Азаматтық қоғам және әлеуметтік мәселелер

Азаматтық қоғам және әлеуметтік мәселелер

Қазіргі кезде мерзімді басылымдармен әлеуметтік желілерде қоғамның барлық қабаты мен саласының өкілдері әлемдегі болып жатқан түрлі құбылыстар мен жаңалықтарға бей жай қарамай өз пікірлерін білдіріп, қызу талқылап жатады. Бұл тенденция адамдардың өз тағдырымен отандастарының тағдырына деген алаңдаушылық танытатын, қоғамдық сананың қалыптасу үдерісінін білдіреді. Әрине, бұл қуантарлық жағдай. Сонымен қатар азаматтардың өз іс әрекеттеріне деген жауапкершілігі де арта түсуі қажет.  

Азаматтық қоғам құру жолында әр қоғам мүшесінің пікірі маңызды. Азаматтардың ұстанымдарына байланысты пікірлері де сан түрлі болып келеді, алайда бұл жағдай қоғам ішінде екіұдай, қате пікірлердің туындауына септігін тигізбегені абзал.

Қоғамда туындап отыратын өзекті мәселелерге байланысты әлеуметтік институттар пайда болып, ол мәселелер шешілгеннен кейін өзінің өміршеңдігін жойып отыруы қалыпты жағдай. Әлемдік практикада заман талабына сай туындайтын мәселелерді тек конституцияға өзгерту енгізу арқылы емес, нормативті құжаттармен заңдарды жетілдіру, толықтырулар мен түзетулер енгізу арқылы жүзеге асырып отырады.

Қазіргі уақытта діннің дүниетанымдық жүйе және қоғамның өмір салты ретіндегі рөлі айтарлықтай өскен. Халықтың түрлі топтарының өкілдері арасында руханиятқа, оның ішінде дінге деген қызығушылығы артқан. Діннің қоғамдағы ролінің өсуі өкінішке орай тұрғындардың кейбір бөлігінің діни өмірінің жағымсыз қырларын ашуда. Атап айтқанда, еліміздегі қалыптасқан өмір салтымызға, мемлекетке өзін қарсы қоятын азаматтардың саны артқан. Кейбір дінді ұстанушылардың арасында қоғам алдындағы конституциялық, азаматтық борышын орындаудан бас тартуы жиілеген. Сондай-ақ, дінге сенушілерінің кейбір бөлігінің шектен тыс агрессия мен діни радикализм көріністері орын ала бастаған. Бұл өз кезегінде, азаматтардың қауіпсіздігіне және тұтастай мемлекеттегі тұрақтылыққа қауіп төндіреді.

Ал, дін саласына байланысты кез-келген шешім терең пайымды талап етеді. Дегенмен, мәселе ішкі саясатпен сыртқы саясат ерекшеліктерін ескере отырып шешілетінін естен шығармаған дұрыс.  

Қазіргі таңда елімізде діни қызмет саласын реттеуші уәкілетті орган ретінде – Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері жөніндегі комитет қызмет етуде.

Ал қазіргі кезде әлеуметтік желілерде қоғам бірлігін бұзатын, лаңкестік әрекеттерге шақыратын ақпараттарды ауыздықтау күрделі, салалы жұмысты қажат етіп отыр. Әсіресе исламның атын жамылып өз мүдделеріне жетуді көздейтін топтардың әрекеті қынжылтады. Діннің қағидаларын бірі білместіктен бірі қасақана бірлікті бұзуға, алауыздық туғызу мақсатында бұрмалап жеткізуде.

Ел азаматтарының қамқорлық сезіммен ел тағдырына алаңдау заңды құбылыс, демек барлығымыз қоғамның тұрақты, сапалы дамуына жұмыла атсалысып бірлікке шақыратын амалдар жасағанымыз дұрыс болар. Алда атқарылатын қыруар жұмыстар тұр, мемлекетіміздің ауыз бірлігімізді сақтай отырып, азаматтық қоғам құру, әр қоғам мүшесінің өз жауапкершілігін сезіну арқылы ғана жүзеге асары анық.    

 

Әлімқұлова С.Б.