Нәпсіңе немкетті қарама

Қалалық жерде не ауылдық жерде болсын, көпшілігіміз бетпе-бет келген бір жайт бар: ошаққа қайнатқалы қойылған сүтті қадағалап отырғанда, бір сәт болсын назардан тыс қалдырсаң немесе телефонға үңіліп кетсең, сүттің тасып төгілуіне себеп боламыз. Сүттің тасығанын көрген сәтте, өшіріп үлгергенімізбен, төгілген сүттен пешті тазалауға тура келеді. Міне өзіңіздің де байқағаныңыздай, қаншама сақтық пен бақылауда ұстасаң да, бір сәттік немқұрайлылық ысарапшылдық пен әурегершілікке әкеп соғады.

https://kazislam.kz/napsinge-nemketti-qarama/

Адамның нәпсісімен қарым-қатынасы оның қайнатқалы қазанға қойылған сүті іспеттес. Кей мәселелерде нәпсінің де мұқтаждықтарын беру – міндетіміз. Өйткені нәпсіміз біздің ішіміздегі өзімізбен тікелей қатысты болған рухымыздің бір бөлігі.

«Ас – адамның арқауы» демекші, ішу-жеу сияқты табиғи қажеттіліктерді өтеуге тиістіміз. Алайда нәпсіміздің бұндай қажеттіліктерін өтейміз деп, нәпсіқұмарлыққа, ысырапқа немесе сараңдыққа жол бермей ара-жігін тең ұстап отыру – барша мұсылманның басты міндеттерінің бірі. Міне осы себептен де бір сәт болсын немқұрайлылық танытқан жағдайда, нәпсі бірден шектен шығып кетеді.

Яғни, адамның намысына, ары мен ожданына, діні мен діліне жат болған нәрселерге қарауға, тыңдауға болмайтын нәрселерді тыңдауға, қол сұғылмау керек болған нәрселерге қол созуға және керек емес жерлерге баруға нәпсіміз шақырғанда бармауымыз керек. Бұл біздің өмірлік сынағымыз, емтиханнан сүрінбей өтіп бақытқа қол жеткізу – нәпсімізбен болған қарым-қатынасымызға байланысты. Оның табиғи қажеттіліктерін өтейміз, бірақ заңсыз құмарлық пен қыңырлыққа жол бермейміз.

Адамзаттың мәңгілік мекені болған Пейішке бару немесе сол жерге баратын адамдардың қатарында болу – әрбір адамның өз қолында. Яғни әр адам өзінің нәпсісімен қарым-қатынасына тікелей байланысты. Бұл қағиданың қасиетті мәтіндерде табиғаттың талабы екені ашық әрі толық жазылған. Міне пенденің нәпсімен қарым-қатынасының нәтижесінде адамзат мәңгілік болған жәннат немесе тозаққа дайындықты өмірінің соңғы сәтіне дейін жүргізеді.

Бұл жайында қасиетті кітабымыз Құран Кәрімнің «Ән-Назиьат» сүресінің 37-41 аяттарында Жаратушы иеміз барша жаратқан пендесіне былай деп бұйырады: «Кім шектен шықса, (нәпсісінің жетегінде кетсе) әрі бұл өмірді артық көрген болса, онда күмәнсіз баратын жері тозақ. Ал кімде-кім Раббысының алдында тұрудан қорқып, өзін (нәпсісін) құмарлықтан қайтарса, онда күмәнсіз баратын жері пейіш».

Бізді қазақ әрі мұсылман етіп жаратқан Аллаға шүкір етуді және нәпсімізбен қарым-қатынасымызды дұрыс бағытта өрбуін баршамызға нәсіп болғай ылайым. Нәпсімізді тәрбиелеп ділімізді, дінімізді, ұлтымызды, отанымызды және тыныштығымызды бұзатын әркеттерден аулақ болу баршамызға нәсіп қылсын. Осылайша барша мұсылманның бұл дүниелік емтиханнан сүрінбей өтіп, жәннатқа баратын пенделерінен болуды жазсын.

Сөзімізді Исламтанушы, қоғам қайраткері Алдажар Бәкенұлының Момақан Әлиұлына жазған мына сөздерімен аяқтауды жөн көрдік.

Ғибадатқа тоймау керек, Бұл нәфісіңді зорлау керек.

Диль ба ёр, даст ба кор – дегендей.

Түнде қайым, күндіз сайым, Қорқып Хақтан боздау керек,

Сонда құлсың, ей мүрид,

Бұл жұмысты орындау керек. (Әулиелер ордасы, 102 бет)

 

Исатай БЕРДАЛИЕВ,

Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының теолог маманы,

PhD доктор