Деструктивті діни ағым түсінігінің мәні және адамдардың ол жолға түсуінің себептері

Қазіргі таңда еліміздегі дін саласындағы өзекті мәселелердің бірі деструктивті идеологиялардың таралуы болып табылады. Алдымен «Деструктив» ұғымына талдау жасай кетсек, терминдік мағынасы бойынша бұл сөз латын тілінен «destructio», яғни бүлдіргіштік, залал тигізуге ұмтылыс, нәтижесіздік деген мағыналарды береді [1].

Деструктивті діни ағымдар азаматтарымыздың құқықтарын бұзатын, оларға психологиялық әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, зиянын тигізетін ағымдар. Олардың ортақ сипаты  – діни ілімінің ақиқаттылық деңгейінен емес, оған мүше адамдардың қоршаған әлеуметтік ортадан оқшаулануы мен жетекшілік еткен азаматтарға көзсіз бағынуынан көрінеді.

Мұндай ұйымдар тұлғаның табиғи үйлесімді, рухани, психикалық (ішкі деструктивтілік) және физикалык жағдайына қауіпті болып келеді, сонымен катар қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен дәстүрлерді, мәдениетті жоятын (сыртқы деструктивтілік), жалпы қоғамға қауіпті ұйым. Деструктивгі ағымдарда жасырын психологиялық зорлық қолданылады. Мұның көрінісін жеке адамның (лидердің) немесе адамдар тобының (басқарушы топ) басқа адамдардың санасына, өміріне адамдардың саналы түрде келісімінсіз мақсатты түрде заңсыз әсер етуді орнатуынан байқауға болады. Ол адамдардың табиғи емес және заңсыз лидерлер мен доктринаға мойынсұнушылық пен тәуелділіктің қалыптасуы мен сақталуын қамтамасыз ету үшін жасалады. Олардың түпкілікті максаты - адамдарды бағындыру арқылы заңсыз байлық пен билікке кол жеткізу [2].

Ғылыми әдебиеттерде «деструктивті культ», «деструктивті секта» ретінде берілетін деструктивті діни ұйымдарды зерттеу, олардың анық және нақты анықтамасын беру маңызды. Батыс зерттеушісі У.Мартин өзінің «Культтер патшалығы» деген танымал еңбегінде деструктивті культке мынадай анықтама береді: «Деструктивті культ - бұл өзінің жақтаушыларына толық бақылау орната алатын әмірлі түрде бір адам немесе шағын адамдар тобымен басқарылатын топ. Деструктивті культтердің негізгі ерекшелігі олар адамның еркін бұзып тастап, оны топқа тәуелді етіп қою үшін алдауға және сананы бақылау әдістерін қолдануында» [3]. Культтердің деструктивтігі адамның физикалық, психологиялық және жан саулығына, материалдық молшылығына зиян келтіруінен, қоғамда қалыптасқан тұлғааралық, топаралық байланыстарды бұзуынан көрініс табады. Олар көбінесе иррационалдық, эмоциялық әдістерді пайдаланады, сондай-ақ адамға психологиялық әсер ете отырып, адамды отбасынан, қоғамнан, өз халқының мәдени және әлеуметтік өмірінен айырып, алшақтатуға тырысады.

Ал қарапайым халық арасында кең қолданылатын «Секта» терминін айтқан кезде ғылыми тұрғыда Э.Трёльчті атап кетуге болады, ол ресми шіркеуден ажырап кеткен шағын топ, оның негізгі сипаттары - көбінесе құқықты, меншікті, соғысты, билікті мойындаудан бас тартуда көрініс табатын әлемнен дистанциялық, өздерінің жалпы өмір сүрудегі ережелері мен нормалары қамтылған өзіндік әлеуметтік қауым кұру, сенімнің жеке сипаты, ерікті түрде мүше болу деген анықтама береді [4]. Бұл ағымдарды асоциалды, яғни қоғамға қарсы әрекет ететін ұйымдар ретінде сипаттауға болады. Онымен қоса, оларды псевдодіндер деп атау да негізге алынған.

Ал сонымен қатар көп ағымдарға таңылатын «Псевдо» (жалған) сөзі келесі сипаттаманы береді: мұндай ұйым сырттай қарағанда дінге сәйкестікті көрсетеді, яғни барлық әдет-ғұрыптар, культтік іс-әрекеттер жасалынады. Сектаның уағыздаушылары дәстүрлі конфессиялардың дінбасылары тәрізді жақтаушыларының алдында әсерлі сөз сөйлейді. Алайда олардың әрекеттері адамды рухани жетілдіру мен өнегелік құндылықтарға бейімдеуге бағытталмаған. Адамға рухани және денелік қысым жасалынады.

Кейде дәстүрлі және дәстүрлі емес діндердің, деструктивті культтердің арасындағы нақты айырмашылықты көрсету қиынға түседі. Сол себепті қоғамға қауіп төндіруі ықтимал ұйымдардың негізгі белгілерін анықтауға тырысамыз. Сонымен, деструктивті культтерге келесі сипаттамалар тән [5]:

- Харизмалық көшбасшының болуы. Көптеген культтер харизмалық көшбасшылардьң, яғни көпшіліктің арасынан ерекшеленетін және басқаларға әсер ете алатын айрықша қасиеттерге, харизмаға (грек. сһагізта - қабілет, талап) ие тұлғалардың айналасында жинақталады. Мұндай адамдар көбінесе өздерін Құдайдың атынан сөйлеуге және басқаларды өмір сүру ережелеріне үйретуге құқылы деп есептейді.

- Жабықтық және қоғамға қарсы тұру. Көбінде мұндай культтер ерекше қауым, үлкен отбасы сияқты қалыптасады. Мұндай «отбасылардағы» ережелер өзгеше. Культтің жақтаушылары ортақ қауым мүддесі үшін өздерінің пәтерлерінен, көліктерінен және басқа да мүліктерінен айырылып жатады.

- Адептерінің өмірлеріне бақылау жасау. Деструктивті культтерге мүшелерін қатаң бақылауға алу тән, ұйымның ілімдері мен көшбасшыларына деген сыни қатынасқа жол берілмейді. Жақтаушылардың отбасынан, қоғамнан оқшаулануы сияқты жағдайлар жиі кездеседі. Егер туысқандары, жақындары қауымға мүше болғысы келмесе, олармен барлық қарым-қатынастарды үзуге итермелейді. Бұл көптеген отбасылардың бұзылуына, ұрпақаралық сабақтастықтың әлсіреуіне алып келеді.

- Манипуляцияларды қолдану. Секта мүшелеріне бақылау жасау олардың іс-әрекеттерін манипуляциялау арқылы жүзеге асырылады. Кәдімгі сендіру күштері жетіспеген жағдайда топ көшбасшьшары гипноз, медитация, ұзақ уақыт ғибадат ету, бір фразаны бірнеше рет қайталау сияқты амалдарды пайдаланады. Культтегі өмірге психологиялық тәуелді етіп қояды. Мұндай қауымдардың мүшелерінің әрекеті тұрақты түрде белгілі бір практикаларды және психогехникаларды колданудың салдарынан бақылауға оңай беріледі.

-Жақын арада ақыр заманның болуын күту. «Жаңа діндер» ілімінің маңызды ерекшелігі - ақиқат ақыр заманды күту, адам өмірін алдын-ала болжауды, тағдырға бағыныштылықты насихаттау болып табылады [6].

Кез келген деструктивтік діни ұйымы және оның жетекшілері озінің қатарына жаңа адептерді тартуға ұмтылып, бірінші кезекте олардың өмірлік маңызды мұқтаждықтарына назар аударады.

Сондықтан, адамды деструктивтік діни ұйымына тарту себептері жетерлі, олардың арасында:

- отбасында, қоғамда, достардың арасында өмірлік іс-әрекетке деген ынталандырмасының жоқтығы;

- өмірдегі махаббат, достық, ұжымшылдық, құрмет, ынтымақтастық сияқты басты құндылықтары бағытынан адасу;

- айналадағы жақын және туған бауырларымен байланыс үзу, оған қоса, мектеп / ЖОО тамамдағанына байланысты; оқу / жұмыс ауыстыру байланысты отбасынан айырылу; тұрақты жұмыстың жоғалтуы / ауысуы, отбасының ажырасуы / ыдырауы, жақын адамдардың ауруы/жоғалтуы; тұрмыс қалпының өзгеруі;

- отбасындағы жағдайсыз моральдық-психологиялық және материалдық жағдайға байланысты жеткіншек баланың қалыптасып келе жатқан психикасына әсер беруі;

- ата-аналардың қоғам арасындағы төменгі мәртебесінен намыстану және басқа да;

Деструктивтік діни ұйымының жетекшілері көпшілік адамдардың өміріндегі осы ерекшеліктерді жақсы біледі, сондықтан, адамдарды өзінің қатарына тарту барысында, оларға байлық береке уәде беріп, ақырында деструктівтік ұйымына алып келеді.

Қорыта айтқанда сөзімді Өмірзақ Бекқожа ағамыздың мақаласындағы мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жат ағымдарға қатысты ойынан үзіндісін келтіргім келеді: «Шығыста бір дана сөз бар: «Терезені ашсаң, таза ауамен бірге шаң-тозаң кіреді», – деген. Кезінде түрлі діни ағымдар тәуелсіздік алған жылдары біздің де есігімізден кіріп, төрігімізге шыға жаздады. Алайда қазір діни жағдай тұрақталды. «Ағым» деген сөздің өзі аты айтып тұрғандай, ағып өте шығатын құбылыс. Исламда талай ағымдар болған. Алайда олар өз дәуірінде ықпалды болғанымен, уақыт өте келе өміршеңдігінен айырылып, әлсіреп, жер бетінен жойылып кетті. Сол секілді, бүгінгі діни ағымдар да ертең-ақ жойылып кететініне сенімдіміз. Алайда біз өз мүмкіндігіміз бен қабілетімізді, ықпалымызды пайдаланып, жастарымызды, өскелең ұрпақты жат ағымдардың идеологиясынан сақтап қалуымыз керек. Ол үшін қоғам болып күресуіміз тиіс», – деген еді. Сол себепті еліміз өркендеп, шарықтасын десек, көкірегіміздегі патриоттық сезімін өшірмей, дәстүрлі құндылықтарымызды көзіміздің қарашығындай сақтауымыз қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Адамчик В.В. Новый словарь инистранных слов. – Мн.: Современный литератор, 2006. – 303б.
  2. Қойшиева Л.Қ. Ибрагимова Д.В. Нығметова Ә.Д. Әлеуметтік тәуелділіке ұшыраған жандрады оңалтуға арналған психологиялық оқу-әдістемелік көмекші құралы. – Астана, 2013 – 15-16 бб.
  3. Мартин У. Царство культов. - М., 1992. /http://www.reformed.org.Ua/2/409/Martin/.
  4. Трельч Э. Церковь и секта//Религия и общество: Хрестоматия по социологии религии. - М., 1996 - С.226-238.
  5. Абуов А.П., Смагулов Е.М. Религии в Казахстане. - Костанай: ТОО «Костанайский печатный двор». - 2011. С. 190.
  6. Төлеубаев Ж.З. Манақбаева А.Б. «Деструктивті сипаттағы діни ағымдардың қызметі – қоғамдық қауіпсіздік пен ел бірлігіне төнген қатер» Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ Хабаршысы. –2013. – №3 (94). – 630-631 бб.