ҚОҒАМНЫҢ ДАМУЫНДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ МАҢЫЗЫ

Н.Рүстем,

Нұр-Сұлтан қаласының

Дін мәселелерін зерттеу

орталығының маманы

«Құндылық» ұғымының мәнін таратып айтқанда қоғам өмірінде қалыптасқан жасампаз идеялар мен этикалық категориялар, маңызды мақсат-мұраттар мен оларға жету жолдары, мінез-құлық мәнері туралы жинақталған түсініктер болады. Құндылық – бір заттың маңыздылығы, пайдалылығы. Сырттай құндылық – зат не құбылыстың қасиеті болып анықталады. Алайда оның маңыздылығы мен пайдалылығы табиғаттан, объекттің ішкі құрылымының әсерінен емес, адам болмысына енген, адам оған құштар не қажеттілік сезетін нақты қасиеттердің субъективті бағалануынан болады.

Құндылықтар жүйесі адамның күнделікті қоғамдық, не жеке тұрмыстық бағдарында, оның айналасындағы заттар мен құбылыстарға қарым-қатынасының орнауында айқын көрінеді. Яғни, құндылық дегеніміз тарихи тәжірибе негізінде тұжырымдалған ұлт немесе адамзат мәдениетінің мәні болып табылады.

Дәстүр – әлеуметтік-мәдени мұраның ұзақ уақыт бойына адамдар атадан балаға қалдыратын, әдетке айналған, сол қоғамның немесе әлеуметтік топтың құндылықтар жүйесі мен ережелеріне ұласқан бөлігі. Дәстүр тек мұраның нысандарын ғана емес, сонымен қатар, әлеуметтік мұрагерлік процесі мен оның әдіс-тәсілдерін де қосып алады. Олар қоғамның барлық салаларынан көрініс табуы мүмкін,олардың діндегі, ғылымдағы, өнердегі, әдебиеттегі және басқа да салалардағы алар орны ерекше.

Қоғамдағы даму салдарынан дәстүр рөлі біршама төмендейді. Олардың қоғамдық қызметтері индустриалды қоғамға қарағанда, индустрияландыруға дейінгі қоғамда едәуір кең болды. Дәстүр – әдет-ғұрыпқа қарағанда ауқымды құбылыс. Дәстүр рөлін әлеуметтік тұрғыда бағалау нақты түрде жүргізілуі керек. Дәстүрді елемеуге болмайды, ойткені ол қоғамның тарихи дамуының сабақтастығының бұзылуына әкеп соқтырады. Сондай-ақ, дәстүрді мүлде шексіздендіруге де болмайды, өйткені ол қоғамның ескірген тұстарын сол қалпында сақтап, оны тұралатып, тоқырауға ұшыратады. Құндылықтар қоғамның даму бағдарлары мен өмір сүру мәнерін белгілейді. Құндылықсыз қоғам – болашағы бұлыңғыр қоғам. Кең байтақ даламызда талай дүбірлі дүрбелеңдерді бастан өткерген ата-бабаларымыздың қиындықтарға сағы сынбаған. Шашасына шаң жұқтырмайтын сәйгүліктерше тарихтағы соқпақты жолдарды абыроймен жүріп өткен. Жаратылысы жігерлі, ел сенімін ақтаған, ары мен жанын сатпаған, діні мен дәстүрін сақтаған, намысты қолдан бермеген қайсар халықтың өз құндылықтарын жоғалтпай атадан балаға мұра етіп келеді.

Құндылық – ол қоғамның өз ішінен қайнап шығады, мемлекеттік билікке тәуелсіз болып қалыптасады. Оның идеологиядан айырмашылығы да осында. Құндылық – уақыт сынынан өткен және заман озған сайын түлеп отыратын идеялар мен ұстанымдар. Ешбір өркениетті қоғам уақыт сынынан өтіп, өміршеңдігі мен жасампаздығын дәлелдеген дәстүрлі құндылықтарсыз алға басып көрген жоқ. Өйткені дәстүрлі құндылықтар – ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі және ең бастысы – ұрпақтар сабақтастығының негізі. Әрбір қоғам мәдениетіне тән өзіндік құндылықтар кешені болады. Дәстүрлі қоғам өзгеріске ұшыраған жағдайда да дәстүрлі құндылықтар өз маңызын жоймайды. Оған дәлел қазіргі біздің қоғам.

Тиісті анықтамаларға сәйкес дәстүрлі қоғам дегеніміз – саяси, әлеуметтік және мәдени дамуы дәстүрлі құндылықтарға, салт-санаға, ата-баба мұраларына негізделетіндігімен ерекшеленетін әлеуметтік орта. Дәстүрлі мәдениеті, саяси жүйесі, құқықтық санасы тиісті деңгейде қалыптасқан қазақ қоғамы тарихи үдерістер салдарынан елеулі өзгерістерге ұшырады. Қазір ол өз дамуын заман талабы тудырған құндылықтармен көбірек байланыстыруда. Дегенмен ұлттың дәстүрлі құндылық жүйесі, соның ішінде рухани құндылықтары жаңа қоғамның бағдарын айқындауда негізгі реттеушілік рөл атқарып отыр. Ұрпақтар сабақтастығы құндылықтар арқылы жалғасын табады. Ұлт тарихы үшін осы сабақтастықтың маңызы өте зор. Әр буын өзіне дейінгі ұлт тәжірибесін бойына сіңіріп, ары қарай дамыта білмесе, тарихын екшеп-саралау арқылы болашағына бағдар жасамаса – ол қоғам керітартпа қоғамға айналады. Өткенді өшіріп , тарихты өзінен бастаған буын мемлекетті рухани дағдарысқа ұшыратады. Оның жекелеген көріністері де, өкінішке орай, қазіргі Қазақстан қоғамында бой көрсетуде. Бұл орайда да біз тарихи тәжірибемізден сабақ алуымыз қажет.

Кешегі қазақ қоғамында да рухани-идеологиялық бағдарды айқындауда ұлт зиялылары мен алаш азаматтары шешуші рөл атқарды. Дін, ғылым, руханият саласындағы қажырлы ізденістерінің нәтижесін сана сүзгісінен өткізіп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні ретінде ел жүрегіне жеткізіп беріп отырғандар солар еді. Дәстүрлі қоғамның дәстүрлі құндылықтары осылай қалыптасқан. Қоғамның дамуындағы дәстүрлі құндылықтарымыздың маңыздылығын әрқашан есте сақтап, болашақ ұрпаққа аманат етіп жеткізу, абыроймен тапсыру біздің борышымыз екенін ұмытпайық.