ГАРИП ДИДАР: КИНО ТУЫНДЫЛАРДЫҢ ЖАС САНАҒА ӘСЕРІ ЗОР

Кинотуындылар адам санасына, күнделікті дағдыларының өзгеруіне ықпалы аз емес екенін күнделікті көріп жүрміз. Әсіресе соңғы кезде «трендке» айналған туындылар жастарға белсенді әсер етуде.

Кино - ұрпақ тәрбиелейтін құрал десек артық айтпақ емеспіз. Кинодағы іс-әрекетті қайталап, сондағы актерларды пір тұтатын жастар қаншама?! Оның зардабы кейін қоғам өміріне әсер етпейді ме? Мысалы, кейбір кинотуындылардан кейін жекелеген тұлғаларда Құдайға, дінге қатысты бірқатар сұрақтар туындайды. Ал, сыни ойлау жүйесі төмен адамдарда фильмді шынайы өмірмен теңеп, кейіпкерлердің мотивін жеке өмірлеріне мақсат ететін жағдайлар да кездеседі.

Шетелдік басылымдарға сүйенер болсақ, фильмдерде көрсетілетін зорлық-зомбылық актілері америкалық киноиндустрияның барлық жанрында кездеседі. Соған қарамастан, психолог мамандарды экшн фильмдерге аса назар аударып зерттеп көрген екен. Зерттеу соңында соғыс, қақтығыс жайлы фильмдер жасөспірімдерге әсері зор екені анықталған. Оларда  ересектермен салыстырғанда фильм тамашалаудан кейін кішігірім уақыт аралығында физикалық белсенділігі артып, күйгелек, ашушаң болуы байқалған.

Кино мен деструктивті діни-саяси ағымдардың ортасындағы байланысты осы мәселе арқылы қарастыруға болады. 2005 жылы АҚШ-та бандиттік топтардың жаңа толқынының дамуына байланысты зерттеу жүргізілді. Зеттеудің мақсаты қазіргі заманғы киноиндустрияның бандалардың көбеюіне тікелей әсерін анықтау болатын. Қорытындысында фильмдердегі бандалардың романтизацияланған бейнесі жастарды бұзақылыққа итермелеуі әбден мүмкін деген тұжырымға келген.

Осы зерттеулерді ескере отырып, «қауіпті» фильм көрудің идеологиялық фундаменті әлсіз жастарға ықпалы зор екендігіне көзіміз жетті. Алайда, өзінің ойын анық жеткізе алмайтын, әлсіз Қазақстан жастары жанкештілік жасап, кинодан кейін актер бойындағы агрессивтілік өзіне қабылдап алып, дінге, тілге, саясатқа көңілдері толмайтынын айтып, алайда өздеріне не керектігін толық жеткізе алмайтын толқынның бар екені жасырын емес.

Жастардың зұлымдыққа эмпатия танытуының тағы бір себебі – «жастық максимализм». Бұл негативті кейіпкерлерге де тән қасиет. Фильмде ұсынылатын идеалистік принициптер жастарды мотивациялауға көмектессе, бір жағынан олардың радикалды идеялардың жетегінде кетуіне де мүмкіндік жасайды. Оған қоса, заманауи кинотуындыларда зорлықтың объективизациясының белең алуын ескерсек, салдарында эмоциясыз, мотивацияланған радикал тұлғалардың көбеюімен күресетін боламыз.

Мысалы, еліміздегі тыйым салынған ДАИШ ұйымы 2016 жылға дейін өздерінің бейне кадрларын «YouTube» желісіне еркін салып, адамдары «Халифат» құруға шақырды. Осындай үндеулерден кейін адамдардың ойы бұзылып, соғыс аймақтарына да кетіп қалған фактілер кездесті. Ал, 2000 жылдары атақты болған «Зехраның көзі» фильмі теріс ағымды насихаттап, кинода дұрыс деп көрсетілген жат ағым, талайды жолдан тайдырды.

Алайда, біз барлық проблеманы жастардың кино көруінен ғана шектеп қоймауымыз керек. Егер, ата-аналар баласы кәмілеттік жасқа толмаса оның не қарайтынан ғана емес, ортасына да мән беру керек. Содан кейін, киноның қандай жасқа арналғанына назар салу, жасөспірімнің бойында негативті агрессияны тежеу үшін отбасылық атмосфераны жағымды ету, бала бойындағы альтруизмді өнерге, спортқа бұру, жастардағы идеологиялық иммунитет қалыптастыруына көмектесу, осы пункттерді орындаған жағдайда, шетелдік киноиндустрияның жағымсыз әсерін азайтып қана қоймай, жастардың дұрыс әлеуметтенуіне ықпал ете аламыз.

Гарип Дидар
Дінтанушы, Астана қалалық Діндерді зерттеу
орталығының сарапшы маманы