Бағдар бұрыс болса, болашақ бұлыңғыр болады

Бағдар бұрыс болса, болашақ бұлыңғыр болады

Тұтас отырған ел іргесін сөгуді мақсат тұтқан жат ағымдармен арпалысу үшін рухани күш-жігер қажет.

Кейбір әлеуметтік желілер арқылы таралып жүрген әртүрлі діни ақпараттың құрығына діни сауаты аз, рухани кемелденуі шала, ақ пен қараның ара-жігін ажырата алмай жүрген жастарымыз ілігіп жүр.

Мәселен жуырда Құрманғазы аудандық сотының баспасөз қызметі Атырау облысында кәмелет жасқа толмаған қыз бала әлеуметтік желіге экстремистік бағыттағы жазбаны жариялағаны үшін жауапқа тартылғанын  мәлімдеген болатын. Онда жасы кәмелетке толмаған қыз бала «В Контакте» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында бұқаралық ақпарат құралдарына жататын ашық түрде экстремистік материалдарды, яғни, Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған уағыздаушылардың діни материалдарын жүктеп, осы уағыздарды өзі тыңдаған. Мұндай мәліметтерді тізбектеп бірнешеуін мысал етуге болады.

Жастарымыздың ескеруі қажет нәрсенің бірі әлеуметтік желілерде қырағылық танытуы керек. Жастардан бөлек, кішіге тәрбие беруге жарайды деп сенетін кейбір аға буын өкілдері де жат ағымның ығына жығылғанын көріп таң қалмайтын болдық.

Деструктиві ағым өкілдері ұлттың құндылықтарды жоққа шығарғанын қайтерсіз?! Жалпы жат ағым өкілдері әлеуметтік желі арқылы да жастардың санасына қатігездік дәнін себеді. Сөйтіп олар шетін көзқарасқа бой алдырғанын байқамай да қалады.

Осыдан кейін шетін көзқарастағылар өзінің де, өзгенің де жаны мен өмірін бағаламайды. Өз жетекшілерінің бұйрығын ойланбай орындауға даяр зомбилер осы ортада өрбиді.

Әсіредіншілдік мінез тек өздерінікін жөн дейтін, алған бағыттарынан еш айнымайтын топтарды қалыптастырады. «Бізге қосылмайтын қауымның бәрі адасушылар» деп есептейді. Діни фанатизм дертінің жұғысты болуы осындай ұсақ-түйек әдеттен басталмай ма? Кез келген қоғамның ел болып қалыптасуы үшін ең алдымен рухани және ұлттық құндылықтары бүтін, діні берік, тілі таза болғаны абзал.

Ал діни сауаттылық, айтпаса да, қажетті факторлардың қатарында.

Рас, дін тұрақтылығы болмай, елдік пен бірліктің сақталуы неғайбыл. Діндегі бір ауыз сөздің құдіреті бүкіл халықты бір-бірімен жанжалдастыруға да, бірлікке шақыруға да жетеді. Бір ауыз сөзден шыққан ғайбат үлкен сауаптарды жоқ етуге әсер етсе, сол сауапты жинауға да жәрдемдесетіні секілді.

Ел арасында «Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөз кең тараған. Бірақ ел-жұрт та бағыт берушінің жолымен жүреді. Егер бағдар бұрыс болса, онда болашақ бұлыңғыр кейіпке енеді.

Өз заманында Абылай хан қалмақтың бір қарғысшыл адамынан қарғыстың жаманы қандай деп сұрағанда, қарғысшыл: «Шөбің жапырылмасын!» – депті. «Мені кедей бол дегенің ғой, бұл қарғыс емес. Халқым бай болса, бір менің кедейлігім кемшілік емес», – депті Абылай. Екінші, «Күлің шашылмасын», – депті. «Бұл да қарғыс емес, балаң болмасын» дегенің ғой. Өзім жақсы болсам, халықтың бәрі — менің балам», – депті. Үшінші: «Өзің білме, білгеннің тілін алма», – депті. «Міне, ең жаман қарғыс осы!» – деген екен хан Абылай.

Бүгінде әсіредіншілдікке бой алдырған азаматтарымыз қарғыстың ең жаманына душар болмаса екен.

Айтпақшы, Құрманғазы аудандық соты кәмелет жасқа толмаған қыз балаға қатысты шешімін шығарды. Ол кінәсін толық мойындап, анасы да қызының әрекеті үшін кешірім соттан сұраған. Сот айыпталушыны жауапкершіліктен босатып, заңды түсіндіру түріндегі тәрбиелік ықпал ету шарасын қолданды. Бұл шешім желіде жаңылғандардың барлығын кешіреді деген сөз емес.

«Құдай сақтансаң ғана сақтайды» деген ұстанымды  естен шығармайық!

 

Дінтанушы-сарапшы Тұрар Әбуов