ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ – ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ КЕПІЛІ

Қ.Бейсенғазин,

Нұр-Сұлтан қаласы

Дін мәселелерін зерттеу

орталығының қызметкері

 

Қазақстан Республикасы Конституциясы 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», – деп атап көрсетілген.

Зайырлылық қағидаттарына сәйкес мемлекет пен діннің ара-қатынасы ажыратылған. Мемлекет азаматтардың дінге қатысты өз көзқарасын айқындауына, балаларын өз нанымдарына сәйкес тәрбиелеуіне араласпайды. Діни бірлестіктер де мемлекеттiк органдардың функцияларын орындамайды және олардың қызметіне араласпайды. Егер діни ұйымдардың және мүшелерінің іс-әрекеттері адам өмірі мен денсаулығына қатер төндірсе, оның құқықтарын шектесе, сондай-ақ, еліміздің егемендігіне және аумақтық тұтастығына қарсы бағытталған әрекеттерге барған жағдайда мемлекет заң аясында шектеу және жауапқа тарту шараларын қолданады.

Сондай-ақ, зайырлылық сөзінің атеистік ұғымын білдірмейтінін айта кеткен жөн. Керісінше зайырлылық – бейбітсүйгіш, толерантты және өзгенің таңдауына құрметпей қарауды білдіреді.

Зайырлы мемлекетте қоғамдық қатынастар діни нормалар негізінде емес, азаматтық негізде реттеледі. Барлық діндер мемлекетте тең құқылы және олардың бәріне бірдей талаптар қойылады. Мемлекет діни бірлестіктердің ішкі жұмысына араласпайды, ал, азаматтардың өзі қалаған дінді ұстануы оның конституциялық құқы болып табылады. Тіпті, қандайда бір діни ұстанымдарды қабылдамай, атеистік көзқараспен өмір сүруі де оның жеке басының шаруасы. Себебі, зайырлы мемлекетте кез келген қоғам мүшесі тең құқылы. Ешкімге діни ұстанымына және әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік жағдайына байланысты басымдық берілмейді.

Елімізде барша қазақстандықтарға қоғамдық игіліктерге қол жеткізу үшін бірдей жағдай жасалған. Яғни, түрлі дін өкілдері де, атеистер де тең құқылы болып табылады. Конституцияға сәйкес тіл мен дінге көзқарасына қарамастан барлық азаматтардың заң алдында теңдік қағидаттарына және әрбір азаматтың жеке наным-сеніміне құрметпен қарауға негізделген мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың зайырлы моделі қалыптасты.

Алайда, қазіргі уақытта діни экстремизм мен терроризм идеологиясының жетегінде кетіп, діни үндеулерді жамылып, адам құқығы мен бостандығына нұқсан келтіріп, мәдени және рухани мұраларды жаққа шығаруға тырысатын тұлғалар мен діни ағымдардың бар екені жасырын емес.

Олар жалған діни қағидаларды дәлме-дәл қабылдап, оған еретін адамдардың ой-өрісіне, сезіміне, іс-әрекеттеріне деструктивті әсер етіп, дінді сылтау етіп дәстүрлі ұстанымдарға қарсы әрекеттерге итермелеуде. Осының негізінде діни фанатизм мен радикализм мемлекеттің конституциялық негіздеріне, елдің зайырлы даму қағидаттарына, халықтың дәстүрлі рухани құндылықтарына зиян келтіруде.

Қазақстанда ұлтаралық және дінаралық араздықты қоздыруға бағытталған кез келген әрекетке қатаң түрде тойтарыс беріледі. Сонымен қатар, мемлекет конфессияаралық келісімді сақтау мәселесіне басым бағыттардың бірі ретінде қарайды.

Сондай-ақ, мемлекет дінаралық тұрақтылықты сақтауға бағытталған бағдарламаларды жүзеге асыруда. Соның ішінде, Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы мемлекеттік-конфессиялық және конфессияаралық қатынастарды жетілдіруге, мемлекеттің зайырлы қағидаларын нығайту және дінді деструктивті мақсатта пайдалануға жол бермеу бойынша ресми көзқарастар жүйесі болып табылады. Аталған құжатта дін саласындағы мемлекеттік саясаттың стратегиялық мақсаттары мен негізгі бағыттары айқындалған.

Осындай сындарлы саясаттың арқасында елімізде қызмет ететін 18 конфессияға жататын 3816 діни бірлестіктер мен олардың филиалдары діни алауыздыққа жол бермей, бейбіт өмір сүруде. Бұның бәрі мемлекеттің зайырлылық ұстанымы мен азаматтық, ашық қоғамның жемісі болып табылады.