Дәстүрлі құндылықтарды насихаттау арқылы жастарды деструктивті діни ағымдардан сақтау

Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
4 курс студенті
Тәңірберген Арайлым 

Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан өзіне ғана тән дәстүрлі құндылықтары бар. Жаһандану үрдісі мен мәдени шекаралардың ашылуы дәстүрлі құндылықтарымызға әсер етуде. Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізге сырттан дәстүрлі емес, деструктивті діни ағымдар келе бастады. Олар сырттан өз идеологияларын әкелумен қатар, тарихымыз бен мәдениетімізге, құндылықтарымызға қарсы насихат жұмыстарын жасай отырып еліміздің ішкі тұтастығына, ұлттық бірегейлігімзге қауіп төндіруде. Сол себепті, қоғамда заман талабына сай дәстүрлі құндылықтарымызды дәріптеу арқылы иммунитет қалыптастыру қажет. Әсіресе жастар деструктивті және радикалды діни идеяларға оңай әрі тез түсіп қалатын әлеуметтік топ.

Қазіргі кезде рухани дағдарыс белең алған қоғамда дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту мәселесі белең алып тұр. Өзіміздің ұлттық ұғымымызды жаңғыртсақ, адамдарға ықпал ететін ең маңызды идеологиялық құралдардың бірі бола алады. Сонымен бірге дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту тек қана діни саланы реттеуге ғана емес, жалпы қоғам өміріне бағдар көрсететін, көптеген адамгершілікке тәрбиелейтін құндылықтарды халыққа ұсынуға да қызмет етеді.

Ата-аналардың балаларына, оларды қызықтыратын дәстүр және дін туралы сұрақтарына жауап беруі олармен ой бөлісуі, балалардың деструктивті діни ағымдардың ықпалына түспеуіне өз әсерін тигізеді. Себебі балалар ата-анасынан толыққанды жауап алғаннан кейін, ол сұрақтардың жауабын әлеуметтік желілерден немесе басқада ақпарат көздерінен іздемейді. Осы тұста деструктивті діни ағымдардың идеологиясы белгілі бір халықтың дәстүрлі рухани құндылықтарын жоққа шығару арқылы, олардың діни санасын өзгерту екендігін айта кеткен жөн. Себебі кез келген жат ағым өкілдері қоғамда қалыптасқан құндылықтарды жою арқылы сол қоғамда өздерін орнықтыра алады. Ал осы құбылыстың жүзеге асуы дәстүрлі құндылықтармен қатар ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне алып келеді. Сол себептен белгілі бір ұлтты қалыптастырған құндылықтарды қорғау арқылы-елдің ішкі тұрақтылығын сақтай аламыз.  Сонымен қатар, жастар арасында ақпараттық ағартушылық жұмыстарды жасау барысында дәстүрлі құндылықтарды қоғам өмірінің барлық саласында кеңінен насихаттайтын болса, зайырлы, білімді тұлғалардың қалыптасуына мүмкіндік туады. Осындай зайырлы, білімді, өз тарихын білетін және өз ұлтының дәстүрлі құндылықтарымен таныс жастардың көп болуы, радикалды идеологияны ұстанушыларға қарсы тұруға арналған, елдегі негізгі қуатты күштің пайда болуына мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда қазақ қоғамында дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған көптеген жұмыстар іске асырылып жатыр. Дәстүрлі құндылықтарды жаңғыртуға деген құлшыныстың алғашқы қадамы Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алумен тікелей байланысты. Қазақ халқы тәуелсіздік алған кезеңнен бастап өз тілін, тарихын және дәстүрлерін жаңғыртуға ұмтылыстар жасап келеді. Қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру, ұлттық мектептер мен балабақшалар ашу, арнайы ұлттық сайыстар ұйымдастыру, Наурыз секілді халықтық мерекелерді бекіту, тарихи туындыларды жарыққа шығару секілді дәстүрлі құндылықтарды жандаруға арналған көптеген іс-шараларды жүзеге асырып келеді.

Әлем халықтарының басым бөлігі ұстанатын, барша адамзатқа ортақ- басқаларға құрмет, татулық, теңдік, ғылым мен білім, ақыл-парасат, әділеттілік, еңбекқорлық сияқты көптеген құндылықтардың әсерінен, адамзат қоғамы қазіргі кезеңдегі дамыған өркениетке қол жеткізіп отыр. Ал дәстүрлі құндылықтар ұлттық мінезді,  ұлттық болмысты жандандыруға өз септігін тигізеді. Кез келген ел өзінің толерантты көзқарасын ұстай алса, ол мемлекет басқа діни көзқарастарға бой алдырмайды.