасқан жүйе бар. Дін де өз кезегінде адамды «басқа әлеммен» өзара әрекеттесуге үйретеді. Бірақ діни ілім коммерциялық емес, жаңа атап айтқанымдай, тамыры тереңде жатқан дәстүрге негізделген. Ал, қазіргі заманауи эзотерика жүйесі, аффирмация айту, түрлі тренингтерге келер болсақ, олар шынымен де, көне философиялық және діни жүйедегі түсініктер мен терминдерді жаңа заманға сай түрлендіріп ұсынады. Мұны синкреттік ілімге жатқызуға болады. Мәселен, сіз ұстаздық етіп, дәріс оқып жатқан адамның аузынан бір кезекте христиандық дұғаны, ислам дінінің терминін естуіңіз мүмкін. Бірақ мұның бәрі «чакра», «карма» деген индуизмдік терминдермен ұсынылады. Мұның жарқын мысалы ретінде Виссарион (діни секта) негізін қалаушы Сергей Торопты айтуға болады. Ол өзін Иисус Христостың қайта келуі деп атайды. Ол ұстанған жол және «Церкви последнего завета» оқулығы христиан дінінің эзотерика және индуизм түсінігінің синтезі. Соңғы деректер бойынша, Сергей Тороп тұтқындалып, психатриялық сараптамадан өтіп жатқан көрінеді.

- Қазір эзотерика жеңіл ұғым болып қабылданып кетті. Шындығында ол құпия, тылсым дүниелермен байланысты емес пе?

- Тарихи жағынан эзотерика ілімін адам өздігінен немесе шектеулі дәстүрлер аясында шағын жабық топтармен игеріп, ол білім ұстаздан шәкіртке беріліп отырған. Бүгінгі күнге дейін сақталған жүйе бойынша принціпі солай қалады. Бірақ эзотерика жаппай қолданысқа еніп кеткен кезде, бұл коммерсанттарды ерекшелейтін маркерге айналуда. Мысалы, иудаизм ішінде «Каббала» атты көне эзотерикалық жүйе бар. Ол - яхудилерге сенетін кішкене топтардың игеретін ілімі. Бірақ бұл жабық топтармен еш байланысы болмаса да, популистер лекцияларында «Каббала» іліміне қатысты ақпараттарды қолданады.

ТЕКТАНУДА ИБРАХИМДІК ДӘСТҮРЛЕР БАР...

- Сіздің айтуыңызға қарағанда, мұның бәрі белгілі бір адамдар үшін табыс көзіне айналғандай... 

- Жұмыс барысында біз сертификатталған «рухани өсуге», «медитация және дамуға», «чакраларды ашуға», «астралды денені тазалауға» бағытталған көптеген мессенджерлер мен әлеуметтік желілерге мониторит жүргізіп шықтық. Аталған чаттарда олар өз қызметтерін ұсынып, ілімдерін үйретіп, сертификат беретінін де айтады. Әлбетте, ешқайсысы тегін емес. Сондай-ақ, «энергияны өсіру», «тегіңмен байланыс алу» сынды түрлі курстар сатылады. Виссарион сынды псевдоұстаздар бар дүние-мүлкін өзгелерге бере салуға дайын, артынан еруші адамдарды жинап алады.

- Сіз жаңа айтып отырған «тектану» да қазір трендте. Оның да өзіндік зияны бар ма?

- «Тектану» ТМД кеңістігінде енді тарап жатқан құбылыс. Яғни, мұнда Синкреттік ілімнің элементтері мен пұтқа табынушылық, сондай-ақ ибрахимдік дәстүрлер біріккен. Тектанушылардың ойынша, адам қандай да бір қиындықтарға ұшыраса, оның энергетикалық деңгейде ата-бабасымен проблемасы бар. Оның жолы ашылуы үшін әруақтармен қарым-қатынасын жөндеуі керек. Мұның бір элементі – индустық дәстүр бойынша құрбан шалу, «ягьи» болып табылады. Осындай жолдармен ата-тегіңнің каналдарымен «байланыса» аласың. Қазақстандықтар мұны «жеті атамен» байланыстырып, құрбан шалдырып, ақылы түрде әулие-әмбиелердің басын аралатады.

- Жоғарыда сіз мұндай қызметтердің сертификатталғанын айтып өттіңіз. Оларға мұндай ілімді таратуға сертификатты Үкімет немесе арнайы ұйымдар бере ме? 

- Сертификаттар мемлекет тарапынан бақылауға алынбайды. Бар болғаны жеке меншік ұйымдар тарапынан «Зерттеу институты», «Ілім беру орталығы» деген сынды сөз тіркестерімен куәландырылған. Осылайша, олар қарапайым адамдардың алдында өз беделдерін, бағаларын арттырады. Аңқау халық бір жапырақ сертификатына қарап, мынау осы саланың білгірі екен деп ойлайды.  Сондай-ақ, ғылымға икемдеп «логос» деген сөзді қосып алады. Аталған бағыттардың айырмашылығын түсіну үшін «Идущие к черту» деректі зерттеу фильмін көруге кеңес беремін.

- Пандемия жағдайындағы экономикалық дағдарыс салдарынан болып жатқан түрлі қиындықтар адамдардың сіз айтып отырған «қызмет» түрлерін белсенді пайдалануына одан сайын әсер етіп жатқан жоқ па?

- Дәл солай! Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, әлеуметтік қиын жағдай болатын аймақтарда жаңа діни және нео-эзотерикалық ілім көбейеді. Оның себебі, адам жаны қиналғанда өзін «сақтандыру жастығын» іздейді. Мәселен, біздің жұмыс тобының мониторингі бойынша, осы жылдың соңғы айларында «киелі мекендер» мен «энергетикалық порталдарды» аралататын экскурсия қызметтері белсенді жүрді. Мұндай сапарлар кезінде «жол бастаушылар» келушісін сапар барысында жағымды энергия жинап, жолы ашылып қайтатынына сендіреді.  Нәтижесінде, әрбір жаңа хабарландыру сайын бір ғана Нұр-Сұлтан маңында ақшасын төлесеңіз, «өміріңізді жеңілдететін» жаңа «энергетикалық» орындар көптеп пайда болған. Сәйкесінше, Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары мұндай алаяқтардың жұмысын тиісті органдармен бірге әшкерелеп отырады.

НЕОФИТ СИНДРОМЫ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

- Неге қоғам көшбасшылары арасында діни, рухани және эзотерикалық тақырыптар соншалықты танымал?

- Медиа тұлғалар рухани, діни тақырып арқылы әлеуметтік желілердегі оқырмандар санын көбейтіп, танымалдығын арттырып, бір шетінен, жеңіл ақша табуды көздейді. Бұдан бөлек, көптің алдында жүрген танымал адамдар арасында «неофит» синдромы бар.

Бұл синдром туралы жуырда ғана дін саласындағы сарапшылар жазған болатын. Неофит– дінге енді ғана бет бұрған адамның жаңа эмоциялық әсерлерін басқа адамдармен бөлісуге деген құмарлығы. Бірақ бұл – өте қауіпті жол. Себебі, аталған тұлғалар қоғамдық пікірдің көшбасшысы бола тұрып, қауіп тудыратын нәрселерді насихаттауы әбден мүмкін. Уағызды, рухани ілімді аталған саланың кәсіби мамандары жүргізгені дұрыс.