СЪЕЗДІҢ ЕЛ ИМИДЖІ ҮШІН МАҢЫЗЫ ЗОР

Әлемде түрлі халықтар бары секілді наным-сенімдердің де түрі көп. Сондықтан дін мәселесі де маңызды мәселелердің бірі. 2022 жылы еліміздің астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтті. 

Ватикан мен Католик шіркеуінің басшысы Рим Папасы Франциск, әл-Азһар шейхы, Жоғары мәртебелі имам Ахмет Тайып, Мәскеу Патриархаты Сыртқы шіркеу байланыстары бөлімінің төрағасы Волоколамск митрополиті Антоний, Сауд Арабиясы корольдігінің Ислам істері, уағыз және насихат жөніндегі министрі шейх Абдуллатиф бен Абдулазиз аш-Шейх, Израильдің Бас ашкеназ раввині Давид Лау сынды дін басылары бір үстел басында жиналды.

Бұндай маңызы жоғары іс-шараларды өткізу еліміз үшін үлкен жауапкершілік екенін атап өткім келеді. Съезд пандемиядан кейін өткізіліп отырған әлемдік діндер өкілдерінің алғашқы бас қосуы. Пандемия кезінде осындай кездесулер бәрімізге жетіспеді. Сондай-ақ, біз съезді 2022 жылы пандемиядан кейінгі әлемнің экономикалық және әлеуметтік аспектілері мен жаңа геосаяси сын-қатерлер талқыланған Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум, Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясы сияқты беделді халықаралық шаралармен бір қатарға қоя аламыз. Съезге Рим Папасының келуін де үлкен тарихи жағдай. Бұл туристік жағдайға оң әсері берері сөзсіз. Көпшілікке белгілі, Еуропаның көптеген мемлекетінде католицизм-негізгі дін болып табылады. Ал Еуропа жұртшылығының Қазақстанға назар аударуы инвестициялық тұрғыда да маңызы зор.

Діндер съезі Қазақстан соғыссыз, бейбіт, татулыққа негізделген ел екенін көрсететін мүмкіндік. «Біздің съезд өркениетаралық диалог орнататын жаһандық деңгейдегі алқалы жиынға айналды. Бұл форумды өткізуге Қазақстанның бастамашылық етуі бекер емес. Себебі қазақ жері ғасырлар бойы Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келеді. Осында, яғни Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүрген. Діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат», – деп президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл іс-шараның жаһандық констуктивті диалог алаңы екенін атап өтті.

Съездің ең үлкен ерекшелігі алғаш рет гендерлік мәселеге ерекше назар аударылды. Әйелдердің әлеуметтік мәртебесін арттырудағы діни қауымдастықтардың рөлі талқыланды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, отбасының функционалдық беріктігі деңгейіне гендерлік қатынастар елеулі әсер етеді.

Біздің халқымыз ежелден ашықтық, бейбітшілік қағидаларын ұстанған. Съездің қорытынды құжатында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бейбітшілік пен діндер, мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы игі диалог үшін тұрақты қызметін жалғастыруға бар күш-жігерін салатыны айтылды. Қорыта келе, бұндай іс-шараларды өткізу өзектілігінің әлі де жоғары дегім келеді.

Н. Әлмұханов, Астана қаласы Дін істері
жөніндегі басқарма басшысы