ОРАЗА ЖӘНЕ ОҚУШЫ

НЕМЕСЕ ДІН БІЛІМ-ҒЫЛЫМ ­ДАМУЫНА КЕДЕРГІ МЕ, КӨМЕК ПЕ?

 

Жуырда танымал сайттардың бірінде «Ораза ұстап жүрген мектеп оқушыларының көбеюі – ел үшін үлкен трагедия!» деген Жанұзақ Әкімнің пікірі жарияланды. Оны біраз адам Facebook парақшасында бөліскен соң әлеуметтік желідегі дау-дамайға, пікірлер қақтығысына себепші болды.

Елдің өркендемеуіне дін себепші ме?

«Мектеп жасындағы бала­лардың, өсіп келе жатқан жастардың ораза ұстап, оны бір дәреже көруі – заманауи өмірге қайшы» деді қоғам қайраткері Жанұзақ Әкім. Оның айтуынша, Рамазан айында жаппай ауыз бекіту орта ғасырлардағы пайғамбарлар дәуірін, яғни діндердің енді-енді пайда болған үңгірлік кезеңін еске түсіреді. Осының салдарынан дәл қазіргі біздің қоғам соңғы 15-20 жылға кері кетті.

«Жас балалар қазір діннен не түсінеді? Олар ешнәрсе түсінбейді, оларға ораза ұстау бір дәреже сияқты болып көрінеді. Ал шындығына келсек, мына соңғы жарты ғасырдан астам уақытта батыс елдері, яғни дамыған елдер қоғам алға дамуы үшін дін мен әдебиеттің түкке қажеті жоқ екенін түсінді. Қоғамды дамытатын – ғылым, білім, инновация. Осы үш нәрсе. Дамыған елдер мен дамушы елдердің айырмашылығы тек осыған байланысты. Исламды ұстанған 57 ел бар. Онда 2,5 млрд-қа жақын халық тұрады. Бірақ атақты философ Хуанның айтуынша, «Осы ислам елдерінің ешқайсысы демократиялық елдердің қатарына кірмеген және ешқайсысы дамыған 20 мемлекеттің қатарына енбейді» дейді Жанұзақ Әкім.

Оның сараптауынша, ислам елдерінде білім мен ғылымға мемлекеттен бөлінетін қаржы батыс елдеріне қарағанда 20 есеге аз.

«Соның салдарынан ислам елдері білім, ғылым, технологияға қол жеткізе алмай отыр. Мысалы, ең дамыған осы елдердің ішінде мұнай сатып күн көріп отырған Сауд Арабиясы мен Әмірліктер болса, солардағы халықтың, яғни жергілікті арабтардың жартысынан астамы сауатсыз, әлі күнге дейін әріп танымайды. Діннің не істейтінін көрдіңіз бе? Ислам елдерінің, Түркиядан басқасы, барлығы III ғасыр бойы отар ел болды. Олар неге құл болды? Себебі оларда отарлаушылармен күресетін білімі де, ғылымы да болған жоқ. Сол ғылым арқылы шығарған қаруы жоқ ел халқын да қорғай алмайды, мемлекеттік жүйелер де ислам елдерінде қалыптаспайды» дейді қоғам қайраткері.

Жанұзақ Әкімнің айтуынша, бұл жерде басты мәселе қоғамды дінге қарсы қоюда емес. Бұл – үлкен статистика. 2,5 млрд халықтың, 57 елдің статистикасы дейді.

«Әрине, статистиканы алдай алмайсың. Соңғы мың жылда ислам халифатынан кейінгі кезеңде ислам елдері даму бойынша артта қалып қойды. Ал біздің қоғам жайлап-жайлап «талибандардың қоғамына» қарай кетіп бара жатыр. Мынау салафизм, ваххабизм деген, т. б. көптеген экстремистік діни ағымдарды қабылдаған жастарға білімнің түкке де керегі жоқ, ғылым керек емес. Сол бес уақыт намазын оқып, оразасын ұстаса, соған мәз болып жүреді. Ондай балалардан не шығады? Мектеп, университет бітірген соң олардан базардағы арба сүйреушілер ғана шығады. Олар, керісінше, жас кезінде дүние жүзін аралап, ғылым, білім, оқу іздейтін кезде біреудің жаназасын шығару, тағы бірдеңе сияқты ешқандай мақсат-мұратсыз жүрген жастарға айналады, елдің ертеңі сондай мемлекетте болашақ жоқ…» деп күйінеді Жанұзақ Әкім.

«Дін жұмыр басты пенденің жан дүниесіне рухани тұрғыдан тірек болады. Бірақ сенім бар да, адасу деген бар. Оны құзырлы мекемелер қалайда реттеп, алдын ала жастар арасында дұрыс насихат жүргізілуі тиіс. Ал имандылыққа бет бұрған жастардың әрекеті – ­құба-құп қабылданатын қадам. Дін жолына түсу үшін де білім керек. Әйтпесе құл боласың. Құдай «құл бол» деп жаратқан жоқ. Білімсіз жасалған дүние қоғамға қауіпті»

Әрине, отандық білімнің са­пасы жоғары болса, өндіріске ғылымның озық нәтижелері енгізілер еді, дипломмен жұмыс таба алмай жүрген қабілетсіз мамандар азаяр еді. Білім жүйесінде жүйенің жоғы себепті оның ащы жемісін жеу­ге мәжбүрміз. Бұл тұрғыдан келгенде айтатын, көтеретін өткір мәселе көп-ақ.

Не істеу керек? Ең әуелі қо­­ғамдық көзқарасты өзгерту керек. Білім берудің басты міндеті – оқудан кейін табыс табатын, өзін және отбасын асырайтын, жаңа жұмыс орындарын ашатын, салық төлейтін, өзін-өзі қамтамасыз ететін азаматтарды даярлау. Өкінішке қарай, соңғы жылдары біз кері процесті көріп отырмыз: тұрақты жұмыс таба алмай, күнкөрісі нашар, әлеуметтік ауыртпалықтан арылмаған, мемлекеттен үнемі көмек сұрайтын, білімі төмен, кедей адамдардың саны артып келеді.

Тағы да айтарымыз – білімге тек әлеуметтік сала, әлеуметтік функция ретінде қарауды тоқтатып, оны стратегиялық бағыт ретінде, болашақтың бағдары етуіміз керек. Сонда ғана болашағына сенімді, ел экономикасын өрге сүйрей алатын білікті, бәсекеге қабілетті мамандар, ұлтына жаны ашитын нағыз азаматтарды тәрбиелей алатынымыз хақ. 

Дін өкілдері не дейді?

Әрине, Жанұзақ Әкімнің кейбір пікіріне қосылуға болар, әріптестеріміз баспасөз бетінде дабыл қағып, жазғанындай, егер мемлекет білім беру жүйесін дағдарыстан шұғыл түрде шығара алмаса, онда Ирак, Ливия, Ауғанстан, Мысыр сияқты елдердің жолын қайталау қаупі бар. Бірақ имандылыққа, адамгершілікке, ізгі іске үндейтін мұсылманның бес парызын өтеу жолында жастардың ізгі амалдары, игі қадамдары қуана қабылданатын үрдіс екенін ұмытпауымыз қажет.

– Мынадай пікірлерді діни сауаты бар адам айтқаны дұрыс. Бұл кісі ілімсіз үлкен қателіктерге барып жатыр. Орта Азия да Түркияның жетістіктерін неге толық мойындамайды, басқа ортаазиялықтар неге батыстың деңгейіне жете алмайды? Демек, дін ғылымның дамуына еш кедергі емес. Әркім өз өмірін дінсіз елестетіп көрсінші, небір арсыздық, зұлымдық, алдау, біреудің ақысын жеу, өтірік есеп беру, тағысын тағылар толып жатыр… Дінсіз жеткен жетістігіміз осы ма?! Егер батыс сияқты адалдық болғанда, біз де сол жетістікке жетер едік. Бізді құртып жүрген – көзбояу­шылық. Университеттерде студенттердің біліміне сай баға беріліп жатыр ма, тағысын тағы солай әркім өз міндетін дұрыс атқарса, әлдеқайда шарықтап кетер ме едік?! Отырып алып артта қалғанымызды өзімізден емес, діннен іздегеніміз – нағыз сауатсыздық, – деді қала мешітінде жұмыс істейтін, бірақ аты-жөнін көрсетуді қаламаған наиб имам, дінтану бойынша білім магистрі.

Желідегі пікірлер де қақ жарылды, біреулер қоғам белсендісін жақтаса, қасиетті Рамазан айында ауыз бекітіп, ниет еткендер жастардың, балалардың басқа тәрбиені емес, көше тәрбиесін емес, ізгілік нұрландырған жолмен жүруін құптайтынын білдірді.

«Білім жүйесін айтса айтсын, ғылым мен білімге қатысты қадау-­қадау мәселелер бар, бірақ оны ислам дініне байлау­дың не қажеті бар?! Ал салафизмге қатысты айтылғандарға толық қосыламын, егер оны ескермесек, екінші Ауғанстан болу қаупі туындайды» дейді бір оқырман желіде.

Қоғамға қауіп қайдан?

«Қазіргі таңда діни экстремизм десе қоғам салафизм ұғымын еске алатын жағдайға жетті. Одан басқа елімізде қауіпті болған немесе болашақта қауіп тудыруы мүмкін болған діни топтар, ағымдар, өкінішке қарай, бар. Қазіргі мен көріп отырған тенденция бұрынғыдай емес. Бұрын деструктивті діни топтар атойлап, менмұндалап өз атын танытып жүретін еді. Ал қазіргі жағдайда идеясы сыртқы елдерден келген кейбір діни жамағаттар «сауатты» жұмыс істей бастады. Мейлінше өздерін жасырын ұстап, миссиясын орындап жүр» дейді танымал теолог Жандәулет Сүлейменов.

Бұл дегеніңіз, шындығында, тіпті керек болса, мемлекеттік біртұтастылық пен ішкі тыныштыққа қауіпті. Мұндай фактілер әлемдік тәжірибелерде де көптеп орын алып отырғанын көріп отырмыз. Сондықтан еліміздегі сырттан басқарылатын жамағаттарды нақты саралап және оларға стратегиялық тұрғыда тойтарыс беру қажет. Өйткені сыртқы идеологиямен құрылған діни топ­қа ергендерде мемлекеттің қауіпсіздігі мен біртұтастығынан бұрын ұйым миссиясының қағидалары әрқашан жоғары тұрады. Қысқасы, «әмірші» не айтса, соны орындайтын деңгейге жетеді. 

Діни сауатымыз, дін мамандары қандай?

Бұл тұрғыдан алғанда, діни сауатымызды ашу үшін теолог маманға, дінтану маманына сұраныс жоғары. Олар қоғамдағы діни сауаттылықты көздейді, адамдардың діни ағымдардың жетегінде кетпей, дін туралы дұрыс ақпарат алуына жәрдемдеседі, яғни қоғамға өте керек мамандар. Ал қазір дінтану мамандығында оқып жатқан студенттерге қарасақ, көпшілігі тек грант үшін, әйтеуір жоғары оқу орнын бітіру, диплом алу үшін ғана келгендер екенін жасыруға болмайды. Сұрап көріңізші, көбі – бір кітапты басынан аяғына дейін оқымағандар, Абай мен Шәкәрімнің кім екенін білмейтіндер. Өте өкінішті. Дінтану мамандығы – біздің қоғамға өте керек, өте зәру ма­мандық, ал оларды даярлауда қалай болса солай дипломмен студент шығару ұлт болашағына көптеген қауіп әкелері сөзсіз. Университет қабырғасында лайықты бағыт-бағдар, дұрыс білім ала алмағандар ертең барып мектептерде, жоғары оқу орындарында сабақ береді немесе әкімдіктерде, мемлекеттік құзыретті орындарда жұмыс істейді. Ал сауатты, білімді маманның айтары көп, қаншама адамға дұрыс бағыт-бағдар бере алар еді, қоғамға пайдасы тиер еді, имандылықтың арғы жағында білімге, ғылымға ұмтылу, тереңдік, сараптай білу сияқты жақсы қасиеттер болуы тиіс, сонда ғана оқу орны да, оларды оқытқан ұстаздары да лайықты маман даярлағаны үшін халық алдында жүзі жарқын болар еді деп ойлаймыз. 

Бабалар сөзіне құлақ түреміз бе?

Қазақ әдебиетінің ұлы тұл­ғалары: Яссауи, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылық мұрасын жеке-­жеке тақырып бойынша сараласақ, үлгі мен өсиетке, тәрбие мен тағылымға құралған туындыларын бөліп қарастыра аламыз. Бұлар – ХХІ ғасырда да өзегін жоғалтпаған құнды мұралар. Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп есімдерінің бірге аталуының сыры тереңде. Себебі қазақтың үш алып тұлғасы да ұлттық ойлау жүйемізді сақтап, дініміз бен дәстүріміздің берік сабақтас­тығын бұзбай, бүгінгі ұрпаққа табыстаған ұлылар. Алаштың үш ғұламасының еңбектері ғылыми зерттеулермен ­пара-пар. Себебі бұл еңбектерде дінтану, жантану, тәнтану, педагогика, психология, тарих, этнография сияқты көптеген сала қамтылып, түрлі сауалға нақты жауап берілген. Осы тұлғаларды білмей, олардың көптомдығын оқымай, дінтану маманының толыққанды кадр екеніне сену қиын. Сондықтан адам өміріне жауапты дәрігер сияқты дінтану мамандығына да сондай көзқараспен қарау қажет, себебі сауатты маман қаншама адасқан адамға жол көрсетіп, имандылық пен діннің, дәстүрдің жолы қандай, рухани ұстаздың маңызы неде деген сауалға толыққанды жа­уап бере алатындай дайын кадр болуы қажет деп есептейміз.

Дін – діңгек. Дінаралық татулық бар жерде елдің бірлігі де мығым болады. Бәрін мемлекет реттеп отырады. Оған талас жоқ. Дін жұмыр басты пенденің жан дүние­сіне рухани тұрғыдан тірек болады. Бірақ сенім бар да, адасу деген бар. Оны құзырлы мекемелер қалайда реттеп, алдын ала жастар арасында дұрыс насихат жүргізілуі тиіс. Ал имандылыққа бет бұрған жастардың әрекеті – құба-құп қабылданатын қадам. Дін жолына түсу үшін де білім керек. Әйтпесе құл боласың. Құдай «құл бол» деп жаратқан жоқ. Білімсіз жасалған дүние қоғамға қауіпті. Қоғамда енжарлық, тоғышарлық, масылдық, келеңсіз көріністер жиі белең алған шақта, еңбек етуге ынта мен жігер азайған тұста еңбек адамына құрмет, білімге ұмтылу ерекше болуы тиіс. Жастарға тәрбие берудің басты құралы ретінде осы идеяларды ілгерілету қажет. Білімді ұлт. Терең білім. Еңбекқорлық және отаншылдық қасиет қана келешегімізді кемел, болашағымызды бағдарлы етпек.

Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің мемлекетте бөлініс жоқ. Дініне, жынысына, көз­қарасына қарап ешкімді қудаламайды, қысымға алмайды. Зайырлы, әлеуметтік, құқықтық мемлекет құру – басты парызымыз. Сондықтан бізде сөз, діни наным-сенім бостандығы бар. Өйткені Ата Заңымыздың өзінде «Қазақстанның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп атап көрсетілген. Демек, Конституция кепілдік беріп отырғаннан кейін еркіндік бар деген сөз. Бірақ еркіндік бар деп жұртты адастыратын жаңсақ пікірлер айтудан алшақ болсақ дейміз.