ОРТАЛЫҚПЕН ЖАБЫҚ КӨРСЕТІЛІМ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

18 мамырда елордалық Дін істері басқармасы мен Діндерді зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Kinopark 8 IMAX Saryarqa кинотеатрында «Жұмақ: жаза және кешірім» көркем фильмінің тұсаукесері өтті.

Іс-шараға қала әкімінің орынбасарлары Е.Б. Байкен, Б.О Жәкенов, Дін істері басқармасының басшысы Н.И. Әлмұханов, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, медиа тұлғалар, танымал спортшылар, блогерлер және т. б. қатысты.

«Жұмақ» фильмінің бірінші бөлімі 2021 жылы жарыққа шығып, көпшіліктің көңілінен шыққан туындыға айналды. Атап айтқанда, YouTube, Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде 5 миллионнан астам қаралым жинады. Туындының режиссері С. Таласов және идея авторы Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Н. Әлмұханов.

«Бұл фильмді теологтармен, дін саласынынң мамандарымен кеңесе келе түсірдік. Басқармаға қарасты Діндерді зерттеу орталығында діни жат ағымға еріп кеткен адамдармен жұмыс жасаймыз. Олардың тағдыры әртүрлі. Діни сауатсыздықтың кесірінен отбасынан безіп, отанын тастап шекара асып кеткендер де кездеседі. Осындай жағдайларды көргеннен кейін, адамдарға сабақ болсын деген мақсатта фильм түсіруге шешім қабылдадық. Бірінші бөлімі шыққан соң маған еліміздің түкпір-түкпірінен қоңыраулар түсті, мыңдаған пікірлер келіп жатты. Дін тақырыбында көркем фильмдер жиі түсіріле бермейтін болғандықтан көптің көңілінен шықты деп ойлаймыз», - деді басқарма басшысы Н. Әлмұханов.

Бірінші бөлімде фильмде деструктивті діни ағымға түсіп, өмірі күрт өзгерген Әли атты жас жігіттің тағдыры көрсетіледі. Отбасынан бас тартып, ата-анасынан айырылып, достарымен араласуды доғарып, аяғында темір тордың ар жағынан шыққан жігіттің өмірі не болады деген сұраққа фильмнің екінші бөлімінен жауап ала аласыздар.

Фильм режиссері С. Таласов: «Бұл фильмді түсіруге көп ойландым. Тақырып оңай емес. Көрермен қалай қабылдайды деген күман болды. Бір жыл дегенде бір-ақ түсірілімді бастауға келістім. «Жұмақ» деп аталатын бірінші бөлім көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Екінші бөлімде жақсы нәтиже береді деп үміттенемін. Әрбір туынды – ол балаң сияқты. Сондықтан, жақсы қаралым жинап, көрермен көзайымы болса екен деген үлкен үмітіміз бар»,- деді.

«Жұмақ» фильмінің бірінші бөлімін Діндерді зерттеу орталығының YouTube каналынан көре аласыздар. Ал, «Жұмақ: жаза және кешірім» туындысын жақын арада әлеуметтік желілерде жарық көреді.