ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМ ҮШІН СОТТАЛҒАН ТҰЛҒАМЕН СҰХБАТ

ЭКСТРЕМИЗМ МЕН ТЕРРОРИЗМ ҮШІН СОТТАЛҒАН ТҰЛҒАМЕН СҰХБАТ

  • - Қайырлы күн, Алмаз Алимұлы! Сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет. Өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
  • - Сәлеметсіз бе! Қостанай облысы, Арқалық өңірінде 1979 жылдың 4 қазанында дүниеге келдім. Сауда-саттық саласында жұмыс істеймін. Аяқталмаған арнайы-орта білімім бар. Үйленгенмін, 2 балам бар.
  • - Дінге келуіңізге не себеп болды?
  • - 2005 жылы ізденіс үстінде жүрдім, кейін ислам дініне деген қызығушылығым арта бастады.
  • - Кімнің уағыздарын тыңдадыңыз?
  • - Намаз оқып бастаған кездерде Ринат Зейнуллин, Ибн Баз, Ибн Усаймин, Насируддин аль-Албанидың дәрістерін тыңдай бастадым. Бір күні ғаламтордан қызықты ақпараттар көріп, білімді негізінен ғаламтор желісінен оқитынмын. Кейін орыс тілді уағызшыларды тыңдай бастадым. Оның ішінде кең тарағаны - Саид Бурятский. 2008 жылы көбінесе джихад туралы уағыздарды айтатын. Джихад жасауға және Кавказ жеріндегі мұсылман бауырларға көмектесуге шақыратын. Өзім де көмектесуге ниетім болды, алайда діни білімім өте төмен болды. Барлығын дерлік ғаламтор арқылы алып отырдым.
  • - Шет мемлекетке қай уақыта және қандай мақсатқа шықтыңыз?
  • - 2011 жылы шекараны заңсыз өту арқылы Ауғанстан мемлекетіндегі мұсылмандар тұратын Вазиристан жеріне соғысқа баруды ниет еттім. 2011-2015 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 177 баптың 3 тармағы, 330 баптың 2 тармағына (ҚР шекарасын қасақана заңсыз өту) сәйкес қайта бас бостандығынан айырылдым.
  • - Діни ұстанымыздың дұрыс бағытта емес екендігін қашан түсіндіңіз?
  • - Түзету мекемесінде отырған кезімде, жергілікті теолог-мамандар кездесулер ұйымдастырып, көптеген діни сұрақтарға жауап берді. Жай ғана айтып қоймай, кітаптардан дәлелдер көрсетіп, қателерімді түсінуге көмектесті. Сонымен қатар, жанымда бірге жазасын өтеушілермен сөйлесе отырып, дұрыс жолмен жүрмегенімді аңғардым. Діни сауатсыздық салдарынан өзім және отбасым көп қиындық көрді.

Жазамды өтеп болған соң, 2018-2019 жылдар аралығында Нұр-Сұлтан қаласының Дін проблемаларын зерттеу орталығының теолог мамандары Е. Ыбышев және М. Досаналиевпен жеке кездесулерде болдым. Кездесулер барысында Абу Ханифа мазхабы туралы толық мәтінде мағұлматтар алдым.

Қазіргі таңда дәстүрлі ислам бағытына бет бұрып, Әбу Ханифа мазхабына оралдым. Атап айтқанда: салт-дәстүрге қарсы келмеймін, ақида бойынша имам Матрудидің көзқарастарын дұрыс деп санаймын, қайтыс болған туыстарының қабіріне барып Құран оқимын. Мешітте жамағатпен бірге намаздан кейін Құран тындап, мешіт имамдарымен бірге дұға жасаймын. Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясаты мен билігіне қарсылық танытпаймын. Әлһамдулила, өзімнің көзқарастарымды қайта қарап, Әбу Ханифа мазһабын біздің салт-дәстүрге, менталитетке   сәйкес келетінін түсіндім.

  • - Болашағымыз жастардың қолында дейміз. Осы ретте жастарға не айтар едіңіз?
  • - Айтарым, жастар менің қателігімді қайталамаса екен. Ғаламтордағы «жалған» шейхтардың жиһад туралы үндеулерін елемеуге, шынайы исламға бет бұрып, тек ҚМДБ мешіт имамдарының, Қазақстанда жоғары білім алған теолог, дінтанушы мамандардан кеңес алғандарыңыз жөн. Себебі, ислам діні таза, тек бейбіт сүйгіштік пен қайырымдылықты дәріптейді.
  • - Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

 

Сұхбат алған Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығының қызметкері А.Нұрбек