Ібіліс адамның әлсіз жерінен шабуылдайды

Екі боксшы рингте жекпе-жек өткізіп жатқанда, әрқайсысы екіншісінің ең әлсіз жері деп тапқан тұстан соққы беруге тырысады. Екі команда доп ойнағанда, әрқайсысы екіншісінің әлсіз деп пайымдаған қанаттан шабуыл жасайды. Міне осы секілді адамзаттың қас жауы Ібіліс те біздің ең әлсіз болған жағымыздан немесе әлсіреген уақытын күтіп шабуыл жасайды.

Осылайша Ібіліс біреуге байлық, біреуге атақ, біреуге нәпсі жағынан шабуыл жасаумақсатында адамның кемшілігі мен әлсіз тұстарын тауып, оңтайлы сәтте тұтқиылдан алдап соғады.

Ібілістің «Уасуаси л-ханнас (Көрінбейтін азғырушы)» деп сипатталуының себебі де осында. Ал Құран кәрімде Алла ібілістен сақтануымыз жайында былай деп ескертеді: «Ол және оның тектестері сендерді, сендер оларды көре алмайтын жерден көреді» («Ағраф» сүресі 27-аят).

Лағнетті Ібіліс Хз. Адам атамыз бен Хз. Хауа анамызды мәңгілік мекені болған жәннатта азғырып, одан қуылуына себепкер болды. Міне адам баласының жәннаттан шығуына себепкер болған, алғашқы қылмыстың туған бауырлар арасында жасалуына себепкер болған лағнеті ібіліс адамдарға өзінің әлсіз тұстары мен қателігін көрсетпеуге, жақсы тұстарын жасыруға, өзгені сынағанда кемсітуге, өзін сынағанда асыра айтуға, сауапты амалда сараңдыққа, күнәлі істерде жомарттыққа дәріптейді.

Осылайша кейбір адамдар Ібілістің арбауына ілініп өзіне ең үлкен зиян келтіретінін түсінбейді. Сонымен қатар, Ібілістің арбауындағы адамдар басқаның қателігін көп көріп, өз қатесін мүлдем көрмейді. Жаратушы Алла әрдайым өзінің нәпсісін жазғырушы жанмен ант етеді (Әл-Қийама сүресі, 2-аят). Алла Елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «кемел адам үнемі өзін-өзі есепке алып, ақырет үшін еңбек ететін адам» деп сипаттайды. (Тирмизи, Әууаби Сифати л-Кияама бабы, 25-хадис)

Ендеше, бізді бір сәтке де болса бос қоймайтын, әр ісімізді жамандыққа жорамалдайтын, бауырлар арасында түсінбеушілікке себеп болатын, достар арасына сенімге селкеу салатын, дініміз бен дәстүрімізді ұмыттыруға асыққан Ібілістің арбауынан сақ болайық.

Өзгенің кемшілігі мен осал тұстарын көрсетумен айналыспай, өзіміздің осал тұстарымызды анықтап, түзеуге мән бергеніміз абзал. Раббымыз баршамызды шайтанның жамандығынан, жынның перісінен, жаман адамдардың тіл-көздерінен сақтасын.