Жеке тұлғаның қалыптасуындағы рухани құндылықтардың маңызы

ХХI ғасыр, жаңа мыңжылдықтың бастауында жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан Қазақстандағы қоғам үшін жеке адамның рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін ашу, рухани-адамгершіліктерін қалыптастыру, әрбір адамды дамыту үшін жағдайлар жасау міндеті тұр. Аталған тақырыпта көтеріліп отырған мәселенің қоғам талабынан туындап отырғандығын дәлелдейді.

Алдымен, жеке адам дегеніміз кім деген сұраққа Ұлы ойшыл М.Х. Дулатидың пікірін жазып өтсек — «жеке адам болу дегеніміз – азаматтың адам ретінде сезіну, сан ғасырлар бойы халық тәжірибесі туғызған рухани мәдениеттің мәңгілік игіліктерін бойына дарытып, осы игіліктерді еңбекке, әлеуметтік мәнді қызметке, қоғамдық өмірге, адамдар қатынасы, күнделікті тұрмысқа енгізу. Адам немесе жеке тұлға өзінің сана-сезімін, көзқарасын, рухани-саяси дүниетанымын үнемі білім мен еңбектің арқасында жетілдіріп отыруы керек. Тұлғаны құндылықтар арқылы дамытуға, мәдени дағдыларды игеруге, өз жауапкершілігін арттыруға және әділдік жолымен жүруге, әділдік жоқ жерде адамшылық жоқ» – деген.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» халыққа жолдауында былай деп жазылған: «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені игеруге ұмтылғанымыз жөн» - деген болатын. Сондай-ақ көрнекті қоғам қайраткерлерінің бірегейі Мұстафа Шоқай: «Ұлттық мәдениеттен жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды» – деп айтқан. Біздің басты мақсатымыз да бүгінгі қоғамды ұлттық құндылықтар мен рухани-мәдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу арқылы ұрпақтарымызға ұлттық рухты құндылықтарды қалыптастыру болып табылмақ. 

Ол үшін біз ұлттық өнеріміздің, мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің алдыңғы қатарлы үлгілерін, тіліміздің орасан зор байлығын жас жеткіншектердің жан дүниесіне сіңіріп, сол арқылы әлемдік рухани өркениеттің өріне шығып, нәр алу – бүгінгі күн талаптарының маңыздысы екенін түсінуіміз қажет. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұрпағына азық болған ақыл-кеңес, өсиеттері, асыл мұрасы ұлттых рух, ұлттық мақтаныш, ұлттық намыс, ана тілі мен ұлттық мәдениетін қалыптастыру сезімін ояту – баршамыздың парызымыз. Сонда ғана ұлттық сана-сезімі толыққанды жетілген, туған тілін еркін білетін, ұлттық сипаты мен ұлттық рухын жоғалтпаған жеке тұлға қалыптастыра аламыз.

Құндылықтар қоғамның даму бағдарлары мен өсіп өркендеуін және өмір сүру мәнерін қалыптастырады. Құндылықсыз қоғам – бағдарсыз, күмәнді қоғам. Құндылық бүгін алып келіп орнататын қондырма емес, ол қоғамның  ішінен қайнап шығады, мемлекеттік билікке тәуелсіз қалыптасады. Оның идеологиядан айырмашылығы да осында. Құндылық – уақыт сынынан өткен және заман озған сайын түлеп отыратын идеялар мен ұстанымдар. Ешбір өркениетті қоғам уақыт сынынан өтіп, өміршеңдігі мен жасампаздығын дәлелдеген дәстүрлі құндылықтарсыз алға басып көрген жоқ. Өйткені дәстүрлі құндылықтар – ішкі тұрақтылықтың тұғыры, рухани қауіпсіздіктің тірегі және ең бастысы – ұрпақтар сабақтастығының негізі.

Сонымен қатар бойына рухани құндылықтарды сіңіріп өскен ұрпақтың болашақта кез-келген қамалды алатыны айқын. Жасыратыны жоқ еліміз тәуелсіздігін алып, еңсесін тіктеген ширек ғасырдан астам уақыттың ішінде мемлекеттің барлық салаларында түбегейлі өзгерістер орын алды. Мемлекеттің дін саласында жасалған маңызды қадамдардың арқасында халықтың діни-рухани бостандығына еркіндік берілді. Осының салдарынан соңғы жылдарда ел аумағында теріс пиғылды жат діни ағымдардың қаптап кетуі бірқатар мәселелерді туындатуда. Осы сынақтан қоғам болып, сақтану бәрімізге міндет. Талай жылдан бері қалыптасқан құндылықтарымызды оқып-білген, қазақ тілі мен мәдениетінен сусындаған, ішкі жан-бітімі мығым боп өскен ұрпақ ешқашан келімсек ағымдардың арбауына түспейді.

Сонымен қорытындай келе, «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе» дегендей ұлымызды намысты, қызымызды арлы, қылықты етіп, халқымыздың ұлы құндылықтарына негізделген тәлім-тәрбиеге берік болайық ағайын!

Мұхтар Шахановтың: «Адaм қанша болғанымен дарынды әрi табанды, Туған жерiн сүймeй тұрып сүймeк емес ғaламды» деген өлең жолдары осы ойымызға саяды.