ҚАЗАҚ ОЙШЫЛДАРЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ КЕМЕЛДІК МӘСЕЛЕСІ

Шантай Марал Мұратқызы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

«Философия» кафедрасы

«Мәдениеттану» мамандығының I курс магистранты

 

 

ҚАЗАҚ ОЙШЫЛДАРЫ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ

 КЕМЕЛДІК МӘСЕЛЕСІ

 

Қазақ халқы қай заманда болмасын адамзаттың ізгі қасиеттерін алдыңғы орынға қойған. Адамды «адам» деген атқа лайық ететін ізгілік пен игілік, білім мен парасаттылық, тәрбие мен ар-ұят сынды қасиеттердің жиынтығын кемелдік дейміз. Кемелдікке бастау – адамның басты ерекшелігі. Өйткені, ол әр адамды дүниедегі қаншама миллиард адамнан ерекшелендіретін қасиет.

 Жаһандану заманында пенделердің рухани тоқырауға ұшырауы, отбасы берекесінің шайқалуы, әділетсіздіктің белең алуы секілді мәселер кез келген адамды мазалайды. Дүниеде барша жақсылық та, жамандық атаулы да адам баласының қолынан жасалынып келеді.  Бұлар – бір халықтың ғана көрінісі емес, бүкіл адамзат қауымының көрінісі. Бұл жеке адамның да, бүкіл қоғамның да дамуына орасан зор зиянын тигізеді. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу мен адами қасиеттерді жаңғырту бүгінгі күн тәртібіндегі басты мәселеге айналды.

Адамзаттың кемелдігі, қоғамды бақытқа жеткізу жайлы ой-толғамдар қазақ ойшылдарының даналығында кең құлаш жайған. Бұл тақырып Жүсіп Баласағұнның «Құтағду білік» пен Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметінде» көрініс тапты. Әл – Фараби «Парасатты ел тұрғындарының көзқарастары» деген еңбегінде идеал мемлекетті сипаттап, оның мәнің ашып, адамдардың бір-бірімен достықта, сыйластықта, бірлікте өмір сүру керектігін жазып қалдырған болса, данышпан ақын Абай Құнанбайұлы «Адам бол!» деген талап қояды. Қоғамның ащы шындығын сыңай отырып, бұл дертке дауа болатын жолдарды көрсетіп, халыққа кемелдікке бастайтын сатыларды ұсынады. Негізгі айтар ойлары - адамның адами жетілуі мен кісілік кемелденуі, сол арқылы мемлекет пен қоғамды қуатты, құтты ету.

Кемелдіктің алғашқы сатысында – ақыл мен білім орын алды. Оны біз барлық ойшылдардың ой-толғамдарынан байқаймыз. Ж. Баласағұн 6654 бәйіттен тұратын туындысында:

Адам жайлы баяндайын енді мен,

Қадір тапқан ақыл, білім, есімен [1, 89 б.].

Ақыл – шырақ, қара түнді ашатын,

Білім – жарық, нұрын саған шашатын [1, 96 б.], - дей келе бір ғана ақыл ұғымын жарық беретін нұрға теңесе, әл-Фараби адамды басқа жаратылыстан ерекше ететін ақыл мен сана жайында былай дейді: «Адам өзінің санасын жетілдірген сайын, мемлекет те соған сәйкес өзгереді, дамиды, жетіледі» [2, 129 б.]. Білім – жақсылықтың негізін қалайды, ал надандық түрлі жаман әрекеттердің негізі деген идеяны өрбіте келе, кез келген мемлекеттің алға қадам басуы – қоғамды құрушы адамдардың санасына тікелей байланысты деген қорытынды жасайды. Ұлы ақын А. Құнанбайұлы «Дүниеде де өзі, мал да өзі – ғылымға көңіл бөлсеңіз. Дүниенің ғылымын білмей қалмақтық – үлкен надандық» [3, 24 б.] деген екен. Байқағанымыздай, адамның көркем мінезге ие болу жолында ақыл зор қызмет атқарады. Ақылдың жетілуі – ілім арқылы жүзеге асады. Білім мұхиты шексіз, соның бір тамшысының өзі адамға өмірлік көмек болады, адам мен қоғамның қалыпты кемеліне келуіне жағдай жасайды.

Ал ақылдың терістігі адамзаттың өзіне қауіп төндіріп, қиянат жасайды. Мысалы, өткен ғасырда адам ақылы жойқын қару ойлап тауып, Америкалықтар сол қаруды Жапонияның екі қаласының үстіне тастап еді, бәрін жермен жексен етті. Қаншама жазықсыз адам жан тапсырды. Сондықтан да, ақылды дұрыс қолдана білу мен алған білімді ізгілікке жарату – кемелдікке бастайтын алғашқы саты болды. Өйткені, ақыл – жол сілтеуші.

Қазақ ойшылдарының туындыларындағы кемелдіктің келесі бір сатысы – нәпсісін тәрбиелеген, иманды жан болуға ұмтылу. Адамның құлқын тазартудың қаншалықты маңызды екендігі халық даналығында өткір айтылады. Адамның баянды өмірін бұзып, қоғамды құрдымға алып бара жатқан нашақорлық, зинақорлық, ұрлық, ішкілікке салыну, сонымен қатар жемқорлық сияқты нашар көріністердің орын алуы нәпсінің бой көтеруінен. Мұндай арсыз қоғамда әрине, бірде-бір жан өмір сүргісі келмес еді. Айналаны өзгерту үшін адам алдымен өзін өзгертуі қажет. Адамның ең басты дұшпаны болып табылатын нәпсі жайлы, оны тежеу керектігі жайлы Қ. А. Ясауи былай деген екен:

Нәпсің тыйып, көңілің тойса қанағатқа,

Саған разы болар бүкіл жамағат та. [4, 53 б.].

Нәпсі сені тоздырып, жындай қылар,

Дін үйіне кіре алмас сұмырай қылар,

Өлер шақта иманыңнан жұрдай қылар,

Ақылға ерсең жолата көрме бойға [4, 65 б.].

Нәпсімен күресу – адам рухына тазалық береді. Ата-бабаларымыз «Нәпсі арды айыртқызбайды», «айдай ажарыңды иттей нәпсі тоздырады» деп айтып қана қоймай, парақорлық, жалақорлық, мансапқорық, жемқорлық, зинақорлық, дүниеқорлық секілді осындай жеті қорлықтың қатарына нәпсіқорлықты да қосып айтуы тегіннен тегін емес. Өз нәпсісін тәрбиелеп, түзеген адам жақсылық қылып, игі іс жасауға бейім болатыны туралы Ж. Баласағұн:

Нәпсіңді үз бойдан, жанын ағарар,

Нәпсі өлсе, ділің-тілің тазарар [1, 531 б.].

Бүгін ізгі болсын десең күллі ел,

Өзің ізгі болғын елдің ішінде, ер! [1, 510 б.] – дейді.

Бір адамның нашар мінез-құлқы басқасына әсер етіп, елді алға жетелеуде кесірін тигізетіні мәлім, сол секілді бір әдепсіздігін тежеп, ізгі қасиетін көрсететін адам да құтты қоғамның қалыптасуына аз да болса өз үлесін қоса алады.

Кемелдіктің тағы бір сатысы ретінде адам болмысының мәні және адамның әдебін ашатын – ар-ұят ұғымы. Арлы адам – ұят, иба, намыс, қанағат, әдеп, шүкіршілік секілді игі қасиеттерді бойына дарыта білген адам. Артық күлкі, артық тамақ пен артық ұйқыны арсыздыққа балаған қазақ халқы – ықылым заманнан бері арына дақ түсірмеген халық. Бірақ, қазіргі қоғамнан ұят кетіп қалды дегенді жиі құлақпен естіп де, көзбен көріп те жүрміз. Күннен-күнге адамдардың ұрлық жасағаны, жемқорлыққа бой алдыруы, басқалардың сенімін, дінің құрметтемеу, адамзатқа бейбітшілік пен тәуелсіздік сыйлаған ардагерлерді жәбірлеу, шәкірт тәрбиелеп отырған ұстаздарды қадірлемеу, жарық дүниеге әкелген ата-анасын сыйламау, кішіге жәрдем болмау, жетімдерді қорлау, зорлық-зомбылық, тәртіп бұзушылық, әдепсіздік, тіпті, іштен шыққан сәбиін  далаға тастап кетуі секілді өте арсыз іс-әрекеттерге жол беруі жайлы жағымсыз хабарлар тарауда. Шыныменде, қоғамнан да, адамдардан да ар-ұят мүлде алыстап кеткен тәрізді.

Ар-ұят бар жерде иман бар. Иманы бар адам бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған келеңсіздіктерге заңдармен ғана емес, жанымен де қарсы болып, мемлекеттік істерде адалдық пен тазалыққа бастайды. Жоғарыда көрсетілген келеңсіздіктерді жою адамның ғана қолынан келеді. Жан-жүрегі адамгершілік пен мейірбандылықты қалайтын, өз халқы ғана емес, барша адамзат та бақытты болса екен, адам адамды қанамаса екен, жауыздық жер бетінен жойылса екен  деп тілейтін нағыз ізгі ниетті адамдар ғана жер бетінің тыныштығын сақтап қала алады. Сондықтан да Ж.Баласағұн былай деп ескертіп кеткен екен:

Ұятты біл, ұятсыздан қашық бол,

Парасатқа, пәк көңілге асық бол!

Ар-ұятың жаман істен сақтайды,

Бұзықтарды ұят түзеп, ақтайды [1, 313 б.].

Бұл даналық сөздер бүгінгі күннің адамы үшін де өз маңызын жоғалтпас. Бойында ар-ұяты бар адам – қоғамды түзу жолға жетелейтін маңызды қасиет.

Ар-ұят жайында А. Құнанбаев өзінің қара сөзінде «Ардан кеткен соң, тірі болып жүргенің құрысың» деп кесімді жауабын айтқан болса, «Арыңды сақта, болсаң да малға кедей» деп Ясауи айтқандай, ар-ұятты сақтау әркімге де міндет. Шәкәрім Құдайбердіұлының ар іліміне сүйенер болсақ: «Жайнар көңіл, қайнар өмір, ар ілімі оқылса» деп қорытады. Мұндай қағидаларды ұстанған жағдайда қоғам да дамиды, мемлекет те мықты болады.

Жалпы халықтың кемелдікке қол жеткізуі, қоғамның, мемлекеттің гүлденуі XX ғасыр зиялыларының да еңбектерінде кең құлаш жайған. Олардың бірқатары тарихта өшпес із боп қалған қатаң сталиндік репрессияға ұшырап, ату жазасына кесілді, жер аударылып, ауыр сырқатпен көз жұмса да ұрпаққа мәңгі өшпес мұраларын қалдырды. Барлығының түпкі мақсаты – ұлтың кемелдендіру, кемелдікке жеткізіп, жарыққа шығару.

Бір Құдайға сыйынып,

Кел, балалар, оқылық.

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық.

Істің болар қайыры,

Бастасаңыз Аллалап.

Оқымаған жүреді,

Қараңғыны қармалап, - деп ағартушы-ғалым Ыбырай Алтынсарин  білімнің адам баласы үшін өте керек екендігін, жарқын болашаққа жол бастаушы екендігін жар салады. Адамзатты алға сүйрейтін тек ғылым деп түсініп, жастарды «инемен құдық» қазуға шақырады. Яғни, адам баласы тек білімімен, ақыл-парасатымен ғана кісі, әйтпесе, адам мен хайуанның айырмасы жоқ екендігін тілге тиек етіп, адам баласы оқу оқып гүлдейді десе, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Адамшылық немен табылады?» деген сұраққа: «Адамшылық сөз сөйлеуменен, сақал бар болғанменен, жан иесі болғанменен емес. Тотықұс та сөйлейді, текеде де сақал бар, есек те де жан бар. Адамлық – хайр ән-нас, иәнфағу әннас – өзінен басқаға пайдасы тиюменен болады» [5, 30 б.] деп жауап берген екен.

Қазақ халқының аса көрнекті қаламгері Жүсіпбек Аймауытов: «Адам баласының мінезінің, ақыл-қайратының әр түрлі болуы – тәрбиенің әртүрлі болуынан... Адам баласының ұрлық істеу, өтірік айту, кісі тонау, қылмыс жасау сияқты әрекеттерді жасауы тәрбиенің жетіспегенінен» деп жазады [6, 12 б.]. Мінез-құлық адамға тәлім тәрбие арқылы келеді. Келешектің қамын, оның мәнді болуын ойлаған халық ұрпақты жастайынан, бесіктен тәрбиелейді. Қазіргі кезде тәрбиенің «арзандап» кеткені жайлы да мәселелер көп қозғалуда. Айбарлы ұл мен жайдарлы қыздан айырылып бара жатқандаймыз. Бұл көрініс жалғаса берсе қоғамға, ұлтқа опат әкелетіні белгілі. Мұхтар Әуезовтың «Адамдық негізі – әйел» атты мақаласында: «Адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген – әйел. Әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ мешел болып қаламын демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халің түзе!» - дейді [7, 132 б.]. Жанның тазалығы, рухының мықтылығы ананың алпыс екі тамырынан бойға бітеді. Яғни, ізгілік, мейірімділік, адалдық сынды жақсылық атаулының барлығы дерлік ана арқылы дариды. «Алып та анадан туады» деп дана халқымыз айтқандай-ақ, құдіретті ұл да, қыз да анадан туады.

Баланың әдеп пен тәртіпті  үйренбеуі, тура жолға бет бұрмауы отбасының ғана қайғысы емес, кейінгі қоғамның да қайғысына айналады. Халық арасында кеңінен таралған «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деген қанатты сөздерді басшылыққа ала отырып, адамды бала кезден имандылық ізгілік, қайырымдылық, адалдық, әдептілік, өз-өзіне сенімділікке тәрбиелеуде отбасы мен білім беру ұйымдары шешуші рөл атқарады. Дүниеге келген сәбидің барлығы пәк, таза болады, ал оның жақсы немесе жаман мінезді болып өсуі ата-анасына, өскен ортасына, айналасына тікелей байланысты. Ал қазіргі қоғамға керегі – жаны таза, ізгілігі мен игілігі жарасқан ұрпақ. Міне, мұндай ұрпақ - Абайша айтсақ, ата-ананың көз қуанышы, қызығы мен сүйініші. «Не ексең, соны орасың» демекші, бір қоғам келешегінің жарқын, құтты болуын қаласа ұрпақ тәрбиесіне баса мән беруі керек.  Адам өз ұрпағын адамгершілік негізінде тәрбиелесе, жас ұрпақ қоғам алдында өзінің жауапкершілігін түсінеді және перзенттік борышын парасаттылықпен, ыждаһатты түрде орындауға барын салады. Тәрбиенің шыңына қаншалықты биік көтерілсе, қалған өмірі де соған байланысты болмақ.

Байқағанымыздай, қазақ ғұламалары кемелдік категориялары ретінде ақыл-ой, білім мен парасат, руханилық пен тәрбие, адамгершілік пен ізгілік, сабырлық, ар-ұятты бірінші кезекке шығарады. Жер бетіндегі жеті миллиардтан астам адамның барлығы да кемелдікке жете алады деу қиын. Дегенмен де, жаһандану заманында әрбір пенденің өзіндік жеке ұмтылысы, күш салуы, шыдамдылығы аса қажет. Бұл қасиеттерді шыңдай білу – адамға да, қоғамға да өз жемісін берері сөзсіз.

Адамзат құрғақ сөзге құлақ түргеннен гөрі, адамның мінез-құлқы мен іс-әрекетіне көбірек мән береді. Сондықтан, қазақ ғұламалары ұсынған даналық жолына құлақ түрер болсақ, ізгі амалдар арқылы басқаларға үлгі болып, әсер қалдырары анық. 

Даналардан, ойшылдардан қалған көркем сөз бен терең ой халық даналығында жетерлік. Алдағы мақсат – ата-бабадан мирас болып қалған ойлары мен даналығын өзіміздің өмір әрекетінде жалғасын табуы. Қазақ ғұламалары мен данышпандары насихаттаған адам баласының тән мен жан саулығы, рухани дамуы еліміздегі рухани сабақтастық, келісім, бейбіт өмірді нығайтудың шешуші факторы болып табылады. Сол себепті, пайда мен зиянды, жақсы мен жаманды ажырата алмай қалған заманда, азғындықты тежей алатын, ізгілік пен игілікті ту ететін ұрпақ өсуіне әрқайсысымыз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып атсалыссақ, адамзат қоғамы гүлденудің шыңына шығары сөзсіз.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1 Баласағұн Ж., Құтты білік/Аударған А.Егеубаев. – Алматы, Өлке, 2006.– 640 б.

2 Сатыбекова С.К., Гуманизм Аль-Фараби, - Алматы, Наука, 1975. – 150 б.

3 Өмірәлиев Қ., Абай афоризмі. – Алматы, Қазақстан. 1993. – 128 б.

4 Иасауи Қ. А., Диуани Хикмет. – Алматы, Мұраттас. 1993. – 325 б.

5 Жүсіпов Е., Мәшһүр-Жүсіп және Шығыс руханияты. – Алматы, Алаш, 2005. – 184 б.

6 Аймауытов Ж., Тәрбие. – Абай, 1919 ж., 12 б.

7 Қазақ әйелі: өткені, бүгіні, болашағы: дөңгелек үстел материалдарының жинағы. – Астана, 2013. – 146 б.