ЭТНОСАРАЛЫҚ ЖӘНЕ КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МОДЕЛІ

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңының кіріспесінде Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде бекітеді және әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, ханафи бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады.

Елімізде бірқатар әлемдік және дәстүрлі діндердің өмір сүруіне байланысты қоғам арасында ол діндерге деген оң көзқарас қалыптасып үлгерді. Әрі ол дін өкілдері конфессиаралық диалог орнатып, қоғамда өз орнын тауып, өздерінің атқаратын функцияларын жолға қойды. Діндер арасындағы осы татулық еліміздің діни тұрақтылығына кепіл бола білді.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы этносаралық және конфессияаралық келісімінің арқасында бүкіл әлемге «Қазақстан жолы» деген атпен танылған өзіндік бірегей моделін құра білді. Қазақстан 18 түрлі конфессияны ұстанатын, 100-ден астам этностың өкілдері тұратын, 3877-ге жуық діни бірлестік бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін ортақ туған өлкеге айналды. Сол себепті, Астана қаласы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін өткізетін диалог алаңына айналды. Съезд бүкіл әлем халқының бейбіт және лайықты өмірі үшін түрлі дін өкілдерінің ынтымақтастығы мен бірлігі идеясын жүзеге асырудың өзектілігі мен қажеттілігін айқын көрсетті.

Конфессияаралық келісімнің оң тәжірибесінің тағы бір дәлелі-жыл сайын 18 қазанда атап өтілетін Рухани келісім күні. Бұл мереке діни бірлестіктер мен түрлі этнос өкілдерін бір алаңға жинап, олардың ұсыныстарын тыңдап, ортақ шешімге келетін жер.

Қазақстанның заңнамалық құжаттарында азаматтардың ар-ождан бостандығы құқығын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылады. Осылайша, Қазақстан Республикасы өзін зайырлы мемлекет ретінде бекітті. Көп адамдар зайырлылық ұғымын атеистік ұғыммен шатыстырып жатады. Зайырлылық – мемлекет пен діни институттардың қызметі бір-бірінен ажыратылған мемлекеттік құрылым түрі. Зайырлы мемлекетте дін үкіметтің ісіне, ал билік өкілдері діни ұйымдардың ісіне араласпайды.

Елімізде діни шиеленіс жоқ десек те, қазіргі таңда деструктивті дін өкілдерінен келетін қауіптің бар екенін жасыра алмаймыз. Қазақстанда тиым салынған діни ұйымдар өз қызметтерін заңсыз түрде жасап жүр. Олардың қоғам арасында дінді тарататын негізі құралы – интернет. Ал мақсатты аудиториялары жасөспірімдер болып табылады.

Жаһандану заманында қолында телефоны жоқ, интернетте отырмайтын адам кемде-кем. Біздің қазіргі таңдағы проблемаларымыздың бірі- әлеуметтік желіде желдей ескен деструктивті бағыттағы видеолар мен жүргізіліп жатқан үгіт-насихат. Әрине, интернетті бақылауда ұстау мүмкін емес, сол себепті, жастардың бойындағы рухани құндылықтар мен адамгершілік қасиеттерді дамыта білуіміз керек. Бәріңізге белгілі, дұрыс емес тәрбие мен жүйесіз білім адамзатты прогрессивті дамуға жетелемейді.

Кез-келген дұрыс бағыттағы дін жамандыққа немесе жауыздыққа үндемейді. Мысалы, Құранға, Тауратқа, Інжілге көз жүгіртер болсақ мейірімділік пен ізгілікке толы жазбаларды байқаймыз. Агрессия, радикализм, зорлық-зомбылық, адамзатқа немесе жануарға қиянат жасау күнә болып есептеледі.

Сөз соңында, діннің адамзат өмірінде алатын рөлі зор екенін атап өткім келеді. Діни келіспеушіліктерге байланысты белгілі бір қақтығыстар туындауы мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Сол себепті, дінаралық келісімді нығайту бүгінгі әлемдік ахуал жағдайында ерекше рөл атқарады.

Тоғжан Ғалымова

Дінтанушы