БАЛАНЫҢ ЕСІМІ ОНЫҢ БОЛАШАҒЫНА ТІКЕЛЕЙ ӘСЕР ЕТЕДІ

Тәрбие мәселесі адам өмірінің маңызды мәселелерінің бірі. Ал тәрбиенің мақсаты – адамның ішкі мәдениеті мен мінезін қалыптастыру. Адамның сана-сезімі дұрыс қалыптасып, ой-өрісінің биік болуы тікелей тәрбиеге, өскен ортасына, ата-анасына байланысты. Ғалымдардың пікірінше 7 жасқа дейін баланың ой-өрісі жартылай қалыптасады-мыс. Ал, бала кезде діни тәрбие берудің маңызы қандай? Ата-аналар баланың діни сауаттылығын арттыруды қай жастан бастағаны дұрыс? Осы сұрақтардың жауабын елордалық Діндерді зерттеу орталығының теолог маманы Дінмұхаммед Тойғылыдан сұрап білдік.

 

-Ислам дінінде бала тәрбиесіне байланысты қандай да бір шарттар немесе ұстанымдар бар ма?

-Тәрбие берудің жалпыға ортақ анықтамасы жоқ. Дей тұрғанмен, ислам діні бала тәрбиесіне қатты назар аударады. Ең әуелі балаға ат қойғанның өзінде де ерекше мән берген. Себебі, баланың есімі баланың өміріне тікелей әсер ететіні рас. Бала тап-таза парақ болып саналса , сол парақтың арына, жан дүниесіне кір келтірмеу үшін ата-ана кішкентай кезден тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған. Ислам дінінде баланың балиғат жасына дейінгі жасалған бұзықтықтары мен қылықтары күнә болып есептелмейді. Қазақтың салт-дәстүрі мен тәлім-тәрбиесі Ислам дінімен біте қайнасып кеткендіктен, баланың рухы мықты, отанын сүйетін, адамгершілігі мол болып өсуіне діннің де әсері бар.

-Дін тұрғысынан қарағанда балаға күш көрсету, оны ұру қаншалықты дұрыс?

-Бала өзінің алғашқы өмірлік сабақтарын отбасынан алады. Отбасы моделі үлкен өмірде де өз әсерін тигізетіні рас. Сондықтан, отбасында мейірім көріп өскен бала мейірімді болады деген пікірмен толықтай келісемін. Таяқ жеу балада әке-шешесіне қарсы ашу-ызаға жол ашады. Бала өзінің істегенін жаман нәрсе деп ойламайды, өзін кінәлі деп сезінбейді, керісінше өзін ұрған адамды кінәлі деп көреді. Дін тұрғысынан балаға ғана емес, кез-келген тірі жанға күш көрсету құпталмайтын іс-әрекет. Пайғамбарымыз (с.а.у) ешкімді ешқашан ұрған емес. Ол балаларын даналықпен, мейірімділікпен тәрбиелеген. Бұл бізге үлкен сабақ. Әрине, ер балаларды ер азамат болып өсу үшін, кей жағдайда ұл баланы шыңдау үшін қатал болу қажет. Ал, қыз бала қонақ, үйдің еркесі болғандықтан, қазақ қызын төрге шығарып, ерекше құрмет көрсеткен.

-Исламда бала тәрбиесіндегі әке мен ананың рөлі қандай?

- Бала –ата-анаға берілген аманат. Оның тәрбиесіндегі басты тұлға – ата мен ана. «Қыз тәрбиесі тек ананың міндеті» немесе «ұл тәрбиесі тек әкенің міндеті» деп бір-біріне сілтеу дұрыс емес. Әке мен ана баланың тәрбиесінде ортақ атсалысқаны абзал.

-Бала ата-анасына қарсы шығатын жағдайлар болады. Бұл жағдайда дін бойынша қалай келісімге келген дұрыс?

-Қазір баланың мінез-құлқында өзгеріс болатын ауыспалы кезеңнің болатындығын көріп жүрміз. Көп жағдайда ата-анаға қарсы шығу осы шақта басталады. Сол кезде екі тарап арасында өзара түсініспеушілік туындамауы үшін, ата-аналар балаларына қомқорлық көрсетіп, сабыр танытып жібергендері дұрыс. Бірақ, аяттар мен хадистерде ата-ана ақысын аяқ асты ету, олардың көңіліне кірбің түсіру үлкен күнә екенін, оларға сый-құрмет көрсету және жақсылық жасау парыз екенін естен шығармаған жөн.

-Қазір қоғамда жат ағымның жетегіне еріп кетіп жатқан жастар жетерлік. Бұған не себеп деп ойлайсыз? Тәрбие беруде дін туралы айтуда қанша жастан бастаған жөн?

-Жастардың деструктивті ағымға түсіп кетуі қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Қазір ата-аналар арасында балаға дін ұстануда таңдау құқығын беретіндерді жиі кездестіреміз. Менің пікірімше, бұл дұрыс емес. Ой-өрісі дұрыс қалыптаспаған адамға «білгеніңді істе» деу қаншалықты дұрыс? Бала ата-анасынан көргенін істейді. Сондықтан, ата-аналар тым құрғанда өздері діни сауатты болғаны жөн. Жат ағымға түсіп кеткен жастармен сөйлескенде байқағаным, көпшілігі үйлерінде дін туралы айтпайды екен. Қазір дін саласында ақпарат өте көп. Оны сүзгіден өткізу үшін діни сауатты болу маңызды. Дін туралы әр ата-ана баласының қызығушылығына байланысты айтқаны дұрыс. Егер өз білімі жетпесе, дін мамандарына жүгінгендері абзал.