Қадір түнін қалай өткізген абзал?

Бүгін Рамазан айының 27-ші түні. Көпшілігіміз Қадір түні дегенде тікелей 27-ші түнді еске аламыз. Бұл мақалада мен Қадір түні туралы біраз мәлімет беруге тырысамын.

«Қадір» деген атауы қайдан шыққан?

Бұл түннің неліктен «Қадір» деп аталуына қатысты үш түрлі көзқарас бар:

1) «Қадір» – қадірлеу дегенді білдіреді.

Қадір түнінде Алла Тағала жауапты періштелерге бір жылдық тағдырын хабарлайды. Яғни, бұл түн – келер жылдың тағдыры шешілетін «тағдыр түні». Шын мәнінде бұл жайында Құран Кәрімнің «Дұхан» сүресінің 3-4 аяттарында: «Ақиқатында, Біз оны берекелі түнде түсірдік. Біз ескертіп, сақтандырамыз. Ол түні әрбір хикметті бұйрықтар бөлінеді» деп бұйырған.

2) «Қадір» – ұлық, даңқ, құрмет деген мағынаны білдіреді.

Бұл түнде Алланың ең ұлық кітабы Құран Алланың ең ұлық пайғамбарына түсе бастағандықтан, бұл түн ұлық әрі қадірлі түн болып табылады.

3) «Қадір» қысу дегенді білдіреді.

Ғұламалардың айтуынша, бұл түн жер беті періштелерге толғандықтан және періштелердің бүгін түнде жерге түсуіне байланысты бос орын болмағандықтан осылай деп те аталды.

Қадір түнінің уақыты

Қадір түнінің уақыты нақты көрсетілмеген. Мұның астарындағы хикмет туралы былай делінген: Алла тағала құлдарына деген хикметтері мен мейірімін берген нығметтерінің ішінде жасырған.

  • Өзі үшін дұға еткенде дұғасы қайтарылмайтын ең ұлы есімін (Исм-и ағзам). Бұл Алланы 99 есімінің ішінде жасырылған. Алланың 99 есімін толық айтқанда бұл құпия ашылады.
  • Аятта «орта намаз» деп айтылған намаз, бес уақыт намаздың ішінде жасырылған. Кім бес уақыт намазын оқыса, орта намазды да оқиды.
  • Кімде-кім жұма күні шын көңілден дұға етсе, оның дұғасы қабыл болады. Бұл уақытты да жұма күннің ішінде жасырып қойған. Міне осы себептенде мұсылмандар жұма күнін дұғамен өткізсе алады.
  • «Әулиелерін» адамдар арасында жасырып қойған. Міне осы себептен де басқа адамдарды кемсітпеуді, қор көрмеуді және құқықтарын таптамауды бұйырып, әр адам туралы жақсы пікірде болуымыз міндеттеледі.

Пенде кез келген ғибадатты және дұғаны кемсітпей орындауы үшін Алланың разылығын жасырды. Өйткені пенде «Алланың қалауы осында болуы мүмкін» деп ойласын.

Міне осындай себептерді негіздей отырып, Қадір түнін Рамазанның соңғы он күндігінде жасырды. Мұсылмандар Рамазанның соңғы он күнін ерекше өткізу үшін Қадір түнін жасырды.

Қадір түнінің нақты уақыты белгісіз болғанымен, ислам ғұламалары бірнеше пікір айтқан. Көпшілігінің қабылдаған көзқарас – Қадір түні – «жиырма жетінші түн». Алайда бұл тек ғұламалардың пікірі. Ең абзалы Рамазан айының соңғы он түнінің тақ күнінің түндерінде Қадір түнін іздеу керек. Яғни дұға тілекпен, ғибадатпен өткізу керек.

Қадір түнінің қасиеті

Қадір түнінің қасиетті болуының ең басты себебі – қасиетті кітабымыз Құран Кәрім түсірілген түн. Құран Кәрім түсіріле бастауына қатысты мынадай ең маңызды деген екі қасиетін айта аламыз. Бұл екі қасиетті «Қадір» сүресінде былай деп айтылған.

  • Мың айдан да қадірлі.

Мың ай дегеніміз сексен үш жыл төрт ай, яғни адамның орташа өмір сүру ұзақтығы. Демек, Қадір біздің бір өмірлік ғұмырымыздан да артық екен. Кейбір риуаяттарда Алла елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) Раббысына дұға еткені, себебі алдыңғы үмметтердің өмірі өте ұзақ болғаны және олардың арасында ұзақ уақыт ғибадат етіп, мойынсұнған адамдар болғаны айтылады. Кейбір ғұламалардың пікірінше, мұндағы «мың» тіркесі молшылықты меңзеп, Қадір түні мың айдан теңдессіз артық. Қадір түнінің мың айдан артық болуы «Қадір түнінде жасалған ғибадат пен дұға тілектер, мың айлық ғибадат пен дұғадан артық» деп түсіндіріледі.

  • Періштелер мен Рухтың (Жәбірейіл) сол түні жерге түсуі

Қадір түнінде періштелер мен рух (Жәбірейіл (ғ.с.)) сол түнде бұйырылған әрбір хикметті амалдың арқасында жерге түседі. Олардың басына періштелер мен Жәбірейіл (ғ.с.) түсуі көктегілер мен жер бетіндегілердің сол түні жердегі мешітте бас қосып, сол түнді басқа уақыттардан артық етуді білдіреді. Қадір түнінде Хз. Пайғамбар мен Жәбірейіл (ғ.с.) кездескені сияқты, Жәбірейіл мен періштелер де әрбір қадір түнінде үмметімен (мұсылмандармен) кездеседі.

Қадір түні не істеу керек?

Рамазан айының соңғы он түнінің әрқайсысын «бұл түн Қадір түні болсын» деген оймен өткізу – сүннеттегі ең абзал амал. Рамазан айының соңғы он түнінде Алла Елшісі иғтикафқа кіріп, ғибадат, дұғасын көбейтетін және осы түндері жұбайларын да ғибадат етуге шақыратын. Бұдан басқа Пайғамбарымыз бұл түндері мынадай амалдарды жасайтын және барша үмметіне бұйырған.

  1. Тәубе, истиғфар дұғасын оқу

Хз. Айша анамыздың (р.а.) айтуы бойынша, Алла елшісінен (с.ғ.с.): «Қадір түніне тап болсам, қалай намаз оқимын?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Уа, Алла, сен кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің, мені кешір», – деп дұға етуге кеңес береді. Олай болса, бұл түнде ең бірінші орындалатын іс – Алладан кешірім сұрау. Әрбір адам өмір бойы біліп немесе білмей істеген күнәлары үшін шын жүректен Алладан кешірім сұрап, болашақта әртүрлі күнәлардан аулақ болуға бел буып, осы үшін Алладан жәрдем сұрауы керек. Бұл күні ренжіген адамдарымен татуласуға тырысуы керек.

2) Ғибадат ету

Бұл түндер үшін белгілі бір ракағатта және белгілі бір жолмен оқылатын намаз жоқ. Алайда әркім кездейсоқ және нәпіл ретінде қалағанынша намаз оқи алады және дұға ете алады. Егер түнді ғибадатпен өткізетін болса, үтір намазын тарауих намазынан кейін емес, түннің соңында оқығаны қайырлырақ. Өйткені Пайғамбарымыздың сүннетінде түннің ең маңызды бөлігі үтір намазы болып табылады.

3) Құран оқу

Рамазан айының қадір-қасиеті мен үстемдігінің басты себебі Құран Кәрім болғандықтан, бұл түндерде ең абзалы Құранның жүзінен жіне мағынасын түсініп оқу.

4) Дұға ету

Бұл түнде дұғалар ең көп қабыл болатын түн. Бұл түнде әркім өзіне, отбасына, туған-туыстарына, таныстарына, дүниеден өткен жақындарына, барша мүміндерге дұға етуі керек. Әсіресе, дүниеде жәбір көрген мұсылман бауырларымызға дұға тілеп, өзіміздің де, олардың да дүние мен ақырет бақытына жетуіміз үшін Алладан пана тілеуіміз керек.

5) Алланы еске алу.

Алла Елшісінің сүннетіндегі зікірлерді (Субханаллаһ, Әлхамдулиллаһ, Аллаһу әкбар, лә хаулә уәлә қууә иллә билләһ, т.б.) деген сөздерді көп айтуы керек. Бұл сөздерді айтудың белгілі бір саны мен өлшемі жоқ, әр мұсыман қолынан келгенше жасауы керек.

6) Ғылыммен айналысу

Қадір түнінде ғибадат, дұға және басқада ізгі амалдармен қоса, діни білім болып табылатын (тәпсір, хадис, фиқһ) т.б. кітаптарын оқу да ғибадат болғанындай насихат да ғибаттың бір түрі.

Раббымыз Қадір түнінің қадірін біліп, бұл түнді дұрыс бағалап, өмірін Қадір түніндей өткізіп, ақыретін де мерекедей өткізуді нәсіп етсін.

Исатай БЕРДАЛИЕВ,

Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының теологы,

PhD Доктор