Қазақстандықтардың өмірінде діннің әсері қандай?

Біздің елімізде ғана емес, дүниежүзінде көптеген жаңа діни ағымдардағы деструктивті идеялар өршіп тұр, олардың міндеті-азаматтарға құлдық сананы орнатып, олардың ресурстарын пайдалану, ақша алу және мемлекеттік билікке қарсы шығу. Қоғамды осындай жат ағымдардың ықпалына түспеу алғышарттары жайлы дінтанушы Шамшатов Еркебұлан айтып берді.
 

Радикалды топтар адамдарды өз қатарларына тартуда қандай тәсілдер қолданады?

Пандемияға дейін деструктивті дін өкілдері жүзбе-жүз кездесу арқылы арбау әрекеттерін қолданатын болса, қазір бұл әдіс өзгерді. Пандемия жағдайында  қоғам мүшелерінің бір-бірінен оқшауланулары, үй жағдайында отыру,  интернетке деген тәуелділікті арттырды. Бұл жағдай радикалды топтардың оң жаңбасынан келді, өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын әлеуметтік желі арқылы таратуды қолға алулары өз кезегінде неофиттердің қатарын күрт көтерді. Қазіргі таңда интернетте діни кітаптар сатылымының көбеюі сақтықты күшейтуді талап етіп отыр. Онлайн кітап саудагерінің де, қарапайым қоғам мүшесінің дүниетанымына кері әсер етуі мүмкін. Себебі, деструктивті бағытқа арбаушылардың көбі, ғылыми дәлелденген көптеген адамға әсер ету методикаларын жақсы меңгерген. Сонымен бірге ескерте кетейін, әлеуметтік желілерде діни әдебиеттерді сату заң бұзушылық болып саналады.

Деструктивті діни ағымдардың ықпалына бірінші ілігетін осал топтар кімдер?

Жасыратыны жоқ, жоғарыда атап өткенімдей елде деструктивті топтардың жұмыстары жанданып, өзгеріп турады. Олар біздің ортамызда бар, сондықтан, отандастарымызға мейілінше абай болу керек. Негізінде жастар мен қарттар осындай радикалды топтардың идеяларына тез еріп кетіп жатады. Бұған себеп, радикалды топтардың арнайы медеу іздеген, қолдау күтетін қоғам мүшелерімен жұмыс жасаулары. Мысалы, жастар, олардың жат жолға түсу себебі, жастық максимализм мен әлеуметтік жағдайдың төмендігі әсерінен болады. Ал, қарттар көбінесе жалғыз қалғанда, бала-шағасы тастап кеткенде, өмірден жалыққанда сол топтардан медеу іздейді. Деструктивті ұйымдардың өкілдері оларды өз қатарларына қосып, содан кейін олардың мүлкін (жылжымалы, жылжымайтын) тартып алуға дейін барған жағдайлар тіркелген болатын. Бірақ, кейде әртүрлі жастағы және әлеуметтік топтағы адамдарды радикалды топтардың қатарынан көргенде, адам санасын у-лау үшін оның бай немес кедей, жас немесе кәрі болуы маңызды еместігін түсінеміз. Бұдан, бірыңғай ортақ бір осалдықты белгілеудің қиындығын атауға болады. Бұл салада жекелеген жағдаяттарды тиянақты  қарастыру ерекшелігі орын алады.

Қазақстанда дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүргізу принциптерін қандай?

Біз зайырлы мемлекетпіз. Бұл ереже мемлекеттің дінге қатынасын көрсетеді, оған сәйкес ешқандай дін «мемлекеттік» болып белгіленбейді, ал діни бірлестіктер мемлекеттен бөлінген және барлығының құқығы заң алдында тең.  Бұл –аталмыш бағытта жұмыс жүргізуде негізгі алғышарт. Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев айтқандай: «Қазақстан – зайырлы мемлекет, сондықтан дін саласындағы саясатымыз конфессияаралық бейбітшілік пен толеранттылықты нығайтуға бағытталған. Ар-ождан бостандығына Конституция кепілдік береді». Кеңес өкіметі кезінде қираған діни ғимараттар қалпына келтірілуде, жаңалары салынып, дін іс жүзінде әрбір қазақстандықтың өмірінің бір бөлігіне айналуда. Сондықтан, дін саласы өз алдына заңнан аттамай, адамдардың құқықтарын ескере отыра жұмыс жасай алады.

Ал, өзіңіз қызмет атқаратын Діндерді зерттеу орталығының жұмыс бағыты, қай санаттағы азаматтарды қамтуға арналып отыр, қандай мәселелер туындайды?

Орталықта психолог, теолог, дінтанушы және заңгер сынды мамандар қызмет атқарады. Негізгі міндетіміз, деструктивті және жалған діни ағымдардың ықпалына түскен адамдарға көмек көрсету және алдын алу жұмыстары. Тұрғындар тарапынан туғандарының жат ағымның ықпалына түсіп кеткенін сезген жағдайда, көмек қолын созуды сұрайды. Біздің есігіміз осындай қиын жағдайдағы әрбір азаматқа ашық. Келіп, сұрақтарыңызға жауап ала-аласыздар. Одан кейінгі міндетіміз, мекемелер мен ұйымдарға (мемлекеттік органдар, оқу орындары, бұқаралық ақпарат құралдары және т.б.) Дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып табылады. Сонымен қатар, кибер-қадағалау, интернет-сайттарға мониторинг жүргізіп отырамыз.

Жоғарыда деструктивті ұйымға түскен адамдардың туыстары сіздерге жиі жүгінетінін атап өттіңіз. Жақыны немесе досы жат ағымның ықпалына еріп кеткенін байқаған адамдарға қандай кеңес бере аласыз?

Деструктивті ағымның ықпалына түсіп кеткен адамды бірден байқауға болады. Ондай адамның мінез-құлқында өзгерістер байқалады, әдеттегі жай-күйіне ұқсамайтын қалыпқа өтеді.  Радикалды топтар өзінің жақтасы болатын адамды қоғамнан алыстату, ол адамның ойынан айнытпау үшін тек бір ортамен араласуын қадағалап отырады. Бұл – сананы қадағалау техникаларының бірі болып табылады. Адам миларына әртүрлі тыйымдарды сіңіріп тастайды. Қарапайым түсіндіретін болсақ, мысалы,адам музыка, кино немесе өнер әлемін жақсы көрген болса, осы нәрселерден бас тартуы мүмкін. Оқитын ақпарат ағымы да өзгеріп кетеді. Бастапқы кезеңде туыстары жәбірленушінің темекі шегуді, алкогольді ішуді тоқтатқанын көріп, салауатты өмір салтын жүргізе бастады, дінге бет бұрды деп қуанып жүреді. Екінші кезеңде ол адам жалған сенімге толығымен кіргенде, жай сөйлесу мүмкін емес болады. Бәрін «күнәһар» етіп, қоршаған ортасын жазғыру басталады, кейбіреулері үйден кетіп қалады. Сол кезде туыстары бірнәрсе дұрыс емес екенін түсіне бастайды. Бірақ, ол кезде адамды қарапайым ортаға оралуына көмектесу жеңіл емес. Жақын адамдардың көмегінсіз адамды қиындықтан шығару мүмкін емес екенін атап өткім келеді. Сондай-ақ дер кезінде мамандардың көмегіне жүгінуді де ұмыт қалдырмаған жөн.

Сұхбатыңызға рахмет!