Оңалту жұмысымен айналысатын мамандарды классификациялау

Қазақстанда 2011 жылдарда алғашқы террористік актілер орын алғаннан кейін дін саласындағы мамандардың қоғам үшін қажеттілігі арта түсті. Соның ішінде, теологиялық оңалту жұмыстарын жүргізетін телогтарға деген сұраныс жоғары болды. Фанаттық деңгейге өткен кез-келген радикалды санамен жұмыс жасаудың өзіндік мәселелері бар. Олардың фанатизмі «осы жолда қызмет ету керек» деген сенімді тарату үшін үнемі күш-жігерін арттыратындығында [1, 494]. Діни радикалды көзқарасты ұстанушылардың санасын бейтараптандыру дін мамандарына жүктелетін іс екені белгілі.

Сәйкесінше діни экстремизмнің алдын алуға, радикалды діни көзқарасы бар адамдарды оңалтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Осы уақыт аралығында дін мамандарының ат салысуымен көпшілігінің діни ұстанымдары бейтараптандырылып, радикалды көзқарастарынан ерікті түрде бас тартқандары көп болды. Бұл нәтижелі еңбек. Өйткені, радикалданған сананы қалпына келтіру көп уақытқа, білімге, тәжірибеге және сабырлыққа тәуелді. Сондай-ақ, оңалту нәтижесі де бірден көзге көрінетін материалды болмауымен ерекшеленеді.

Ал қазіргі таңда осы теологиялық оңалту жұмыстарымен айналысатын мамандар түрлі тәсілдерді қолданып жұмыстар жүргізіліп отыр. Сапалық зерттеуде зерттеушінің өзі дерек жинаудың негізгі құралы, сондықтан не нәрсені бақылады, не нәрсені көрді, сонымен қатар, не нәрсеге назар аударуды шешті, көбіне көп зерттеушінің өз қалауының еншісінде қалады [3, 41]. Нәтижесінде тарапқа деген теологиялық және талдамалық жұмысты пайымдау бір жақты көзқарасқа тәуелді болады.

Сондай-ақ, мамандардың жұмысын жүйелейтін классификация болмағаннан кейін әр маман өзінің тәжірибесімен жұмыс жасайды. Кейбір жағдайларда білімі мен біліктілігі сай келмеген мамандар да оңалту жұмысына тартылады. Мұндай жағдай түсіндіруден бөлек, тараптар арасындағы конфликтіге дейін ұласуы мүмкін. Ал конфликт – тараптардың, пікірлердің, мүдделер мен позициялардың қарама-қайшылығынан қақтығыстың ашық кезге айналуы  [4, 220]. Ал бұл мәселені шешпейді, керісінше одан ары күрделендіреді.

Қазіргі уақытта дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндірумен айналысатын топтарды оқыту семинарлары бұл мәселені қамти алмай отыр.

Оңалту саласындағы мамандардың әр түрлі тәсілмен жұмыс атқаруының орын алуы да түсінікті жәйт. Өйткені, елімізде дін саласындағы оңалту жұмыстары жетілу үстінде. Оның үстіне бұған дейін қоғамда дінді ғылыми танымнан гөрі, күнделікті дәстүрлі мұқтаждықты өтеу ретінде қабылдау басым болған еді.

Сонымен қатар, еліміздегі ауқымды шара «Жусан» операциясы бойынша елге оралғандармен теологиялық түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Бұл түсіндіру жұмыстарына көптеген діни мамандар тартылды. Елімізде батыс аймақтардағы жүргізілген талдау нәтижесінде мамандардың әр-түрлі деңгейде түсіндіру жұмысын жүргізгені көрінеді. Сонымен қоса, түсіндіру жұмыстарын өткізген А.Сабдин және Т.Талдыбаев түсіндірулері оңалтылушы тарапынан жақсы бағаланған. Теологиялық оңалту жұмысын тиімді жүргізетін мамандардың тәжірибесін бөлісу қазіргі уақытта өзекті болып отыр.

Сондай-ақ, оңалту шараларына кей жағдайларда мешіт имамдары да тартылып келеді. Бірақ, кәсіби білімі мен біліктілігі сай келмеген имамдарды бұл бағыт бойынша шұғылдандыру дұрыс емес. Әдетте мұндай мәселе де кездеседі.

Имам – мешіттегі діни рәсімдерді (жамағатқа намаз өткізу, неке қию, жаназа шығару, айт мерекелерін ұйымдастыру, қайырымдылық шаралар, діни оқу-ағарту және осы секілді т.б.) өткізумен айналысуы керек. Ал әлеуеті жоғары таңдаулы болған білімді, тәжірибелі, ахуалға талдау жасай алатын имамдарды ғана оңалту шараларына қатыстыру қажет. Оңалту саласындағы мамандарды дайындауда тиісті атқарушы орталық орган және ҚМДБ алдында жаңа бағдарлама құруды уақыт талап етуде.

Теологиялық оңалту жұмыстарымен айналысатын мамандарды классификациялауды қолға алатын уақыт келді. Мәселен, мемлекеттік қызметшілер, педагогтар, дәрігерлер, спортшылар, құрылысшылар және т.б. сала мамандары кәсіптік біліктіліктеріне сай категорияларға бөлінген, сонымен қатар құқықтық тұрғыда реттелген.

Осыған орай дін саласында оңалту жұмыстарын жүргізетін мамандарды да классификацияға бөліп қарастыру өте маңызды. Мәселен, дін саласында оңалту жұмыстарымен айналысатын мамандарды «А», «В», «С» кластарына бөлуге болады.

– «А» класына (жоғары топ): Қоғамға ашық қауіп төндіру ықтималы болған террористтің, экстремисттің, радикалды діни көзқарасты агрессивті ұстанушының, ұйым көсемінің діни көзқарастарына талдау жасауға және оңалту жұмыстарын жүргізуге, сонымен қатар «В», «С» кластарының қызметтеріне пайдалану.

– «В» класына (орта топ): Қоғамға қауіп төндіру ықтималы болған ұйым белсендісімен, түзету мекемесінде экстремизм, терроризм баптарына байланысты жазасын өтеушілермен жұмыс жүргізу. Сонымен қатар, «С» класының қызметіне пайдалану.

– «С» класына (қалыпты топ): Қоғамға қауіптілігі болмаған, қалыпты дәстүрлі емес діни бағытты ұстанушылармен, жаңадан діни бағытқа келушілермен және алдын алу бағытында жалпылама жамағатпен жұмыс жасауға пайдалану.

Аталған кластарға мамандарды жатқызу үшін сәйкесінше арнайы талаптар мен міндеттер қойылып, сонымен қоса мерзім сайын оқыту семинарларынан өткізіп отыру қажет.

Мамандарды классификациялауда күтілетін нәтижелер:

– Ұйымдарда оңалту бағыты бойынша жүйеленген жұмыстардың болуы;

– Дәстүрлі емес діни бағытты ұстанушыларға нақты талдау жұмыстарын жүргізу;

– Қарсы тараппен жоғары, тиімді байланыс орнату;

– Оңалтылған статистикалық көрсеткішті одан да жоғары деңгейе жеткізу;

– Қарсы тараптың теологиялық жұмыс жүргізетін мамандарға деген аттракциясын, сенімін қалыптастыру және беделін көтеру;

– Қауіп-қатері болуы ықтимал себептерді тез анықтау;

– Оңалту жұмысына кететін уақытты қысқарту;

– Жамағаттың арасындағы бөлінушілік фактілерінің азаюы;

– Дәстүрлі діни сенімнің санада сенімді түрде, күмәнсіз орын алуы;

– Діни экстремизмге қатысты қылмыстық әрекеттердің азаюына себеп болу;

– Оңалту процесіне кететін шығындардың азаюы.

Сонымен қатар, дін саласындағы мамандарды қажеттілікке орай «теолог базасын» қалыптастыру қажет. Ол базада классификациялаудан өткен дін мамандарымен қоса, «модератор теолог», «сарапшы теолог», «зерттеуші теолог», «шебер теолог» сынды санаттарға бөлуді қарастыру маңызды. Өйткені, бұл санаттардағы мамандарды мемлекеттің дін саласындағы саясатын түсіндіру бағыттарында, сот процестерінде, ғылыми зерттеу аясында, діни оңалту жұмыстарында пайдалану тиімді. Әрі кәсіби, сапалы қызметтің көрсетілуіне себеп болады. Осы жоғарыда келтірілген классификация мен санаттарға жататын мамандарды арнайы жасақталған деректер базасына орналастыру қажет.

Қоғамда туындаған мәселенің жүйелі, тиімді жүргізілуіне әрдайым оң шешімдер қабылданып отыратыны белгілі. Сондықтан да, бұл саладағы мамандарды классификациялайтын жүйенің және оларды топтастыратын базаның қалыптастырылуы  қорыта келгенде дін саласындағы теологиялық оңалту қызметінің жүйелі жүзеге асуына үлескер болады. Бұл мәселенің маңыздылығы ескеріліп зерделену, діни оңалту процесіндегі жұмыстардың жаңашыл бағыттарда дамуына жол ашпақ.

Жандәулет Сүлейменов,
«Нұр Мүбарак» Египет ислам мәдениеті
университетінің магистранты, теолог