Саяси-діни терроризм және экстремизм түсінігі, пайда болу себептері.

Терроризмнің тарихы адамзат тарихы секілді өте көне тарих. Адамдар арасында әрқашан бейбітшілік және тыныштық болмаған, террористік және анархиялық іс-шаралар да орын алып келген. Патшаларды тақтан құлату, басқа біреуін таққа отырғызу, сарай адамдарын өлтіру, кейбір адамдардың басын алу үшін бүлік шығару, жол тору, адам өлтіру, тонау, өкіметті құлату істеріне қатысу алдыңғы ғасырлардағы терроризмнің түрлері болып табылады. Терроризм ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қоғамдық өмірдің өзекті мәселелерінің біріне айналды. Ал ХХ ғасырда бұл мәселе мемлекеттік деңгейге дейін көтерілді. Терроризмді қолдану себептері көбейе бастады. Бірінші Дүниежүзілік соғыстың шығуына себеп болған Австрия ханзадасының өлтірілуін, кейіннен Үндістанның президенті Индира Гандидің және Американың президенті Кеннедидің өлтірілуін террористік іс-шаралардың үлгісі ретінде көрсете аламыз1.

XX ғасырдағы терроризм адамзат тарихында алғаш рет геосаяси, ішкісаяси, ұлттық және идеологиялық мүдделерді қорғау мен оны ілгері бастыруда күшті қарулардың біріне айналды. Әлемде терроризм, экстремизм мәселелері күннен күнге ушығып келеді. Осыған сәйкес, бұл мәселелерге деген көзқарастар мен сараптаулар, талдаулар мен аналитикалық болжамдарда әрқилы болып отыр. Терроризм мен экстремизмге берілген анықтамалар мен бағалардың көптігі соншалықты, соңғы кездері қарама-қарсы, қайшылықтарға толы ойлар мен пікірлерде пайда бола бастады. Терроризм мен экстремизмнің табиғаты, мақсаты мен қозғаушы күші, шығу себептері, ментальдық болмысы жайында қоғамда қызу пікір таластардың жүріп жатқаны белгілі. Олардың шығу табиғатын философиялық, мәдениеттанулық, саяси және құқықтық, психологиялық тұрғыдан зерттеу кең етек алуда. Көптеген ғалымдардың пікірінше терроризм мен экстремизм ХХІ ғасырда жаңа сипатқа ие болып, мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіруде басты құралға айналуда. Осының барлығы жаһандану заманында аталған феноменді жүйелілік тұрғыдан талдауды қажет етеді.

Терроризм ұғымы "террор", "террористік акт" түсініктерімен тығыз байланысты. "Террор" (Terror)- латын тілінен аударғанда, "қорқыныш, үрей" деген мағынаны білдіреді. С.И.Ожеговтың орыс тілі сөздігінде: "террор-саяси қарсыластарды күш жұмсау арқылы жою, тіпті өлімге бұйыруға дейін бару" деп көрсете отырып, "террорлауды – террормен, күш көрсетумен қорқыту, террорист - жеке террорлық актіге қатысушы немесе қолдаушы"-деп анықтайды2. АҚШ елдері тұрғысынан «АҚШ-тың халықаралық мүдделерін бұзған ұйымдардың жүзеге асырған әр түрлі іс-шаралары терроризм деп аталады». Еуропа Бірлігі де бұл анықтаманы қабылдайды. Өйткені олар үшін де терроризм анықтамасы дәл анық емес. «Еуропа Бірлігіне мүше елдердің қоғам тәртібін бұзатын іс-шаралар жүргізу терроризм болып табылады. Басқа елдерде іс-шаралар өткізіп, ЕБ шекараларында өмір сүріп, қанат жайған ұйымдарға қатысты ерекше анықтама берілді».

Қазақстан Респуликасының "Терроризммен күресу туралы" Заңында: «Терроризм-мемлекеттің қауіпсіздігін бұзу, мемлекеттік органдардың шешім қабылдауына ықпал ету мақсатында жасалатын қылмыстық іс-әрекет. Мұндай іс-әрекеттерге стратегиялық және өмірлік маңызы бар обьектілерді, мемлекеттің коммуникациясын, халықты қамтамасыз ету жүйесін, мүлікті және басқа да материалдық обьектілерді жою немесе жоямын деп қорқыту, мемлекеттік немесе қоғамдық қайраткердің өміріне қастандық жасау, шетел мемлекетінің өкіліне немесе халықаралық ұйымның қызметкеріне шабуыл жасау, жеке тұлғаларға қатысты күш көрсету немесе күш көрсетемін деп қорқыту, тұлғаларды кепілге немесе басып алу жатқызылады».

Терроризмнің басты белгісі, ол — күш көрсету. Террористердің өздері террордың күш көрсету екендігін жасырмайды. Терроризмнің ең қысқа және айқын анықтамасының бірі: "терроризм дегеніміз саяси мақсаттағы дәлелді күш көрсету"-дей отырып, күш көрсету терроризмдегі басты орындардың біріне қойылады.

Қазіргі уақытта терроризмнің шығу себебі белгілі бір елдегі шешілмеген мәселелері болып саналады. Кедейлік, жұмыссыздық, сыбайлас жемқорлық т.б. Осыған ұқсас басқа себептер терроризмнің пайда болуына әсер етеді. Алайда, терроризмді әлеуметтік-экономикалық факторлармен ақтауға болмайды. Көбінесе террористер экономикалық сәтсіздіктерге, саяси қуғын мен әлеуметтік теңсіздікке өздерінің қанды акцияларын ақтайтын жағдай ретінде оларға сілтеме жасайды. Әрине бұл жағдайлар барлығына белгілі. Алайда олар бейбіт адамдарға қатысты жасалатын тікелей және психологиялық күш көрсету актілерін ақтай алмайды.

О.М.Хлобустов және З.Г.Федеровтың ойы бойынша терроризмнің пайда болуына жалпы қылмыстың өсуі әсер етеді дейді3. М.В.Назаркин терроризмнің базалық себептеріне әлеуметтік шиеленістерді жатқызады4.

Атауы және көрінісі тұрғысынан қандай болмасын, терроризмнің нәтижелері қай жағынан алсаң да ойсыратушы болып табылады. Жергілікті, ұлттық және халықаралық тұрғыдан жағымсыз жақтары бар. Ғаламдасу тұрғысынан күн тәртібіне қойылған “бөліну және хаос”, “өркениеттер қақтығысы”, “ұлттық азшылықтар”, “адам құқығы”, “демократия”, “теңдік” секілді ұғымдар терроризм көлеміне де, нәтижелеріне де әсер етуде. Бұл ұғымдар бір жағынан террористік іс-шаралар үшін қажетті құрал және баспана түсінігін қалыптастырса, екінші жағынан терроризмге қарсы бірге күресу және әлем бейбітшілігін қорғау түсінігін де нығайтуда. Көрсетілген құндылықтардың ішіндегі демократия, адам құқықтары және азшылықтар  жөніндегі мәселелердің терроризммен тығыз байланысты екендігін айта кету керек. Нәтижелері алып мемлекеттердің ұлттық мүдделеріне және саясаттарына сәйкес болған жағдайда адам құқығы, азшылықтар, демократия және әлеуметтік әділеттілік секілді құндылықтар күн тәртібінің өзекті мәселесіне айналуда және аталмыш мәселелер қорғалуда. Ал керісінше болған жағдайда бұл құндылықтар мемлекетке қарсы терроризм әрекеттерін жүзеге асыруға құрал ретінде қолданылуда.

Нұр-Сұлтан қаласының дін мәселелерін

Зерттеу орталығы бөлім басшысы

Ыбышев Ерхан