БЕЙБІТШІЛІК ДІНАРАЛЫҚ ҮНҚАТЫСУДАН БАСТАЛАДЫ

Елімізде 20 жылдан бері өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшы­ла­ры­ның съезі – осынау ортақ ұстанымдарды ашық алаңға шыға­рып, ынтымаққа шақыруға бағытталған іргелі іс-шара. Өкі­ніш­ке қарай, еліміздің дінара­лық татулыққа бастаған қадам­дарына көлеңкесін түсіріп, керісінше өшпенділікке шақырған жағ­дайлар да болып жатыр. Солар­дың қатарында кейбір Еуропа елдеріндегі қасиетті Құранды өртеу оқиғаларын айтуға болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда Бірік­кен Ұлттар ұйымының жоға­ры мінберінен әлем мұсыл­ман­дарының шамына тиген осы жағдайларға қатысты үн қатуы – халқының басым көпшілігін мұсыл­мандар құрайтын елдің Президенті ретіндегі маңызы зор қадам болды деп есептеймін.

Жалпы, Президент бұл мәсе­лені бірінші рет қозғап отыр­ған жоқ. Еуропа елдеріндегі кезекті арандату әрекетінен кейін де Қасым-Жомарт Тоқаев оған өз пікірін білдіріп, оны қазіргі әлемдегі жағдайды шие­леністіруге, халықтар мен мемлекеттер арасындағы сенім­ге нұқсан келтіруге бағыт­тал­ған әрекет деп атағаны бел­гілі. Ол Қазақ елінің Әлем­дік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының съездерін өткі­зуге бастамашы болған мемле­кет екенін еске салып, бұл форум дәстүрлі діндер мен конфес­сиялардың көрнекті өкілдері арасындағы тиімді әрі табысты диалог алаңына айнал­ғанын алға тарта келе: «Жиілеп кеткен діни вандализм мен атал­ған елдер азаматтарының жауапсыз әрекеті мемлекеттер мен діндердің бейбіт қатар өмір сүруіне кері әсерін тигізеді. Бұл жалпыға ортақ нормаларға қайшы келетін акциялар ретінде бірауыздан айыпталуға тиіс. БҰҰ Бас Ассамблеясы да бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын білдіруі керек», деген болатын.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында осы келеңсіздік­ті өзі бірінші болып көтеріп, әлем жұртшылығын бірлік пен ынтымақ айдынын лайлай­тын әлгіндей әрекеттерге қар­сы кү­ресуге шақырды. Ол БҰҰ Бас хатшысы ұсынған «Бей­біт­­­­шіліктің жаңа күн тәрті­бін» қолдайтынын айта келіп, бей­біт­шілік мәдениетін қалып­тас­ты­руда дінаралық және конфес­­сияаралық диалог аса маңызды екенін айтты. Бұл, шын мәнінде, Қазақ елінің көп жылдан бері бүкіл әлемге ұсынып отырған діндер арасындағы өзара татулық ұстанымы екенін көріп отырмыз.

Жеті рет өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шы­­л­а­рының съезі барысында еліміз өз тарапынан әлемге ынтымақ пен бірлік үлгісін көрсетіп келеді. Прези­дентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев­тың бейбітшілікке ша­қыр­ған іргелі сөзі әлемдік көшбас­шы­лар­ға ой салуға тиіс. Құран өртеу секілді өрескел істер­ге жол беріп отырған кейбір Еуро­­па мем­лекеттерінің басшыла­ры бұл мәселенің салдары ауыр бола­­­рын, ал достық – дінаралық диа­лог­­­тен басталатынын түсінсе жақсы. 

Балғабек МЫРЗАЕВ,
дінтанушы