Жандаулет Сүлейменов: Радикалды діни идеядан қалтаның қалың болуы құтқармайды

Қоғамды жікке бөлуге бағытталған зиянды идеялар қазақ қоғамында ғана емес, әлемде орын алып жатқан жағдай болғандықтан, діни радикализм -өзекті тақырыптардың бірі. Қазақстанда экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қималдар туралы арнайы заңнамалар бар.

Аталған қылмыс бойынша жазасын өтеушілер саны көп пе? Қандай адамдар діни радикализмнің құрбаны болуда? Сотталушыларды темір тордан шыққан соң қандай өмір күтіп тұр? Осы және өзге де сұрақтарға Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығы директорының орынбасары, теолог Жандаулет Сүлейменов жауап берді.

- Жандаулет мырза, бәрін қызықтыратын сұрақтардың бірі, экстремизм және терроризм бабы бойынша темір торға жабылған адамдардың әлеуметтік жағдайы қандай? Біздің қоғамда: «Жағдайы жоқ адамдар деструктивтіағымға тез еріп кетеді және радикализм құрбаны болады»- деген стреотип қалыптасқан. Осыған не дейсіз?

-Иә, бұл стреотипті жиі естіп жүрміз. Алайда,сотталушылардың әлеуметтік деңгейі әртүрлі. Істі болған сотталушы материалдық жағынан жағдайы төмен немесе жақсы болғандығынан деп тұжырымдай алмаймын. Себебі, жұмыс бабымен әртүрлі адамдарды кездестірдім. Сантүрлі тағдырлар иірімін көрдім. Діни радикалдыидеология - ол адамның материалдық жағдайына байланысты бола бермейді. Жақсы кәсіпкерлікпен айналысқан, лауазымды қызметте отырған, тіпті, керек десеңіз әскери салада қызмет еткен тұлғалар да осы діни ағымға ілесіп кеткен фактілер кездесті.Бұл сананың деңгейіне, қабылдауына байланысты. Адам сырттан келетін радикалды ағымға төтеп бере алатын психологиялық тұрақты, әртүрлі жағдайға қарсы иммунитеті қалыптасқан тұлға болса, радикалды идеяға түсіп кетпейтін еді. Иә, ішінара әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарды дакездестірдім. Бұны да түбегейлі жоққа шығара алмаймыз. Оның үстіне, қазіргі уақытта ақпараттың тасыған уақытында түрлі шетелдік сайттар менжелілер осы бағытта жұмыс жасауда. Бұл да елдегі радикалдану процесіне айтарлықтай қолдау беруде. Мысалы, әлжуас жігіттер бар, өзінің іштей бүккен болмысын қоғамға көрсеткісі келеді. Өзін қоғамға немесе араласатын ортасына көрсете алмайды. Ондай жігіттерді радикалды ортаға физикалық немесе ақыл-ойы мықты болғандықтан емес, идеологиясы соларға бейімделгіш болғандықтан сіңісіп кетеді де, салдарынан ойы мен діни бағыты өзгеріп шыға келеді. Қорыта келе, қоғамда өзінің орнын таппай, араласатын адамдарға мұқтаж болып, дегредацияға ұшырап, өзін тыңдайтын ортаіздейтіндер де бар. Олардың деструктивті діни идеологияға берілгіш болады. Осылайша радикалданған сана кейін әрекеттерге оқталумен қылмысты әрекеттерге барып, темір торға тоғытылып жатады. Сондықтан, діни экстремизм немесе терроризм баптары бойынша сотталушылардың әлеуметтік деңгейлері әртүрлі.  

- Әртүрлі фактілерді атап өттіңіз. Осы түзету мекемесіндегі аталған топ өкілдеріне түсіп кетіп жатқан тұлғалардың отбасылары бар ма?

-Темір тордың ар жағына түскен адамдармен жұмыс барысында, отбасы барын да көрдім, жоғын да көрдім. Үйінде бала-шаға, әйелі, қарт ата-анасыкүтіп отырғандар да қаншама?! Адамдар ойлайды, отбасы жоқ, жалғызбастылар радикалдарға тез еріп кетеді деп. Шындығына келгенде, олай емес, керісінше, отбасылы жандарды, бойдақтарға қарағанда көбірек кездестірдім. Бойдақтардың өздері, ата-анасының тәрбиесін көрген, аға-бауырлары бар жандар. Сондықтан, жоғарыда атап өткенімдей, деструктивті ағымға түсіп кету отбасының бар немесе жоғына байланысты емес.Бірақ, ең ауыры, сотталушының ет жақын ағайын – туыстары көп болған сайын, оларға берілетін қиыншылытың да жүгі жеңіл емес. Бұны сол ата-аналардың мұң-зарын естіген адам ретінде айтып тұрмын.  

- Ал сотталушылардың туған-туыстарымен жұмыс жасайсыздар ма?        

- Әрине. Түзету мекемелерінде сотталушыларға арналған арнайы бірлескен жоспарлар бар. Сол жоспарлар аясында сотталушыға оң әсер беру жағдайында кей кезде олардың жақындарымен де теологиялық түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Кейде мынандай жағдайлар кездесіп жатады, қарт ата-анасы бар, үйінің жалғыз асыраушысы, яғни,баласы сотталып кетеді. Сондай жағдайда, бәріне болмаса да денсаулығы болмай жатса, азық-түліктері жоқ болса, көмір түсіріп беру керек деп жатса, әлеуметтік проблемалары болса, қолымыздан келгенше әкімдіктегі Дін істері жөніндегі басқарма тарапымен бірге көмек көрсетеміз. Бұл да радикалды идеологияда жүрген тұлғаның: «Мемлекет - қатігез, биліктегілер -жаман, халыққа жаны ашымайды»,- деген ойының өзгеруіне септігі тиеді деп ойлаймын.

- Өзіңіз жұмыс барысында темір торда жазасын өтеп отырған, деструктівті ағымға түсіп кететіндер арасынан оқыған, жоғарғы оқу орнын бітірген тұлғаларды кездестірдіңіз бе?

Ондай азаматтар бар. Ақ пен қараны ажырата алатын, құқық бұзушылық дегеннің не екенін түсіне алатын, білімі бар азаматтарды кездестірген кездер болды. Жоғарғы оқу орнында білім алып, алайда, жат ағымға еріп кетпеу үшін діни білім жетіспеуі мүмкін. Бұның бәрі бір-бірімен байланысты. Радикализацияға ұшырау, ол сіздің қалтаңызға, алған дипломыңызға қарамайды. Алдына келген проблеманы талдай алмаған адам, қандай білім алса да жеткіліксіз.

- Түзету мекемесінде белгілі бір уақыт отырып, одан кейін бостандыққа шығатын адамдардың қоғамға бейімделуі қалай жүреді? Қалыпты өмірге түсуі үшін қанша уақыт керек?

-Енді жаңағы жоғарыда аталған бап бойынша, яғни, діни адасушылығы болған адамдарменбостандыққа шыққаннан кейін де жұмыс жасаймыз. Біздің орталыққа келіп, теологиялық дәрістер алып, психологтармен жұмыс жасап тұрады. Бұл өз кезегінде, адамның қоғамға бейімделіп, екінші қайтара діни радикализацияға ұшырамауы үшін жасалатын жұмыс. Мәселен, жазасын өтеп шыққан әйелдер үшін тегін цехіміз де бар. Сол жерге келіп жұмыс жасай алады. Ал енді қоғамға бейімделуі үшін, белгілі бір уақыт кетеді деп айта алмаймын. Мысалы, біз қазір екі жылдай уақыт бойы түзету мекемесінен шыққан азаматпен жұмыс жасаудамыз. Ол елордадағы мәдени ошақты бірін жаруға жоспар құрып, бірақ, күшті құрылымдар арқасында қолға түскен. Алты жыл бойы қамақта отырып, қазіргі таңда бостандыққа шыққан. Осы сынды, бұрын сотталып, жазасын өтеп шыққаннан кейін орталыққа келетіндер көп. Әрине, сотталған адамның қоғамға сіңісіп кетуі қиын. Қазақ қоғамында «сотталған» деген сөз үрей тудырады. Қазақта мынандай мақал бар ғой: «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапса», - деген. Бұл қылмысын қайтадан қайталайтындарға қатысты емес. Бір рет адасып, тәубесіне келген адамдардың кеудесінен итермей, олардың өмірден өз орындарын табуға көмектесу керек деп ойлаймын.

- Өзіңіз айтып отырсыз, тәубесіне келген адамдарға көмектесу керек деп. Бір рет сотталған адамның көзқарасы өзгеруі мүмкін бе? Түзету мекемесінен қаншалықты дұрыс бағытқа қарай өзгеріп шығады?

-Тар қапаста, төрт қабырғада, бір емес, бірнеше жыл отырып шыққаннан кейін ақыл-ой санасы бар адам ойланады. Іс-әрекетіне есеп бере алатын адамға: кең әлемді, жылы төсекті осы тар қапасқа қалайша айырбастаймын? – деген ой келеді. Әрине, жұмыс практикасында неше түрлі оқиғаларды кездестірдім. 6-7 жыл түрмеде отырып, бостандыққа шығып, қайтадын бұрынғы қателігін қайталайтындар да кездеседі. Керісінше, өткеннен сабақ алып, дұрыс жолға түсетіндер де жоқ емес. Біздің тараптан максималды түрде сондай адамдарға көмек көрсету. Айтып отырғанымның бәрі діни салаға байланысты сотталушыларға қатысты. Олардың теологиялық білімін арттыруға аса мән береміз. Себебі, дұрыс діни бағыт көрсетпесек, қайтадан сол бастапқы идеологияға оралуы мүмкін. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, сіз бен біз болып, қоғам болып радикалды ағыммен күресуіміз керек. Діни сауаттылықты арттырып, шетін идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыра білсек аталған жағдайлар болмайды деп үміттенемін.