ТҮБІН БІЛМЕГЕН ДІНІН БІЛМЕС

М.Омаров,

Нұр-Сұлтан қаласы

Дін мәселелерін

зерттеу орталығының қызметкері

 

 

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері халқымыздың ислам дініне деген бет бұрысы қарқынды өсіп келеді. Осыған сәйкес теріс ағым ұстанушылары өздерінің идологиясын таратуда белсенді жұмыс жүргізуде. Оның көрінісі бүгінгі таңда дін бұзушы азаматтардың бойында белен алуда.  Діни білімді ғаламтор арқылы теріс ағым жетекшілері пір тұтқан шейхтарды тыңдау арқылы үйренуде. Сондай-ақ, «бұрын соңды қазақ даласында ислам діні болмаған, тек кешегі 1990 жылдары ғана келген» деген ұстанымды ту етуде. Өздері бір ауыз араб тілін білместен Құран және сүннетті ұстанамыз деген жалаң ойларымен дін қаймағын бұзуда. Құран мен сүннетті түсінуіміз үшін тіл білімі лингвистика ғылымын терең білуіміз керек. Бұл ғылымды меңгермейінше ислам дінінің қайнары Құран Кәрім мен Пайғамбардың сүннетін толық түсіне алмаймыз.

Қазіргі ислам шариғатын үйренушіге ең алдымен ілімді мешіт, медіреселерде алғаны дұрыс. Бұл аталған ілім ордасында сіз ең алдымен ислам ғылымына керекті араб әліппесінен бастап тәжуид, марфалогия, синтаксис, риторика, методология т.б. ғылымдарды мегересіз. Сонда ғана ислам дінін өз дәрежесінде түсінуге мүмкіндік болады. Ең өкініштісі жат идологияның артынан ерушілер өздері арабша екі ауыз сөз білместен, Құран Кәрім және сүннетпен жүреміз деп есептейді.

Қазақ тарихына үңілетін болсақ сонау ширек ғасырлардан бергі қазақ даласында жарық көрген ислам ғұламаларымен танысар едік. Оларды атап өтетін болсақ Жүсіп Баласағұн (ІХ ғ.), Қожа Ахмет Яссауи (Х ғ.), Әбу Ибраһим Исхақ әл-Фараби (Х ғ.), Исмайл әл-Жауһари әл-Фараби (ХІ ғ.), Һибатулла әт-Тарази, Хусам ад-дин әс-Сығнақи, Қауам ад-дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Түркістани (ХIV ғ.), Мұхаммед Хайдар Дулати (ХVI ғ.), берісі Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп т.б. – бәрі де фиқһта Ханафи мәзһабын, сенімде матуриди мектебін ұстанған.  Осы аталған қазақ зиялы ғұламаларын қайсі бірін алатын болсақ та араб тілін жетік меңгерген. Онымен қоса ислам дінін терең түсініп, түрлі еңбектер қалдырған. Сондай-ақ, қазақ хандығының көне құқықтық қағидалары, заңнамаларын айтатын болсақ, мысалы: Тәуке ханның «Жеті жарғы», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» заңдары Әбу Ханифа мәзһабына негізделді. Ал, бүгінгі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанып отырған бағыты да – осы.

Кешегі Шәкәрімнің «Мұсылмандық кітабы («Мұсылмандық шарты» деп те аталып жүр)», Ы.Алтынсари атамыздың «Мұсылмандық тұтқасы» еңбектеріндегі амал мәселері Әбу Ханифа мәзһабын негіз етсе, сенім мәселесінде Матуриди ақидасымен үндесіп жатыр.

Міне, біз бұдан бабаларымыздың қандай жолды ұстанғанын көреміз. Дегенмен, еліміздің бірлігіне нұқсан келтіріп, халқымыздың сеніміне селкеу түсіргісі келетін кейбір деструктивті діни ағым өкілдері әр түрлі пікірлер таратып, азаматтарды алауыздық көзқарасқа шақырады.

XVIII ғ. екінші жартысында қазақ даласында 200 жуық медіреселер болған. Бұл медреседе Орта Азиялық тәлім, дәріс беру келесідей дәрежелерге бөлінген. Бастапқы «Ибтидаия» бастауыш 4 жыл оқыған. Екінші «Рушдия» жалғастырушы 3 жыл. Үшінші «Иғдадия» толықтырушы 3 жыл тәлім алатын. Төртінші  «Ғалия» жоғарғы деңгей 3 жыл. Осы дәрежелерді қосқанда жалпы оқу уақыты 12-13 жылға созылады. Осынша ғұмырын ілім ғылымға сарп еткен аталарымыз ислам шариғатын бекем ұстанған. Әрі бабаларымыз дін ұстануды өмірдің өзіндей қабылдап, салт-дәстүрі мен мәдениетіне айналдырып үлгірген еді. Осы орайда, діни сананы қауіпті діни уәждерден қорғап, Мұхаммед пайғамбар салып кеткен сара жолмен жүріп, «әлхамдулилла мұсылманбыз» деген ұлттық дүниетанымымыз, дала данышпандарының рухани ілімдері Ислам дінін насихаттайтын «Сирату әл-мустақимді (тура жолды)» меңзейді.

Білімсіз жастардың діни мәтіндерді дұрыс түсінбеуінің салдарынан қаншама жастарымыз теріс пиғылды жат ағымдардың жетегінде жүр. Ендеше, қазақтың діншіл болмысында да білімсіз дін ұстану діншілдікке жатпайды. Сондықтан дала тағылымгерлерінің асыл сөздері мен байырғыдан келе жатқан дәстүрлі діни сананы жаңғыртудың рөлі айырықша. Діни мәселелердің алдын алу жайлы сөз қозғағанда ең әуелі ғасырлардан бергі бабалар салған идеялогия арқылы кешенді жұмыс жүргізу арқылы қоғам мүшелерін терроризм, экстремизм және радикализмнен сақтануға мейілінше қабілетті рухани иммунитет дамытуымыз керек.